Омар ЖӘЛЕЛҰЛЫ. Қазақ әйелі: кеше, бүгін және ертең

Әйелдің қоғамдағы алатын орны, әйел мен еркек қарым-қатынасы қай кезде де өзекті болған. Қазіргі кезде елімізде ерлі-зайыптылардың ажырасуының жиі кездесіп жатуы уақыт сынынан өткен дәстүрлі тәрбиенің әлсіреуінен, өз табиғатын танымаудан, соның салдарынан өз міндетін толық орындамай, қаншама отбасының шаңырағы шайқалуда. Әр мәселені көтергеннен кейін енді не істемек керек деген заңды сұрақ туады. Осы орайда «Харекет» кітабының авторы, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы Темірбеков Омар Жәлелұлының 2009 жылы жарық көрген «Қазақ әйелі: кеше, бүгін және ертең» атты зерттеу мақаласын ұсынып отырмыз.

   Қазақ әйелi туралы сөз қозғау әрi оңай, әрi қиын. Оңай болатын себебi — әйел бiздiң анамыз, әйел бiздiң әпке-қарындасымыз. Ақын ағамыз айтқандай, бiр әйелдiң құшағында туамыз, бiр әйелдiң құшағында өлемiз. Жастайымыздан көрiп өстiк, түйсiнiп, көңiлге түйiп өстiк. Тоғыз ай, он күн толғатып, «тар құрсағын кеңiтiп, тас емшегiн жiбiтiп» әйел бiзге өмiр сыйлады. Сондықтан оңай, көңiлiмiзде бәрi сайрап тұр. Қиын болатын себебi — әйел табиғаты тылсым, сырын iшiне бүккен қара жердей. Тек бабаларымыздың бiзге тастап кеткен асыл мұрасына сүйенiп және Ф. Ницшенiң «Әйел туралы тек еркектермен ғана сөйлескен жөн» деп сенiм арта сөйлеген сөзiн көңiлге медеу тұтып осы iске тәуекел етiп отырмыз.

   Қазақ әйелi туралы сөз қозғау әрi оңай, әрi қиын. Оңай болатын себебi — әйел бiздiң анамыз, әйел бiздiң әпке-қарындасымыз. Ақын ағамыз айтқандай, бiр әйелдiң құшағында туамыз, бiр әйелдiң құшағында өлемiз. Жастайымыздан көрiп өстiк, түйсiнiп, көңiлге түйiп өстiк. Тоғыз ай, он күн толғатып, «тар құрсағын кеңiтiп, тас емшегiн жiбiтiп» әйел бiзге өмiр сыйлады. Сондықтан оңай, көңiлiмiзде бәрi сайрап тұр. Қиын болатын себебi — әйел табиғаты тылсым, сырын iшiне бүккен қара жердей. Тек бабаларымыздың бiзге тастап кеткен асыл мұрасына сүйенiп және Ф. Ницшенiң «Әйел туралы тек еркектермен ғана сөйлескен жөн» деп сенiм арта сөйлеген сөзiн көңiлге медеу тұтып осы iске тәуекел етiп отырмыз.
Шынымен де, әйел кiм? Оның iшiнде қазақ әйелi кiм? Өзiнiң ешкiмге ұқсамайтындығымен, не батысқа, не шығысқа жатпайтындығымен былайғы жұртқа түсiнiксiздеу болып көрiнетiн қазақ әйелiнiң феноменi неде? Қасиеттi Құран Кәрiмде: «Еркектер әйелдердi билеушi. Өйткенi Алла, бiрiн-бiрiнен артық қылды. Сондай-ақ олар малдарынан да пайдаландырады. (Әйелдерге мәһер, нафақа бередi.) Ал ендi жақсы әйелдер — бой ұсынушылар, Алла қоруға бұйырған көмескi нәрселердi (абыройын) қорғаушылар. Ал сондай-ақ әйелдердiң бас тартуынан сезiктенсендер, сонда оларды насихаттаңдар және оларды төсектерiнде тастап қойыңдар. (Одан болмаса) оларды сабаңдар. Ал егер олар сендерге бой ұсынса, олардың зиянына бiр жол iздемеңдер. Расында Алла өте жоғары, тым iрi» (Ниса сүресi, 34 аят). Бiр ғана қауымға немесе бiр ғана ұлтқа арнап түсiрiлмеген, бүкiл адамзатқа жол нұсқаушы Алла-Тағаланың сөзi Құран шәриф осылай дейдi. Әйелдi түсiну еркектер арқылы ғана болатынына меңзейдi. Құдай-Тағала барлық нәрсенi жұп қылып жаратқан, әйел мен еркек те сол қатарда, сол бұлжымас заңдылыққа бағынады. Еркектердiң қасиеттi парызы — әйелдердi билеу. Әйелдердiң қасиеттi парызы — еркектерге бой ұсыну, бағыну. Қарапайым ғана қағида, бiрақ өмiрде орындалуы өте қиын. Қазақ мәдениетiнде бұл мәселе әлдеқашан оңтайынан шешiлiп те қойылған едi. Бiрақ қазақ қоғамының басына төнген алмағайып замандар ұлттың тұнығын шайқап, дүниетанымын астан-кестен қылды. Ерiне бағынбайтын әйел, кесепатты қыз, кесiрлi келiн пайда болды. Қазiргi қазақ әйелi әңгiменi: «Неге мен ерiме бағынуым керек?!» деп бастайды. Құран айтады: «Өйткенi Алла, бiрiн-бiрiнен артық қылды» (Ниса сүресi, 34 аят). «Алланың өзi де рас, сөзi де рас» деп Абай иман келтiрген Құрандағы ақиқатты бүгiнгi қазақ әйелi мойындамайды. Кешегi қазақ әйелi осы даусыз ақиқатты мойындаған, мойындай отырып әлем жұртшылығы таң қалатын ғажайып мәдениет қалыптастырған. Иә, әйелден еркек артық жаратылған! Осыны өтiмiз жарылып кетсе де айтайық. Бұл — Алла Тағаланың хикметi: мұнда үлкен сыр бар. Бабаларымыз бұл даусыз ақиқатты «Алтын басты әйелден, бақыр басты еркек артық» деп түйiндеген. Қоғамда әйелдiң немесе еркектiң үстемдiгiне байланысты мәдениет те «еркек», «әйел» деп бөлiнедi. Орыстың көрнектi философы Николай Бердяев орыс мәдениетiн «әйел мәдениеттiң» қатарына жатқызады. Ол өзiнiң «Ресейдiң тағдыры» атты кiтабында: Ресей үнемi қалыңдықтың күйiн кешiп, сырттан келетiн күйеудi күтумен болады деген ой айтады. Шынында да Ресей — әйел мәдениеттiң қатарына жатады: «Матушка Россия». Орыс әйелi күйеуiне билiгiн жүргiзедi, күйеу баласы енесiнiң қолында тұрады және оған еш арланбайды. Бiрақ енесiн өлердей жек көредi. Ал қазақ мәдениетi еркек мәдениеттiң қатарына жатушы едi: «Ата-жұрт», «Атамекен». Қазақ баласы енесiмен бiрге тұрмақ түгiлi, қайын жұртында қалып қоюды намыс санап, «күшiк күйеу» атанудан өлердей қорқатын. «Сынықтан өзгенiң бәрi жұғады» дегендей, орыс боданына айналған қазақ мәдениетi өзiнiң еркектiк сипатын жоғалтып, әйелдене бастағаны еш жасырын емес. Көреген бабаларымыз:

