Рухани жаңғыру Түркiстанның төрiнен басталғандай

Руханияттың ұлттық құндылықтарын сақтай білгендігімен Оңтүстік өңірі еліміздің төрт бұрышында үлгі-өнеге болып айтылғандығы баршаға аян. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы қойылған міндеттерді баянды етуде Оңтүстік Қазақстан облысында айтулы істердің өміршеңдік тауып жатқандығына көңіл сүйсінеді.

Елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тікелей назарында тұруымен жүзеге асырылып жатқан игі істердің орны бөлектігін айрықша айтып кетуге болады.

Облыс басшысының өзі бас болып, өңір тұрғындарының ара­сында өткізіліп жатқан түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларының ортасынан табылып, сала жұмысының пәрменді жүргізілуіне үлкен ықпалын тигізіп келеді.

Рухани жаңғырудың өміршеңдік табу жолында облыс аумағында атқарылып жатқан игі істерді бүгінгі өмір тынысымыздың жетістігі деп ғана қоймай, ертеңгі жарқын болашақтың берік негізі екендігін де білгеніміз жөн.

Оңтүстік тарихы тереңнен тартылатын дүниенің тылсым құпиясы мол жұмбағына да, шырмауықтай шырмалған шежіресі сырлы ел мен жер тарихына да бай екендігі баршаға аян.

Облыс басшысы осы саладан туған жердің перзенттерін кең ауқымды хабардар етудің мүмкіндіктерін барынша қарастырып, мазмұны терең, маңызы зор игі істердің атқарылуына тікелей бағыт-бағдар бере білгендігін айта кеткеніміз жөн.

Оңтүстік өңірінде атқарылып жатқан сан алуан игі істерді Елбасы Н.Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «…Цифрлы Қазақстан, Үш тілді білім беру, Мәдени және конфессияаралық келі­сім сияқты бағдарламалар–ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХI ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы», -деп көрсетілген міндеттердің баяндылық табуының айқын көрінісі деуге болады.

Облыс аумағындағы білім саласында балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке қою және есепке алу, орындарын алмастыру процестерін автоматтандыру республикада бірініші рет іске асырылған ерен жаңашылдық іс болған болса, оның облыс басшысының табанда талап қоюының арқасында жүзеге асқаны көпке мәлім.

Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласында облыста 69 емханада кешенді медициналық ақпараттық жүйе енгізіліп, бұл «дәрігерді үйге шақыру», «дәрігердің қабылдауына жазылу», «медициналық ұйымға тіркелу» сияқты қызметтердің қолжетімді болуына мүмкіндік туғызды.

Облыс әкімі Ж.Түймебаевтың ерекше мән беріп, тікелей бастамашылдық жасап, тірліктің тиянақты жүргізілуіне қол жеткіздіруі нәтижесінде облыс аумағындағы 15 аудан орталығы, 181 ауыл округтері 830-дан астам елді-мекендердің картасы цифрлық форматқа көшіріліп, ондағы әрбір құрылғы нысанның «Мекенжай тіркелімі» деректер қорымен сәйкестендірілгендігін көрсетіп кетуге болады.

Облыстағы цифрлық картаға ерекше қорғалатын  табиғи аймақтар, су қорғау белдеулері, ауыл шаруашылық мақсатындағы жер учаскелері туралы ақпараттар енгізіліп, рухани жаңғырудың басым бағыттарының бірінің баяндылық табуына ықпал жасалынғандығын айрықша айтуға болады.

Облысқа цифрлық картаға ерекше қорғалатын  табиғи аймақтар, су қорғау белдеулері ауыл шаруашылық мақсатындағы жер учаскелері туралы ақпараттар енгізіліп, рухани жаңғырудың басым бағыттарының бірінің баяндылық табуына ықпал жасалынған.

