«Қарамасаң қатын кетедi, бақпасаң мал кетедi»

   Бұл – халқымыздың қарапайым тілмен айтқан даналық сөзі. Әйелдің тізгіні еркектің қолында тұрған кездерде, әйелдің қылмыс жасауы дәл осындай көбейген емес еді. Әйелдерді түрмеге түсіріп жатқан – қу нәпсі. Өзіміз қалап алған Капитал – Ақша қоғамы дүниеқоңыздыққа тәбетімізді ашты. Көрсеқызарлық, Ақшақұмарлық бойымызға сіңісті болып, шетімізден ессіздендіре бастады. Арам ақша табу жолына шыққандардың көшін алаяқтар бастаған болса, қаншасы сотталып жатса да толастар емес. Алаяқ әйелдер банктердің есігінің алдында, халыққа қызмет көрсету мекемелері төңірегінде, тіпті баспанаға қатысты түрлі агенттіктерді жағалап жүріп, өз қазағының қалтасын қағып, ал одан түрмеге түсіп жатқаны.

   Қайран жуас қазақтың момын жұртын аяйсың. Алаяқ қатын «Банктен 5-10 млн теңге арасында шығарамын, 20 пайызы біздікі, оған дейін 5 пайызын тауып бересің» деп қаншаларды зар еңіретіп кетсе, артынан өздері де «мың асқанға – бір тосқанның» зауалын тартып жатқан жоқ па? Алаяқтықтың үлкен екінші көзі – пәтер әперу. Заңды бұзып ешкімде пәтер әпере алмайтынын біліп тұрып, «дандайсыған»  «далаңбайлардың» қалтасын қағып кетеді. Пәтер жалдаймын дегендерге біздің «қитабандар» қайдағы бір пәтерді көрсетіп, екі-үш айдың пәтерақысын алдын ала алып, «Маңғыт, аузыңа саңғыт» етіп жатқан соң, бұл Шымкентке дауа бола қоймас.

   Қаланың алаяқ қатындары үйлеріне тиын-тебенсіз бармайды. Оңай олжа түспейтін болса, олар алаяқтықтықпен айналыспас та еді. Ол үйіне ақша әкеледі, ал оны «сүмелек» байы көреді. Еркектік намысы болса, «мына ақшаны қайдан алдың, не үшін алдың? Өзің жұмыс істемей көшеде қаңғырып жүресің, жаның барында айт, бұл қайдан келген ақша?» – деп сұрай алса, қылмыс тоқталмаған күннің өзінде саябырситын ба еді? Алаяқ әйелдің төркіні бар, Құдайдан кейінгі жақын көршілер бар. Абысын-ажын, сырлас құрбыларын қойғанда, өсіп қалған ұл-қыздары бар, соның бәрі алаяқ қатынның немен айналысатынын біледі. Біле тұра, пендешілікке салынып, бір ауыз айтуға жарамайды. Осылай кетсек, енді отыз жылдан кейінгі күніміз не болар екен?

                                                                                                                         Әділ Мұратбеков

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.