Наурыз Қазығұрттан басталса, рухани жаңғыру Оңтүстiктен неге бастау алмасқа?

   Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласы дер кезінде, үлкен көрегенділікпен жарияланған құнды дүние болатын. Мақалада Рухани жаңғырудың жарқын мақсаты да, бағыт-бағдары да жан-жақты көрсетілген болса, енді алдымызда соны өміршең етудің жарқын істері тұр. Облыс идеологиясының тынысына жаңашылдық әкеп, уақытпен үндесетін іс-қимылға оңтүстіктен үлгі-өнеге болып тарайтындығына ешкім де шүбә келтіре алмаса керек. Республикаға белгілі мемлекет қайраткері, елжандылығы ерен тұлға Жансейіт Түймебаевтың осы облыс тізгінін ұстағалы бері атқарған жұмыстарын саралай келіп, рухани жаңғырудың көшбасшысы бола алатынын нық сеніммен айтуға болады. Оңтүстікке табаны тиген жылдың алқалы жиынында білім саласының өзекті мәселелерін жаңғақ қып шағып ғана қоймай, оны үнемі назарында ұстауды ұмытпады. Облыс басшысы қызметінің барысында жастар саясатының өзекті мәселелерін жілік-жілігімен талдап, алдағы істерге айқын бағыт беріп, нақты қолдау көрсетумен келеді.

Әлеуметтік салада қаншама өнеге етерлік игі істер жасалса, шағын және орта бизнесті дамытудағы нақты істерді баянды етудің бастамашылдығын жасай білді. «Ауыл сүт зауыты», кооперативтерді қағаздың бетінен шығарып, нақты іске қосу, су қоймаларын көбейтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді дамытудың ерен істері жүзеге асырылды.

   Ал, рухани жаңғырудың да жарқын істерін өміршең етуге толық мүмкіндігіміз бар. Қазақтың абыз ақсақалы Шерхан Мұртазаның «Президент – біреу, халық оған – тіреу» дегеніндей, облыстың іскер де, кемел ойлы басшысына нағыз ұлтжанды жерлестері жанды қолдау көрсете білсе, атқарылар істі айтып тауыса алмас едік.

   Ордабасы ауданының Жусансай ауылындағы сауда-дүкендерінде спирттік ішімдіктің ішілмей де, сатылмай да келе жатқанына ондаған жылдар болған. Бұл ауылда қылмыстық т.б. заңбұзушылық әрекеттер тіркелген емес, мал ұрлығы болған емес.

   Сарыағаш ауданының бір ауылында соңғы ондаған жылдарда бір адам сотталмаған, ауылдан бір келін кетіп қалып, бір қыздың байдан қайтып келу фактісі болған емес. Ауыл тізгінін қолына алған ақсақалдардың учаскелік полиция инспекторымен, мендпункт меңгерушісі, мектеп директоры, мал дәрігері, электрик, газовик, тіпті ауыл молдасына дейін бір дастарханда қосылып, бір үйдің балаларындай түсіністікпен жұмыс істейтіндіктеріне тәнті боласың.

   Ал Бәйдібек ауданының Боралдай ауылы мешіт имамы Б.Жүзімбаевтың қарапайым ауылдастарының қамын ойлап, ауыл перзентінің зекетке берген 2 млн. теңгесіне баспанасы жоқ жанға 1,5 млн. теңгеге үй сатып әперіп, есігінің алдына мал салып бергеніне және жесір анаға баспана тұрғызып, балаларына сауын сиыр, қозылақ әперуді ұйымдастырғанына ел-жұрты дән риза.

   Дәл осы үш ауылдағы ардақты ақсақалдар облыста өтетін «Ырыс алды – ынтымақ» форумында көптің алдына шығартылып, елжандылық қасиеттеріне ілтипат білдірілсе, соның өзі рухани жаңғырудың дәлелі емес пе? Облыстың алқалы жиынында «дежурный» қарттардың жаттанды сөздерін тыңдатып, елді жалықтырудан гөрі игі істерді атқарған үш ауылдың ақсақалын сөйлету он есе тиімді болар еді ау.

                                                                                                                                                    Әділ Мұратбеков

Көрнекі сурет egemen.kz сайтынан алынды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.