Облыс әкімі Ж.Түймебаевтың тікелей өзінің бақылауға алып, бастамашылдық жасауынан кейін Елбасы Н.Назарбаевтың мақа­ласындағы көрсетілген міндеттерді өміршең етудің іс-қимылы аудандар мен ауылдарда кеңінен қолға алына бастады. Түркістан мен Мақтаарал, Ордабасы мен Түлкібас аудандарында жаңашыл істер қолға алынып, көптің көңілінен шыққан игі істер көрініс бере бастады.

Түркістан қалалық әкімдігінің қолдауымен Түркістан қалалық ақсақалдар алқасы мен Түркістан қалалық қоғамдық келісім кеңесі бірігіп өткізген мәжілісіне қатысу арқылы көп нәрсенің мән-жайына қаныққандай болып қайттық.

Қала әкімі орынбасары Ғ.Рысбековтың төрағалығымен өткен алқалы жиынға аумақтағы 12 ауылдық округ әкімдері мен сол 12 ауылдан келген 60-тан астам қоғам белсенділері, қалалық ҮЕҰ жетекшілері мен жергілікті БАҚ пен жастар өкілдері қатысып, өзекті мәселеге үлкен қызығушылығын білдірді.

Ақсақалдар атқа қонды

Ұлтымыздың ұлттық құндылығын берік сақтап, тарихтың тар жол, тайғақ кешуінде Көкбөрінің тектілігіне тән тазалықты ұстауда қасиетті жер, киелі қала жұмыр жердің үшінші мыңжылдығына өз биігінде келгендігіне ешкімнің шүбәсі болмаса керек.

Қашанда ынтымақ пен бірліктің, имандылық пен бауырластықтың үлгі-өнегесін көрсетіп отыратын Түркістанның заман­ның жаңашылдығына ілесе біліп, жарқын болашақтың жолындағы игі істердің басынан табылатындығы баршамызға аян.

Оңтүстік өңірінің кез-келген түпкіріне қарағанда киелі Түркістан аумағында бекзаттықтың белгісі бүгілмей, имандылықтың жүзі шуағын шашып жатса, соның бәрінің тізгінін түйіндегендей болып қазақтың абыз ақсақалдарының тұратындығы біздің де Мәңгілік ел болғанымыздың айқын көрінісі шығар, әсте. Түркістан аумағында өмір тынысы тізгінінің бір шеті қазақтың ақсақал-аға буындарының қолында келе жатқандығы шығар, олар қарапайым халықтың өмір тынысының өзекті мәселелерінен бір сәт те тыс қалмай, халқының қасынан табылатындығы.

Түркістандағы алқалы жиында сөз бастаған қала әкімінің орынбасары Ғ.Рысбеков рухани жаңғырудың жарқын істерін баянды етуді қолға алған қалалық ақсақалдар алқасы төрағасы Ж.Әзіретбергенов пен қалалық Қоғамдық келісім кеңесі төрағасы Ә.Абдикадировтар топтастыра білген ел ағаларының жаңашыл бастамашылдықтарын қала әкімдігінің қызу қолдағанын айта келіп, ел мен жердің, қарапайым халықтың жанашыры болған аға буынға түркістандықтардың ризашылығын жеткізді. Ақсақалдардың бастамашылдығымен аумақтағы барлық елді-мекендерде қоғамдық негізде жұмыс жасайтын ауыл ағалары комитетін (квартком) қайта құрып, тұрғындармен барлық бағытта тығыз байланыста жұмыс жүргізуді жолға қойып үлгеріпті.

Ақсақалдар биліктің шенді-шекпендісіз-ақ халықтың қалың ортасына барып, солармен терең түсіністік жағдайында жұмыс істеуге қолдарын жеткізген. Олар ел ішінде болып, өз өмірін жақсарту өз қолдарында екенін жеткізе отырып, бабалар  аманатына адалдық танытуда Елбасы көтеріп отырған рухани жаңғыруды баянды етудің маңызы зор екендігін жеткізе білген.

