Ру президенттерi бар болса…

   Өзгелердің «Оңтүстік ру президенттерін сайлап алған, бөлшектенеді» дегенін есіткенде еріксіз ренжисің. Олардың «Ру президенттері» деп жүргендері – бір рудың бай-манаптарының, лауазымдық қызметтегілерінің өз мерейтойлары мен отбасылық қуаныштарын жоғары деңгейде «джип» мінгізуімен өткізетін топ. Ру президенттерінің бір жесірдің баласын үйлендіріп, бір жетімін оқытып жатқанын, руларының тарихын танытуға бір тірлік істеп жатқанын көре бермейсің, әрине, бірлі-жарым азаматтардың атқарған істері бар.

   Жуырда ру президенттерінің бетпердесін ашудың бір фактісі облыс аумағына да кеңінен тарады. Сарыағаштағы Сіргелілердің ішіндегі Үшатаның Елібайынан ҰОС ардагері, 97 жастағы Жамбыл Байдаров –жағдайы болмай жабырқау жүрген жандардың бірі. 97 жаста қайбір денсаулық болсын, оның үстіне демеу болар кемпірі де фәни жалғаннан өткен. Қарт майдангерге ең керегі – дәрігерлік көмек. Сарыағаштан шалғайдағы Ошақты ауылына «Скорая» тез келмейді деп қалай өкпелерсің? Амал жоқ, Шымкенттегі Күншығыс шағынауданы 35 үй, 117 пәтердегі немере қызын паналағанына бірнеше жыл болған.

   Басқа-басқа, дәл біздің Шымкентте ҰОС ардагерлеріне иіле қоюдың екіталай екендігі баршаға аян. Ардагердің келіні атасын облыс әкімінің қабылдауына кіргізуді «армандаумен» жүріп, облыс әкімінің 4 бірдей орынбасары, аппарат жетекшісімен кездескенде, сол баяғы жаттанды «ендігі жылғы мерекеге дейін күтесізді» айтыпты.

   Осындайда елімізде жүріп жатқан халыққа әлеуметтік қолдау жасау Шымкентте бар болса, жүз жасқа аяғының басын ілген ҰОС ардагеріне екі бөлмелі пәтер әперу сонша қиын болып па деп те ойлайсың. Жұрт айтатын ру президенті бар болып, Сіргелі тайпасының тізгінін Анарбек Орманның ұстап келе жатқаны рас болса, бұл мәселе сөз етілгенде-ақ шешіліп қалмас па еді? 97-гі аталарының басы қатып жүргеніне Сіргелінің жігіттері намыстанбайды деп айта алмайсың. Ру президентінің үнсіз қалуына қайсар інісінің бірі: «Анарбек көке, ауылға Ташкенттен алтын алып келген жоқсыз, Құдайдың өзі ағызып қойған суын сатып, қаншама үй салдыңыз, оның қаншама пәтері сатылмай тұр. Батыр атамызға бір пәтерді өзіңіз-ақ бере аласыз ғой»,- деп айтудан жүрексінетіндей. Облыстағы 12 ата Сіргелінің балаларының бауырмалдық пен ынтымақ – бірлікте сыр бере қоймағанын ойлағанда, ұлтын ұлықтап, аруаққа тағзым етуде парасатымын танылып жүрген арыстар бұл мәселені де оңынан шешіп, көпке өнеге боларлық игі істі атқарса керек.

   Рухани жаңғыруды баянды ету жолында БАҚ-тың, қоғамдық ұйымдастырудың, оның ішінде, әсіресе, ардагерлер кеңесінің тартар жүгі оңай болайын деп тұрған жоқ. Қазір қарапайым халыққа ақпараттық түсіндіру топтарының қасаң баяндамасынан гөрі өмір тынысына ашық та, адал көзқараспен қарайтын жарқын жүзді кездесулер мен түсіністікпен тірлік істеу керек-ақ.

                                                                                                                          Әділ МҰРАТБЕКОВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.