Балам аман болсын деп…

   Мен бірнеше жыл перзентханада акушер-гинеколог болып жұмыс істедім. Жас босанған әйелдердің өз перзенттерінен бас тартып, тастап кеткеніне де талай куә болдым. Мен әр жолы оларды райынан қайтаруға тырыстым. Себебі, ана болудан асқан бақыт бар ма?

   Менің ойымша, әйел баласын өз бауыр етінен бас тартуға мәжбүрлейтін ешқандай себеп болуы тиіс емес. Сондықтан, тар құрсағын кеңіткен шаранасын шімірікпей тірі жетім етіп тастап кетіп жатқан тасжүрек әйелдерге деген ашу-ызам кеудемді кернеп кететін. Бірақ, өзінің сәбиін перзентханада қалдыруға бел буған бір әйелдің айтқан мына бір әңгімесі менің жүрегімді шымырлатпай қоймады.

   «Мен баламды тастағым келмейді. Жоқ, тіпті одан айырылғым келмейді. Бірақ, оның амандығы үшін осылай істеуге мәжбүрмін, — деген еді ол көз жасын көлдетіп отырып. Мен жасым 18-ге толғанда бір жігітпен таныстым. Мұхтар жақсы отбасынан шыққан, тәрбиелі, әрі сымбатты жігіт болатын. Сондықтан, оған ес-түссіз ғашық болдым. Ол да мені сүйді. Көп өтпей екеуіміз барлық жерде қол ұстасып, бірге жүретін болдық. Бізге өтіп бара жатқандардың бәрі бұрылып, қызығып қарайтын.

   – Сол күні біз саябақта серуендеп жүрген болатынбыз. Кенет қарсы алдымыздан бір сыған әйелі шыға келді де, маған тесіле қарап тұрып:

   Сенің балаларыңның бәрі өліп қалады. Тағдырың солай, – деді де кете барды. Оны тоқтатып, бірдеңе деп жауап қайыруға да мұрша бермеді. Қалай ғайыптан пайда болса, солай тез көзден жоғалды. Бірақ, ол жолы жастықпен біз оның сөзіне мән бермей, тез ұмытып кеттік. «Айдаладағы қаңғыған сығанның сандырағына сеніп қайтеміз?» – дестік.

   Осы оқиғадан кейін екі жыл өткенде біз шаңырақ көтердік. Көп өтпей тұңғышымыз – кішкентай Мирас дүниеге келді. Мирас туғаннан әлсіз, аурушаң болды. Балабақшада да көп таяқ жейтін. Оның кешкісін үйге бір жері көгермей келген күні болған емес. Тәрбиешілері қанша қадағаласа да ештеңе істей алмайтынын, балабақшадағы балалардың бәрі оны жек көретінін айтатын. Осы балабақшаның өзіне әрең қолымыз жеткендіктен, одан шығарып алуға да мүмкіндігіміз болмады.

   Сол күні мен асүйде тамақ істеп жатқан болатынмын. Ал Мирас қонақбөлмеде ойнап отырған. Мұхтар маған телефон шалып, жұмыстан біраз кешігіп келетінін айтты. Кенет қонақбөлме жақтан гүрс еткен дауыс естілді де, ұлымның бір баж етіп, үні өшіп қалды. Мен аяқ-қолым қалтырап, екі аттап қонақбөлмеге жеттім де… одан кейін не болғаны есімде жоқ. Тек бір ғана көрініс көз алдымнан кетпейді. Мирасым жерде етпеттеп құлап жатыр, ал қарақұсынан аққан қан еденге жайылып барады… Мен дереу «жедел жәрдем» шақырдым, бірақ тым кеш еді… Кейін білдім, ұлым қабырға жиһазының үстіңгі сөресінде тұрған ауыр қобдишаны алмақ болып, бері сырғытқанда қобдиша құлап кетіп, қырымен қарақұсына тиіпті. Осыдан Мирасым тіл тартпай кеткен.

   Ұлымның қазасына көндігу оңай болмады. Оған дұрыс қарай алмағаным үшін үнемі өзімді жазғырумен болдым. Мұхтар «бұл тағдырдың ісі» деп мені жұбатып баққанымен, оның да маған бұрынғыдан салқын қарай бастағанын сезем. Ақыры бір-бірімізге сүйеу болып жүріп, басымыздағы қайғыны біраз ұмытқандай болғанда тағы аяғым ауырлады. Қызым жеті айлық болып туылды. Бірақ, дәрігерлер оның туабітті жүрек ақауы барын, үш айдан артық өмір сүре алмайтынын айтқанда менің де жүрегім тоқтап қалғандай болды. Қызым үш ай да емес, екі айға жетпей шетінеп кетті. Мұхтар екеуміз қайғыдан өзімізді қоярға жер таба алмай кеттік. Осы кезде баяғы сыған әйелдің сөзі есімізге түсті. Менің бұған сенгім келмеді. Менің қатты сәби сүйгім келді, мен одан артық ештеңені армандамадым десем де болады. Бірақ, балаларымның бәрі өліп қалады деген оймен енді қалай өмір сүре алам? Сонда мен: «Егер тағы бала тусам, одан бас тартам. Бәлкім, сонда тағдырымды алдап, оларды аман алып қалармын», – деп шештім.

   Бір жылдан кейін Жаратқан тағы да құрсағымды жібітті. Күні-түні Құдайдан баланың дені сау болсын деп жалбарынып тілеумен болдым. Мен тіпті босануға да қорықтым. Не боларын кім білсін? Толғағым ауыр өтті. Қызым жартылай өлі күйінде туылды. Кіндігі мойнын орап, сәл болмағанда қылғындырып өлтіріп қоя жаздапты. Әйтеуір, Құдайдың құдіретімен қызым аман қалды. Осыны естіген бойда мен одан бас тарту хатын жаздым. Күйеуім ұзақ уақыт бойы менің өз баламнан неге бас тартқанымды түсіне алмай, ашуланып жүрді. Бірақ, сол қызымның қазір аман-есен бойжетіп жатқанын естіп-біліп тұрамын.

   Кейде мен мұның бәрі жәй сәйкестік болар, бәлкім менің балаларымның бәрі шетінейтіні өтірік болар деп те ойлаймын. Бірақ, мен енді ешқандай тәуекелге барғым келмейді. Жаратқан құрсағыма тағы да тіршілік берсе, шаранаға жарық сыйлауға тырысам. Бірақ, оның аман қалуы үшін өз аналық махаббатымның бәрін жүрегімнің терең түкпіріне қамап тастап, одан тағы да бас тартам».

   Осыны айтып, еңкілдеп жылаған әйелге қарап отырып жүрегім сыздады. Ана жүрегін осындай сынаққа салған Құдайдың құдіретіне де шек жоқ-ау…

                                                                                                                                          Ақжамал

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.