Аға буын-ақсақалдардың қарапайым халыққа деген шынайы жанашырлығына көздері жете бастаған ауыл тұрғындары да бүгінде бірлесе іс-қимыл жасауға құлшына кірісіп кеткен.

Жұмысты ішкі тәртіптен бастауды жөн деп ұйғарған аумақ ақсақалдары өздерінің алғашқы кездесуін полиция органы, оның ішінде учаскелік полиция инспекторларынан бастапты. Алғашқыда ақсақалдардың әңгімесіне сенімсіздеу қараған полиция қызметкерлері бүгінде ақсақалдарсыз аттап аяқ баспайды дегеніміз артық бола қоймас, әсте.

Түркістан бар жерде оң нәтижелі іс бар. Өмір мектебінен өткен ақсақалдарымыз қайда, кіммен болсын түсіністікпен жұмыс істеуге мүмкіндіктері барын іспен дәлелдеп берді.

«Төртеу түгел болған жерде» …

Түркістан аумағында рухани жаңғыруды нақты өмір шындығына айналдыру батыл қолға алынса, оның басында ел ағалары мен асқаралы ақсақалдар тұрды. Түркістан аумағының белгілі де, беделді ақсақалдары мен қоғам белсенділері қала әкімі  Тәжібек Мұсаевтың алдында бір емес, бірнеше рет бас қосып, өзекті мәселені жан-жақты талқылаудан өткізіпті.

Қала әкімінің алдында билікті мақтап жарапазан айтатын «дежурный» сөзді «попугайлар» емес, ел қадірін, жер қадірін біліп, қарапайым халқына шынайы жанашырлығы бар, ұрпақ алдындағы ұятты сезінетін нағыз елжанды ақсақалдар мен намысты ел азаматтарының басы қосылған сияқты бұл жолы. Дүниені су алдырып сөйлеу де болмаған, ел ішіндегі рухани азғынданудың шынайы өмір фактілері де бүркемеленіп қалмай, нақты іске көшудің жолдары ортаға салынып, ой таразысынан өткізілген. Аумақтағы белгілі де, беделді ақсақалдардың қалың жұрттың ортасына барып, елмен етене араласып жұмыс істеуді «жеті өлшеп, бір кескеннен кейін» барып қолға алыпты.

Қалалық, ақсақалдар алқасы төрағасы Ж.Әзіретбергенов, қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әскер Абдикадиров бастаған 12 ауылдық округ әкімдері, ЖДСП Түркістан қалалық филиалы төрағасы Әбдікамал Әшімбеков, Қарашық ауылдық ақсақалдар төрағасы М.Әбдақұлұлы, Иқанның ақсақалдар алқасы төрағасы Жолдас Сатыбалдиев, Жүйнек ауылдық ақсақалдар алқасы төрағасы Фархад Абдуллаев, Оранғай ауылдық ақсақалдар алқасы мүшесі Ырысқұл Сүлейменов, Өзбек мәдени орталығының өкілі Т.Саидмуратов, Ибата ауылының өкіл имамы Абубакир Хадираливтер мен қалалық ақсақалдар алқасының мүшелері, қадірлі ел азаматтары Нұрсейіт қажы Шәріпұлы, Жақсан Даханов, Т.Құдайбергенов, Шынтемір Жусиповтар Түркістандағы игі тірліктің басы-қасында болып, ел-жұртпен ортақ пәтуаға келген де, халқының қасынан табыла білген ел ардақтылары.