Қилы-қилы заман болар,

Қарағай басын шортан шалар.

Сиыр пұл болар,

қатын би болар, — деп едi.

   Айтқандары айдай келдi. Құран Кәрiмде айтылған еркектiң әйелден артықтығының сыры неде? Мұның сыры еркектiң мал тапқыштығында, мал табуға жаралғанында. Құранда Алла-Тағала ескертiп отыр: «Сондай-ақ олар малдарынан да пайдаландырады» (Ниса сүресi, 34 аят). Алмақтың да салмағы бар: жаратылыста еркектi әйелден үстем ету арқылы Құдай Тағала алдына айқын мақсат қойған: ол — еркектi мал табуға үндеу, мал тапқыза отырып малынан әйелге пайдаландыру. Және бұны оның мойнына қасиеттi парыз қылып жүктеген. Алла Тағала жаратушы иемiз шексiз әдiлеттi. Жұп қылып жаратқан пенделерiне тiршiлiктiң тауқыметiн тең бөлген. Қазiр бiз айтып жүрген еңбек бөлiсi әлмисақта адам баласы жаралғаннан берi iске асқан. Жаратушының бұл әдiлеттi үдерiсiнiң iске асуын дана қазақ былай деп тайға таңба басқандай бейнелеген:
Мал таппайтын еркек болмайды,
құрарын айт.
Бала таппайтын әйел болмайды,
тұрарын айт.

   Мiне, қысқа да нұсқа Алла Тағаланың хикметi. Еркектiң мiндетi — мал табу, әйелдiң мiндетi — бала табу. Осыны түсiнбесек, түсiнуге өремiз жетпесе кiмнен көремiз, кiмге өкпелеймiз…
Тiршiлiк бастауы — әйел. Ғабит Мүсiрепов өзiнiң қойын дәптерiнде мынадай оймақтай ойды түртiп қойыпты: «Ең жаман деген әйелдiң қолынан адам жасау келедi» деп. Бiле бiлген адамға Алла-Тағала еркектi артық қылу арқылы осы тiршiлiктiң бастау көзi болып табылатын әйелдi қорғап отыр. «Әйел адам босанарда бiр аяғы төрде, бiр аяғы көрде» деген сөз бар. Толғақтың ащы азабын тартып, дүниеге адам баласын әкелем деп өмiр мен өлiмнiң арасында жанталасқан әйел «шыр» етiп жарық дүниеге қызылшақа нәресте келгенде бар күшiн сарп қылып талықсып кетедi. Мiне осы кезде тiршiлiкке мүлдем жарамсыз болып қалған әйел заты аялы алақанға, арқа сүйер мықты еркекке зәру. Жәй ғана аты бар да заты жоқ еркекке емес, малтабар еркекке зәру. Ал мал табу — оңай шаруа болмаса керек. Ол оңай шаруа болса жұрттың бәрi байып кетер едi ғой. Абай атамыз:
«…Тәуекелсiз, талапсыз мал табылмас,
Еңбек қылмас ерiншек адам болмас.
Есек көтiн жусаң да, мал тауып кел,
Қолға жұқпас, еш адам кемiте алмас…» — дейдi.

