Әкiм Танагөзов не тантып жүр?

   Ел тізгінін ұстаған, қалың көпке көш­басшылықты жасай білген ел перзенттерінен ежелгі Шаян еш уақытта кенде болған емес. Кешегі күндерді қопармағанның өзінде бұл ауданнан 6 министр, 7 облыс басшысы, қаншама генералдар шығыпты. Табиғаты қатал, сын сағатта ойламаған жерден сарт ете қалатын тіршілікке бейімделіп қалыптасу және  ұлы бабаларымыздың аманатын өміршең етуге адалдық танытып келе жатқандар бұл-шаяндықтар. Болмысы бауырмал да, жаны жайсаң, пейілі кең, кісіліктің келбетін кішірейтпей келе жатқан ата-ананың тәрбиесіне ешкімнің де дауы болмаса керек. Сондықтан шығар, бір кездері Бәйдібек ауданынан тек әкімдер туады деген сөздің желдей ескені. Бұл ауданнан шыққан Ұ.Сәдібеков, Ж.Байғонов пен С.Кенжебаевтар өздерінің туған жерлерінде ғана емес, өзге аудандарда әкім болып жүргендерінде іскерлігімен танылып, қаншама қалың елдің ризашылығына бөленді. Ауданда басиесінің барып сезініп, мемлекетіміздің шексіз қамқорлығымен жасалған игі істерді көру ауданды Б.Көшербай басқарғаннан  кейін тоқталғандығына сенер-сенбесіңді білмейсің.

   «Отызда орда бұзбақ түгілі, қырқында қырға қараса басы айналатын» кейіпте мемлекеттік қызметте, оның үстіне оның басшылық жағына ілбиіп ілесумен күн өткізіп келе жатқан Бақытбек Танагөзов ауданға әкім болып келген соң, не дауа, не шара? Өндіріс саласын дамытудың мүмкіндігі шектеулі, ауыл­шаруашылығы өнімі де оңайлықпен қолға түсе қоймайды. Ауданға еті тірі, өзі пысық, қарапайым халқына шынайы жанашырлығы айқын сезілгенде, өзін де, өзгені де «ұйқыдан оятып» жіберетін әкім керек болса, Б.Танагөзовтың қазіргі «моя хата с края» жүрісіне ренішін білдірушілер жеткілікті сияқты. Былжырап  быламыққа бозаны қосып жіберетіндей «шалажансар» тірліктерді тізе берсек, «итің ұры десе намыстанатын» шаяндықтардың көңіліне тиетін түрі бар. Бірақ, амал қанша сұрықсыз тірліктің сұңқиған сиқы қайда болса да, көрінбей тұрмайды ғой. Аудан орталығы Шаянның кешегісі мен бүгінгісін оның халқы біліп отыр. Ауданның даму жоспарын қатыратын болдық деп, облыс жақты сансыз цифрлардың көлеңкесімен бір жарылқап тастады. Санасында саңылаулы барға да аян, Танагөзовтен басқа бір «дені сау» адам болғанда, Ж.Түймебаев облыстың тізгінін ұстап тұрғанда, ең құрығанда бір іс-қимылдың қозғалысын сезіндірер еді ғой. Жатқан философ Б.Танагөзов қазір ауданда бір жылт еткен шараны, жұрттың басы қосылған жерді көрсе, ауданның 90 жылдығын тура бір балалардың жарапа­занындай қосатын болыпты. Дәл осындай жерлерде Елбасының «Рухани жаңғыру:болашаққа бағдар» мақаласын жарапазанның «батасындай» төгілтуді әдетке айналдырыпты. Дәлел іздемей-ақ қойыңыз, келеңсіздік қалың көптің алдында жасалынады.

   Жуырда ауданның Боралдай ауылында қазақтың дарабоз айтыскер ақыны Орынбай Таймановтың 150 жылдық мерейтойы өтті. Осы мерейтой салтанатын ашқан Б.Танагөзов сөзінің «бисмилласын» «Қос мерекелеріңізбен құттықтаймын» деп бастаса, мұнысы «пысық әкімнің» бір оқпен екі қоянды атып алуы екендігі деп қалмаңыз. Б.Танагөзов ауданды 90-шы торқалы тойына бастап баруға жүрегі дауаламай ма, әйтеуір «ауданның 90 жылдығы» дегеннен тезірек құтылғысы келетін сияқты. Осы мерейтойда төрдегі тақтаға «Бәйдібек ауданына 90 жыл, ақын Орынбай Таймановтың 150 жылдық мерейтойы» деп жазылыпты. Қос мерекенің құлағын шулатып құттықтаған Танагөзовтың сөзі О.Тайманов шығармашылығына арналып, 90 жылдық жайына қалды. Сонда бұлар елді «ақымақ» көріп отыр ма, әлде шаласауатты деңгейлерінің жеткен жері осы болғаны ма?

   Әкімдерінің басы ауырып жұмыс істемейтіндігіне көздері жеткен шаяндықтар қанша жерден қажырлы-қайсар, намысқа шабар болғанымен де, жоғарыдағы перзентімізге сөз келтірмес үшін «не шықса да, бізден шықпасыншыны» тақымға қысып отырғанда Танагөзовтың тантып жүргені не?

   Редакцияның электронды поштасына түскен хатта қарымды қаламгер, Бәйдібектен тарайтын С.Байбосынов аудан әкімі Б.Танагөзовтың қарадүрсін дарақы тірлігіне қатысты: «Бұл Астанадағыларды алдау емес пе? Алдау ештеңе емес, Ақордадағыларды ақымақ  санау секілді»,- деп жазыпты. Жақында әнші, термеші Заттыбек Көпбосынұлы өзінің туған жері Бәйдібек ауданындағы Кеңес ауылында көкпар берді. Бір қызығы, дүбірлеп өткен іс-шараның жарнамасы ә дегеннен «Рухани жаңғыру» аясында өткізіліп жатқаны, «Бәйдібек ауданының 90 жылдығына» орай ұйымдастырылғаны жөнінде айтылды. Заттыбектің өзі өзінің елдің батасын алуға ниеттенгенін парақшасында жазғаны туралы өзге де ақпарат құралдарында жазылды. Сонда жоғарыдағы көкпар ненің құрметіне берілді? «Рухани жаңғыру» аясында ма, әлде Бәйдібек ауданының 90 жылдығына орай ма, болмаса Заттыбектің өзі елден бата алуға ма? Бұған қарасаңыз, іс-шараның ұйымдастырылу мақсатының өзі «каша-маша» болып кеткен секілді ғой. Оның үстіне, кейбір ақпарат құралдарында Бәйдібектің әкімі Б.Танагөзовтің іс-шарада сөйлеген сөзінде «Рухани жаңғыру» мен ауданның 90 жылдығына орай өткізіліп жатқан көкпарға Заттыбектің демеушілік жасағанына алғысын білдірген. Әкімнің бұлай сөйлеуі Алладан медет сұрап, «адал ниетіне ел-жұртынан бата сұраған төл перзенттерін «бір теуіп тастап», жиынды өткізіп жатқан біз. Заттыбек тек демеуші ғана деген сияқты. Бұл жерде әншінің Құдайдан сұрап жүрген тілегі де, ниеті де ысырылған сияқты.

Әділ МҰРАТБЕКОВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.