Түркістандық осы нағыз мемлекетшіл азаматттардың киелі Түркістан аумағында рухани жаңғыруды нақты іспен көрсетеміз деп жасаған бастамаларында айтылған ой-пікірлер мен ұсыныстары осы мақаланың жазылуында негізге алынды. Түркістандық бауырларымызда пендешілктен гөрі имандылықтың басым жататынын, қызғаныштан гөрі, қызыға айтқанымыз орынды болатын шығар. Түркістанның абыз ақсақалы Жарылқасын Әзіретбергеновтың халқының алдында шырылдап тұрып сөйлегеніне құлақ түріп көрейікші. Ж.Әзіретбергенов: «Өзбекстан Республикасының бес махалласында 5 млн. халық тұратын болса, соңғы бес жылдан бері қылмыс атаулы болмаған екен. Мұндағы басты мәселелердің 90 пайызға жуығын махалла комитеті шешеді екен», -дей келіп осы «өз ағамыз – өзбектің» игі тірлігін біздің де атқаруымызға болатынына тоқталды. Көрші елдегі халықпен тығыз байланыста жұмыс жасайтын махалла комитеттерінің дұрыс жұмыс жүргізуінің арқасында ауылдың әлеуметтік жағдайының өзекті мәселелерін, жастар мәселесін, қылмыс пен ұрлық сияқты келеңсіздіктерді тоқтатуды шешу оң нәтижесін берсе, Түркістанды да сол деңгейден көрсетуді өздерінің қасиетті парызына есептеп, шырылдаған үнін естігенде қалай тәнті болмайсың, қалай делебең қозып, оны қолдауға тырыспайсың, тілекшісі болмайсың.

Негiзi бар жерде рухани жаңғыруға жол бар

Түркістан өңірі тұрғындарының тұрмыстық тыныс-тіршілігіндегі қарапайымдылық, ибалылық, имандылық пен бауырмалдық облысымыздың солтүстік пен шығыс, орталық пен оңтүстік аумағынан көш ілгері биікте, тазалау болып келетінін айтсақ артық бола қоймас.Үлкенді тыңдау, ұлттық құндылықты бағалап, оны сақтауға тырысу, күнделікті өмір тынысындағы жаймашуақ күйге басымдық беріп, ырыс алды–ынтымаққа ерекше ден қоятындығы Түркістанды өзгешелеп көрсететінін сезбедік те, білмедік те дей алмаспыз.Қараңыз, Оранғай ауылдық округінен тиісті түрлі органдарға бір жылдың ішінде түскен 62 арыз-шағымның 61-і осы ауылдағы ақсақалдар мен махалла комитетінің талқылауынан кейін өз шешімін тапқан.

Аумаққа танымал заңгер, белгілі қоғам белсендісі Ә.Әшімбековтың ауыл тұрғындарының құқын қорғауды, жеке кәсіпкерлікке қолдау көрсетуді пәрменді еткізуде атқарған қаншама игі істерінің барын айтып тауыса алмайсыз.

Бұрынғы Түркістан ауданы ауылдарында көше комитеттері белсенді жұмыс істегенін жұртшылық ұмыта қойған жоқ. Бірақ, мына кейінгі ноқта-жүгенсіз кеткен әкімдік бәрін сыпырып тастады да, «Нарық заңы, сотқа бар. Миды ашытпа, кеңсеге тыныштық бер» дейтінді шығардық. Сонан кейін билік пен халық арасы ажырап кетті дегенді қалай айтпассың?! Түркістан аумағында ардақты ақсақалдардың да, ақжаулықты аналар мен абзал ағалардың да келісімді шешімдері мен берген пәтуаларының аяқасты болуларына жол берілмейді. Осыдан кейін бұл өңірде рухани жаңғырудың жарқын істерінің баяндылық табатынына ешкімнің де шүбәсі болмаса керек. Ұлтымыздың рухани жаңғыруының нақты істері өмірге келіп, Түркістанда игілікті істер ел қолдауына ие болып жатқанда, Мәскеудің ЦК-сының сұр кеңсесінде қалшиып отырғандай болған біздің облыстық ардагерлер кеңесі «жақсыдан үйренді» ұмытып қалмаса болар еді.

«Жүйнектiң жүйесiнiң» берерi не?