   Мал табу — тәуекелдi, отаның — отбасың үшiн отқа түсудi, ерекше қажыр-қайрат пен батылдықты қажет етедi. Егер еркектiң бойынан бұл қасиеттер табылмаса, ол шептi бұзып жау қайтарып, жанын бұлап мал таба ала ма? Таба алмаса керек. Еркектi артық қылып жараттық деген Құран хикметiнiң сыры да осында.
Кешегi қазақ әйелi, дәстүрлi мәдениеттiң бесiгiнде тербелiп, қайнарынан қанып iшкен қазақ әйелi мұның бәрiн бiлген. Бiлген де қоғамдағы өз орнын жазбай танып, әйелдiктен даналыққа, отбасы, ошақ қасы тiрлiгiнен рулы елдiң қамын жейтiн Ел анасы деңгейiне көтерiле бiлген. Кешегi өткен Домалақ, Қарқабат, Абақ, Шашты, Ұлпан және бiз бiлмейтiн тағы қаншама аналарымыз соның айқын дәлелi.
Совет өкiметi әртүрлi желеулермен, жасанды, желөкпе ұрандармен әйел теңдiгiн ту етiп көтерiп әйелдердi отбасы өмiрiнен алыстатты. Оларды қоғамдық iстерге аяусыз жектi. Әйел екi жақты қысымға түстi: оларды табиғи аналық мiндетiнен ешкiм де босатқан жоқ, әрi қоғамдық жұмысқа араласуға тиiс болды. Совет өкiметi кезiнде әйелдiң мойнына асқар таудай ауыр жүк артылды: ол әрi бала табуға, әрi мал табуға мәжбүр болды. Сөйтiп әйелге қиянат жасалып, Жартушы белгiлеп берген әдiлеттiлiк принципi өрескел бұзылды. Совет идеологтары бiрақ бұны өз тiлдерiнде «әйел теңдiгi» деп атады.
Қоғамдық жұмысқа араласу, мал табудың жолына түсу, еркекпен тайталасып, алысқанмен алысып, жұлысқанмен жұлысу — нәзiк те сұлу әйел табиғатына өлшеусiз нұқсан келтiрдi. Әйел әйелдiк табиғатын жоғалтып, еркектене бастады. Өзiне жасалып жатқан қиянатты терең түйсiнген орыс әйелдерi сол заманда мынадай частушка шығарды:
Я и лошадь, я и бык,
Я и баба, и мужик.
Ащы айтылған, бiрақ шындық. Осы үдерiс әлi күнге дейiн жалғасып келедi. Қазақ әйелi әлi отбасына оралған жоқ: жанталасып мансап қуып жүр, қара сан болып мал тауып жүр. Ең үлкен мансап — ана болу, ұрпақ көбейту екенi олардың қаперiне де кiрiп шықпайды. Ал қазақ қауымы балшықтан бала жасай алмай, ұлан-ғайыр даланы адам санымен қалай толтырарын бiлмей басы қатуда. Ұзын сөздiң қысқасы, әйелдiң ең жақсысы — ерiне бойсынғаны. Алла-Тағала Құран Кәрiмде осылай бұйырады. Осылай әйелдiң табиғи мiндетi мен парызын айқындап бередi.
Осы ой сiлемi көне түркiлiк дүниетанымда да тайға таңба басқандай айқын бейнеленген. Ислам дiнi бабалар ұстанымы мен дүниетанымын тек Кiтап жүзiнде бекiтiп бердi. Көне түркiлiк дүниетанымда барлығы көктегi Тәңiрi мен төмендегi қара жердiң арасында дүниеге келедi. Күлтегiннiң үлкен жазуында:
«Биiкте көк тәңiрi,
Төменде қара жер жаралғанда,
Екеуiнiң арасында адам баласы жаралған» -дейдi.
Бабалар дүниетанымында Аспан мен Жер — ерлi-зайыпты жұп болып көрiнiс бередi. Осы ерлi-зайыптылардың «жыныстық қатынасынан» адам баласы, бүкiл дүн-дүние тiршiлiк иесi болып жаратылады. Және бiр қызығы, Көк пен Жер бiр-бiрiне бағына отырып, бiр-бiрiнен нәр бере отырып, бiр-бiрiнен энергия ала отырып керемет үйлесiмдiлiкке жетедi; гармонияны құрайды. Қазақтың ғұламасы Мәшһүр Жүсiп өзiнiң Наурыз атты еңбегiнде: «Бiр құдайдан басқаның бәрi бiрiнен-бiрi туып, өсiп-өнбек. Туып, өсiп-өнетұғынның бәрi де қартаймақ, өлмек. Көк — байы да, жер — қатыны. Солай болғаны үшiн: «Көктен жаудырсын, жерден өндiрсiн» дейдi. Аспанда бұлтқа бұлт шағылысады, сөйтiп жаңбыр жауады. Жаңбыр көп жаумайтын жылы бұлт қысырап қалды деп күнi бұрын айтып отырушылар болады. Жаралған жанды-жансыз бәрi де жұп жаралған. Жұп мәнiсi ерлi-байлы деген сөз» деп, ойымызды бекiтiп бередi.
Қазақ мәдениетiнде қашаннан еркек — басшы, әйел — қосшы; еркек — бас, әйел — мойын деп те тұспалдайды. Олай болатын себебi — еркек құдiреттi Көк Тәңiрiнiң баласы, әйел — жер рухы — Ұмай Ананың баласы. Елiмiздiң иесiз, жерiмiздiң киесiз емес екендiгiн айғақтайтын киелi көне түркi жазуы:
Тәңiрiдей, тәңiрiден
Жаралған
Түрк бiлге қаған, — деп басталып:

Он жаста Умай тектi
Шешемнiң бағына
Iнiм Күлтегiн ер атанды, — деп жалғасады.

Түркiлер әкелерiн «Көке» деген: Көк тәңiрiдей құдiреттi, күштi, жаратушы деген мағынада; әрi еркектiң аспан тектi екенiне нұсқайтын есiм. Ал шешелерiн «апа», немесе «ана» деп атаған: «ана» — Ұмай ана, Бай ана — әйелдiң жер тектiлiгiне меңзеген. Аспан — жаудырушы, жер — өндiрушi. Аспан жаудырмаса, жер ненi өндiредi, қалай өндiредi? Жердiң Аспанға бағыныштылығы да осы қарапайым табиғи заңдылықтан туындайды. Осы әдемi заңдылықты, ғажайып үйлесiмдi Абай атамыз өзiнiң «Жазғытұры» атты өлеңiнде бередi:
Күн — күйеу, жер — қалыңдық
сағынысты,
Құмары екеуiнiң сондай күштi.
Күн қырындай жүргенде көп қожаңдап,
Күйеу келдi — ай, жұлдыз көтiн қысты.

Күн күйеуiн жер көксеп ала қыстай,
Бiреуiне бiреуi қосылыспай.
Көңiлi күн лебiне тойғаннан соң,
Жер толықсып, түрленер тоты құстай.

Жер күннiң энергиясына қандай мұқтаж болса, әйел де еркектiң энергиясына, күшiне сондай мұқтаж. Әйел — еркектiң энергиясын қабылдап алып, оны өндiрiп берушi. Махаббаттың өзiн әйел еркектен алады. Еркектiң назары түспеген әйел затында жылылық, мейiрiмдiлiк сияқты әйел-анаға тән қасиеттердiң болмауының себебi де осында жатқан сияқты. Сондықтан қазақ: Атаның — күшi, Ананың — сүтi дейдi. Осы әлемдегi табиғи үйлесiмдi дана бабаларымыз отбасылық деңгейде аунытпай қайталайды. Аспан — бiреу, екеу емес. Егер аспан екеу болса, онда үйлесiм бұзылады: екi энергия көзi бiр-бiрiне соғылысып, апат жағдайға ұшыраймыз. Күннiң энергиясын, жауынын, бұршағын, күн күркiрегендегi найзағайын — бәрiн-бәрiн қара жер қайыспай қабылдап алып, бойына сiңiре бередi. Осы бағыныштылықтың арқасында әлемдегi тепе-теңдiлiк сақталып тұр. Ендеше, жалпы әлемге тән бұл заңдылық, қазақ отбасында да қайталануы шарт: «Бiр қазанға екi қошқардың басы сыймайды!». Қазақ ұғымында «Қазан» — отбасын бiлдiредi, «Қошқар» — еркек, басшы, соңынан ертушi мағынасында. Бұл мақалды сөзбе-сөз түсiнбеу керек, қазан үлкен болса екi емес, бiрнеше қошқардың басы сыйып кетедi. Мәселе онда емес, мәселе мақалдың аллегориялық тұспалында. Сөз, ұғымдардың белгiлi бiр ойды берудегi рәмiздiк қызметiнде. Қошқар — еркектiк бастау, Тәңiрiнiң құты. Ол — бiреу-ақ болуы шарт: екеу болса -сүзiседi, жанжал, ұрыс пайда болады. Сөйтiп сүттей ұйып отырған отбасылық шырық бұзылады. Қазiргi қазақ әйелi — ол да қошқар болғысы келедi: ерiне бойсынғысы жоқ. Отбасылық кикiлжiң, жаңа ғана құрылған отаудың шаңырағының ортаға түсуi — бәрi-бәрi осы ерлi-зайыптылардың өзара қарым-қатынысын реттей алмауынан туындайды. Ал бұл өз кезегiнде, қазақы дәстүрдiң әлсiрегенiн, қазақы дүниетанымға құрылған тәрбиенiң жетiмсiздiгiн көрсетедi.
Бағанадан берi «әйел еркекке бағынуы керек» деген сөздi көп айттық. Оны Құранмен негiздедiк, бабалар дүниетанымымен байыптадық. Бiрақ бұның бәрi жеткiлiксiз сияқты, ендi бiр ғылыми негiз жетiспейдi. Көп адам әйелдердiң еркектерге қарағанда үстiрттiгiн бiледi, бiрақ «неге олай?» деген сұраққа жауап бере алмайды. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Мәшһүр Жүсiп атамыздың «Ғылым-бiлiм» туралы әңгiмелерiне жүгiнемiз. Ғұламаның айтуы бойынша «Адамның басының iшiндегi мида бес қызметкер бар. Бұларды: «Хауас хамса батини» дейдi. Ең әуелгiсi — хысмiштiрiк. Бұл хысмiштiрiк — көздiң көрген нәрсесiн адамның iшiне переводтап жеткiзетұғын тәржiман. Екiншi қуат -қиял. Мұның жұмысы — переводчиктiң переводтап жеткiзген нәрсесiн жазып тұрушы хатшы есебiнде. Үшiншi қуат — мүтәпкiре. Переводчиктiң жеткiзгенiн хатшы дұрыс жаза ма, терiс жаза ма — үстiнен қарап оқып тұрады.
Төртiншi қуат — уаһма. Мұның жұмысы — көрген, көрмеген нәрселердi, шын мен өтiрiктi, бәрiн бiрдей астарлап соға бередi. Мұның еркiне қоя берсе: «Ғаламда жүз мың күн бар» деп ойлайды. Хайуан ғырнатықтың бiлiмi осы қуат уаһманың күшiменен. Ұшқан құс, жүгiрген аң, төрт аяқты мал — осы уаһманың күшiмен төрт нәрсенi бiледi. Бiрi -жаратушы кiм екенiн кәмiл бiлiп, өз шамасынша бәрi Құдайға жалынышты жүредi.
Екiншiсi — әрқайсысы өз қорегiн кiсiден сұрамай таниды. Оны жеткiзушi — Құдiрет екенiн бiледi.
Үшiншiсi — әрқайсысы өз көшәнедесiн көргеннен таниды. Өзiне не дұшпан, не нәрсе қас, оларды қандай десең, сондай бiледi. Сол үшiн қазақ тiлiнде айтылады: «Тұрымтайлыға торғай жолықпайды, // Қаршығалыға үйрек ұшырамайды» деп. Мылтықсыз кiсiден аң да, құс та қашпайды, отыра бередi. Мылтықты кiсiден күн iлгерi маңайына келтiрмей, қаша бастайды.
Төртiншiсi — әр мақұлық өз жынысының еркегi — ұрғашысын, ұрғашысы — еркегiн — бұрын көрмеген болса да, көргеннен тани бастайды. Бұл уаһмаға ерген адам хайуан есебiнде болып қалады. Соның үшiн айтылады: «Ферғауын ғалия мастыхақтың бiлiмi ғақылмен емес едi, өһiммен едi. Егер оның бiлiмi ғақылмен болса, Құдай тағаланың құдайлығын таныр едi. Қатын тағасы һәм дүние шаруасына еркектен бiлiмдi болады. Оның бiлiмi де уаһманың күштiлiгiнен. Болмаса еркектен ақылы асқандықтан емес. «Ұрғашының шашы ұзын, ақылы қысқалығынан» қандай жақсы болсын, бiр жаман еркектiң қол астында пенде болып жүредi. Болмашы нәрсеге қызығып, алданып қалғаннан, бұл қуат уаһма қиялын әбден билеп алса, оқуы мүмкiн болмайтұғын нәрселерге ұрындырып, хақиқат мерген қалып болатұғын жұмыстарға бастап кетедi. «Аса бiлiм бас жояды» деген — осы.
Бұл уаһма — не десең, өзiнен шығып тұрған шайтан десе болады. Қазақша мұның атын: «уайым» дейдi. Жоқ нәрсенi ойлатады. Асылы қашан да болса ойға түспеңдер, ой ойлаушы болмаңдар, ой — шайтан жұмысы. Қазақ мақалында бар: «жақсы — жаманның азығы , өлi — тiрiнiң азығы, уайым — шайтанның азығы».
Адамның денесiндегi барша қуатлар ғақылдың қол астында болады. Жалғыз-ақ уаһыма ғақылдың қол астында болмайды, ғақылдың өзiмен ертеңдi-кеш жауша жағаласып тұрады.
Бесiншi қуат — махафаза. Бұл қуат лұх орнында, хысмiштiрiк-переводчик , қиял — хатшы, мүтәпкiре — переводчик не айтады, хатшы не жазады — үстiнен қарап тұрушы. Уаһма — «Ақты қара қыламын» деген прокурор есептi. Ғақыл окружной сот — ешкiмге зарар болсын деп ойламайды. Окружной сотпен тепсiнiп сөйлескен прокурордай-ақ уаһма ақылмен жағаласады да тұрады.
Қуат махафаза — бәрiнiнiң бас қосып, пәтуа қойған жұмысы жазылатұғын тақтай. Бесеуi бiр жерге бас қосумен не жұмыс та болса, тастай болады да қалады». Сонымен әйел затының нелiктен «бiр жаман еркектiң қол астында пенде болып жүретiнiн» ғылыми тұрғыда дәлелдедiк, ендi қорытындылайық. Сөздi атышулы немiс философы Фридрих Ницшеге беремiз. Ницще өзiнiң әйгiлi «Заратустра осылай дедi» атты еңбегiнде: «Әйел өзiнiң үстiрттiгiнен тереңдiкке ие болуы үшiн бағынуға тиiс. Өйткенi ол терең емес — тайыз судың бетiнде көпiршiген көбiк қана.
Керiсiнше, еркек терең келедi, жер асты үңгiрлерiнде оның жойқын ағысы буырқанып жатады: әйел мұны тек күңгiрттеу ғана сезiнедi, бiрақ оның күшiн ұғына алмайды» дейдi. Бұл сөздерде әлдекiмдер ойлағандай еркектiк шовинизм, немесе еркектiң шектен асқан астамшылығы жатқан жоқ. Керiсiнше, бағындыру мен бағына бiлу арқылы жететiн өмiрдiң ғажайып бiр үйлесiмi жатыр. Батыста: қарама қайшылықтардың бiрлiгi мен күресi (диалектиканың негiзгi заңдылықтырының бiрi), ал бiзде, шығыста: қарама-қайшылықтардың бiрлiгi мен үйлесiмi. Қазақ орысқа бодан болғаннан бастап осы батыстың қос жыныстың арасындағы теке-тiреске, бiр-бiрiне бағынбауға негiзделген сұрықсыз философиясын бойына сiңiрiп, өзiнiң дәстүрлi отбасылық философиясына сызат түсiрiп алды. Өзiндiк төл дүниетанымға негiзделген қазақ отбасына жасалып келе жатқан экспансия әлi де жалғасуда. Бұл өз кезегiнде қазақ социумын әлсiретiп, отаршылдықтың ауыр дертiнен арылып, етек-жеңiн жинауға мұрша бермей жатыр.
Жоғарыда бiз сөз қылған Ницшенiң «Заратустра осылай дедi» атты еңбегiнiң «Қартаң және жас әйелдер туралы» атты тарауы былай деп аяқталады: «Әйелге бара жатырмысың? Қамшыңды ұмытпа!». Осы сөздерiне қарап кейде Ницшенi немiс емес, қазақ па деп қаласың… Қамшы — қазақ мәдениетiнiң, төл дүниетанымының символы едi. Әрбiр қазақтың төрiнде қамшы iлiнiп тұратын. Камшы — қазақ отбасын жын мен шайтаннан, әртүрлi бәледен сақтайтын. Отағасы керегеге iлулi тұрған қамшыға бiр қарағанда шектен шыға бастаған әйел жым болатын. Қазiр де кейбiр қазақтың отбасында қамшы iлiнiп тұрады. Бiрақ ол бұрынғы күшi мен әлеуетiн жоғалтқан қамшы, сән мен декорация үшiн iлiнiп тұрған қамшы. Қазақтың қамшысының жоқтығынан талай отбасы ойрандылып, шаңырағы ортасына түстi. Қазақтың талантты ақын қызы, өз қателiгi мен сенген жарының әлсiздiгiн ащы болса да мойындап, өлең қып өрген Шәмшия Жұбатова өзiнiң «Қамшы» атты өлеңiнде былай дейдi:
Жалғыз ауыз сөзбенен-ақ өлтiрдiң,
Қарсы алдыңда тiрi өлiк боп мен тұрдым.
Тұрлауы жоқ болып шықты сертiңнiң,
Түрi құрсын қоқырайған бөркiңнiң.

Қараң қалсын мен ас берген тегене,
Тегене ас жұқпай жүр ме немене?
Көкке шапшып бетiңнен ап жатқанда
Қолың сыңғыр, сабамайсың сен неге?!

Таныта алмай намысың мен күшiңдi,
Не басып тұр, не басып тұр мысыңды?
Жаратылдың еркек болып несiне,
Жөндемесең терiс кеткен iсiмдi!

Жонымды бiр тiлсе қамшы таспасы,
Былай қалып қояр едi-ау басқасы.
Күмiлжiмей әйелiңнiң алдында
Бөркiңдi анау былай алып тасташы.

Әй-шайға да, келтiрместен мұршаға,
Үнсiз күйде өлiмшi қып бiр саба.
Сенде қамшы, менде бұрым болса егер
Елге күлкi болар ма едiк мұншама.

   Қазақтың тағы бiр арқалы ақыны Тыныштықбек Әбдiкәкiмов Қам-шы сөзiнiң түп-төркiнi Қам (орысша «забота»)деген сөзден шыққан дейдi. Сонда Қам -шы — бiреудiң қамын ойлаушы, бiреуге жаны ашушы, қамқор болушы деген мағынаны беретiн болып шығады. Жоғарыдағы жыр жолдарындағы Шәмшияның: «Жаратылдың еркек болып несiне, Жөндемесең терiс кеткен iсiмдi» дегенi сөзiмiздiң айқын дәлелi емес пе?.. Қамшы дегенде бiреулер бас-көз жоқ төпелеп сабау деп анайы түсiнетiнi де жасырын емес, жоқ, қамшы — бұл символ, рәмiз, еркектiң табиғи жаратылысы мен мiндетiн айғақтайтын белгi. Қазақ отбасындағы үйлесiм мен жарастықты қызғыш құстай қорғайтын Қам-шысы, Қам-қоршысы. Осыны түсiне алмасақ, өзiмiздiң сорымыз…
Ендi аяңдап билiк мәселесiне келейiк. Қазақта «Байтал шауып бәйге алмас» деген сөз бар. Бұдан байтал жүйрiк болмайды, бәйге алмайды деген ой тумауы керек. Керiсiнше, ең жүйрiк жылқы ұрғашы зарпынан болатынын қазақ мәдениетiне зер сала қарағанда байқаймыз. Мәселе, Байталдың бәйгеге жаратылмағанында, оның жаратылыс мақсаты басқа екендiгiнде. Оның шешуiн дана қазақ «Байтал мiнсең құлын жоқ» деп алдымызға тартады. Байталдың «бәйгесi» басқа, ол құлындап мал басын көбейтiп, ер жiгiттiң дәулетi мен сәулетiн шалқытуға арналған. Тек ақымақтар ғана, обал мен сауапты бiлмейтiн түйсiксiздер ғана бәйгеден алатын атақ пен жүлдеге қызығып байталды бәйгеге қосады. Бiлетiндердiң айтуы бойынша, өзi үшiн де, құрсағындағы құлыны үшiн де жан таласып, өмiр мен өлiмнiң арасында барын салып, оқтай ұшып бәрiнен озып байтал бiрiншi болып келедi екен. Бiрақ көп кешiкпей iшiндегi төлдi өлi күйiнде сыртқа шығарып тастайды.
Мәселе тек байтал туралы емес екенiн iштерiңiз сезiп отырған шығар. Қазақ мәдениетi — тұспал мен ишараға құрылған Белгi мәдениетi (Знаковая культура). Адамға қатысты барлық жайттарды тұрмыс-тiршiлiгiнде етене жан-жануарлар өмiрi арқылы тұспалдап жеткiзедi. Ендеше, «байтал» деп бұл жерде әйел заты айтылып тұрғаны шәксiз. Бұрынғы қазақта әйелдерiң бәйгесi басқа едi: әйелдiң қадiр-қасиетi дүниеге ұрпақ әкелумен өлшенетiн. Көмекей әулие Бұқар бабамыз: «Баласы жоқ қатыннан, Лақтаған ешкi артық» дейдi. Ащы болса да шындық. Жаратылыс мақсаты бойынша лақтаған ешкi баласыз әйелден озып тұр. Қазiргi қазақ әйелi тiршiлiктiң бәйгесiне, мал табу мен мансаптың жолын мықтап кiрiстi. Және жуық арада тоқтай қоятын түрi де көрiнбейдi. Осы жолда, бар өмiрiн мал мен мансаптың жолын арнап тұрмыс құра алмай жүргенi қаншама. Тұрмысқа шықса да «бәйгеге» алаңдап бала басын бiр-екеуден асырмайды. Қазақ қауымы сөйтiп «байталдарын бәйгеге қосып», адам санын көбейте алмай пұшайман күй кешуде.
Мал мен мансаптың жолы оқудан басталатыны белгiлi. Қазiргi қазақ қызының көбiсi оқуды мұрат деп бiледi. Сөйтiп, төл мұратынан жаңылып, оқу қуамын деп жүрiп кәрi қызға қалай айналып қалғанын сезбей де қалады. Ал Сырым батыр айтты деген: «Дау мұраты — бiту, жол мұраты — жету, сауда мұраты — ұту, қыз мұраты — кету» деген ата-бабалар қағидасы олардың ойына да кiрiп шықпайды. Осының бәрiне тек қыз ғана кiнәлi десек, қателесемiз, бәрi қазақ отбасындағы дәстүрлi тәрбиенiң жоқтығынан. Қыз баланы моральдық, психологиялық, тұрмыстық өнер жағынан болашақ ана, болашақ жар ретiнде дайындамаудан. Бұрынғы қазақ әйелi беске келiп бесiктен белi шыққаннан жұбайлық өмiрге тәрбиеленетiн. «Қыз — қонақ», «қыз — жат жұрттық» деп тәрбиелейтiн. Қазiргi қазақ қызын жақсы көрiп, еркелеткен болып: «Осы қызымды ешкiмге бермеймiн, өскенде өзiмдi асырайды» деп, ойланбастан қызының болашақ тағдырына балта шабады. Бұл бiздiң айтқанымыздан «қыз бала оқымасын» деген жаңсақ түсiнiк қалыптаспауы керек. Қыз бала оқысын, қыз баланың жан-жақты бiлiмдi, биiк парасат пен мәдениет иесi болғаны абзал, бiрақ ол өз мұратын ұмытпасын; оқи жүрiп, мұратын естен шығармасын, қазақша айтқанда «бiр бармағы iшiнен бүгулi» болсын.
1920 жыл Семей қаласында «Абай» журналында Мұхтар Әуезов пен Жүсiпбек Аймауытовтың қазақ әйелiнiң бүгiнгi хәлiне арналған мақаласы шығады. Сол мақалада ұлтының қамын жеген екi кемеңгер «Ел боламын десең, бесiгiңдi түзе» деп қалың қазаққа ұран тастайды. Мұның мәнiсi: қазақ әйелiнiң жағдайын түзе, қазақ әйелi надан болып қалмасын, оқыт, тәрбиеле, өйткенi бала кiмдi жақсы көрсе соған ұқсап кетедi деген даналық ой айтады. Әкесi қанша жерден ғалым болсын, шешесi надан болса, бала да надан болып өседi. Өйткенi, «әкенiң жақсылығы жездедей-ақ» дегендей, бала шешесiн көбiрек жақсы көредi дейдi.
Ал қазақтың ғұламасы Мәшһүр-Жүсiп: «Дүниенiң: еркек — бiр қанаты, ұрғашы — бiр қанаты. Екi қанатпен ұшқан құс қандай ұшқыр?! Мұсылман халқы ұрғашыны бүркеп, жасырып, кiсiлiктен қалдырғандықтан, сыңар қанат құс сықылды, дәнемеге жарамай қалғандығы — сол.
Еуропа жұртлары әйел халқын еркекпен тең ұстады. Жынысы әйелге харрит, азатлық, ерiк бердi. «Ұл, қыз — екеуi бiр бас» деп, ғылым-бiлiмге, өнерге жарыстыра, бәсеке қылып қосып едi. Әр турадан әйел халқы iлкiм үздiк шығып, байды да жақсы бақты. Солай болғаны үшiн, мүкiл перiште есептi болды. Ғылым-бiлiмдi ұрғашыдан туған бала — туа әр нәрсенi бiлiп, кiсi болуға жарайды» дейдi.
Әйел проблемасы, оның iшiнде Қазақ әйелiнiң феноменiне үңiлу — оңай шаруа емес екен. Мәселенiң жан-жақтылығы мен күрделiлiгi сондай, бiр мақалаға сыйғыза алмасымыз анық едi. Сондықтан, қадiрлi қауым, бiз өзiмiздiң ой-өремiз, күшiмiз жеткен межеде ғана мәселенiң кейбiр жақтарын ашуға тырыстық. Қателiк-кемшiлiктерi болса алдын-ала сiздерден кешiрiм сұрай отырып, «ертеңгi қазақ әйелi қандай болуы керек?» деген сауал төңiрегiнде пiкiр туғызу үшiн де қолымызға қалам алдық. Бiрақ бүгiнгi көтерiлген мәселе арқылы, ескi мен жаңаны, дәстүр мен жаңалықты салғастыра отырып, бүгiнгi қыз, ертеңгi жар, болашақ ана — қазақ әйелiнiң идеалды образының қалыптасуына бiр септiгiмiз тисе деген үмiтiмiз де жоқ емес. Дана бабаларымыз: «өлi — тiрiнiң азығы, жақсы — жаманның азығы, ескi — жаңаның қазығы» демеушi ме едi?.. Ендеше бiз де, ағайын, жаңаның, бодандықта емес, еркiндiкте өсетiн қазақ әйелiнiң бейнесiнiң қазығы болсын деп ескiден бiраз сөз қозғадық.

                                                                                                             «Жас қазақ үні» газеті, 01.08.2009

                                                                           Мақала авторының суреті Maturidi.kz сайтынан алынды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.