Бұл жөнінде Жүйнек ауылдық ақсақалдар алқасы төрағасы, Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Фархад Абдуллаев: «Қазіргі таңда қаламызда, жалпы қоғамда көптеген өзгерістер болып жатыр. Әлемдік жаһандану біздің момын да жуас, ынтымақ-бірлікті ту еткен халқымызға қаупін де төнгізбей отырған жоқ. Бір ауыл әкімінің бүкіл ауылды ұршықша игеруі де қиын. Содан келіп халық пен билік ортасында алшақтық пайда болуда. Халық өз бетінше арбасын сүйреп кеткен. Ауылдағы беталдылық пен бейберекетсіздікті көріп тұрып, шыдай алмай Жарылқасын Әзіретбергенов ағамызбен, Әскер ағамызбен ақылдаса келіп, өз тарапымыздан рухани жаңғырудың жолындағы нақты істерді қолға алуға кірістік»,-деп «Жүйнектік жүйенің» қыр-сырын ашып беруге тырысты.

Жүйнек ауылдық округінде он мыңға жуық халық тұратын үш: Жүйнек, Шекербұлақ, Шыпан ауылдары бар. Сол аумақты 17 участокке бөліп, ауыл ағаларын бекіткен. Оны көше комитеті, немесе квартком деп те түсінетін сыңайлы. Жүйнектегі әр участокке 100-110 үй біріктіріліпті. Әр учаскеге ауыл ағалары басқаратын 5 мүшесі бар топ құрылған. Топ құрамына жастар өкілі, әйелдер кеңесі өкілі, бір мектеп мұғалімі және ауыл әкімдігінің әкімі, ауыл ақсақалдар алқасының бір мүшесі, немесе квартком кіреді.

Әрбір топ өз участогіндегі тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жайлы толық мәлімет жинайды. Отбасы мүшесінің әрбірінің тыныс-тіршілігінен мағлұмат алынады, отбасы, үй шаруашылығы туралы, яғни, мал басы есебі, бау-бақшаның жеміс ағаштары санына дейінгі есебі алынып, жалпы тұрмыстық жағдайы назарда ұсталады. Ең бастысы, ақсақалдар алқасы басқаратын топ өз учаскесінде көтерілген мәселені өздері шешуге жауапты. Яғни, өз учаскелерінің қамқоршысы да, қорғаушысы да, жазалаушы органы да өздері болуға тиісті. Өз учаскесінің тұрғыны жазықсыз қуғындалуға алынса, топ оны қорғауға міндетті. Өзекті мәселелерді тиісті органдардың алдына қоюға қақылы.

Топ ең бірінші өз учаскесінде ішкі тәртіпті қатаң сақтауды басты назарға алып, ел ішінде беталдылықтың орын алмауына қарсы күреседі. Ақсақалдар алқасы, ауыл әкімдігі мақұлдаған топтың шешіміне сай пада шығару, ұсақ малды бақтыру, жылқы ұстауды ретке келтіру мүлтіксіз орындалатын болады. Топ өз учаскесіндегі жастар тынысынан хабардар болып, олардың үйлену, т.б. қуаныштарына қолдау жасауға ашық араласып кетеді.Ауылдарда  топтар келісе отырып, түнге қарай ауыл ішінде халық жасақшыларының кезекшілігін ұйымдастырады. Учаскелік полиция бекеті сол топпен тығыз байланыста жұмыс істеуге тиісті. Ауыл ішіндегі түнгі маскүнемдік, ұрлық жасау сияқты сорақылықтар осыдан кейін саябырситындығына сөз жоқ. Оған айтар өмір фактісі жетерлік. Бұл жасөспірімдерді тәрбиелеу ісіне үлкен ықпалын тигізетін болады.

Топ имандылықтың кең қанат жаюына, әділеттің мүлтіксіз салтанат құруын қамтамасыз етуге, ел ішінің ынтымақ-бірлігінің нығая түсуіне қалтықсыз қызмет істеуді міндетіне алады. Мұндай игі істер Түркістан өңірінде жасалынып жатыр, жасалына да береді.

«Итiң ұры десе намыстанған қазақтың…»

Бүгінгі ұрпағы ұлттың бетіне шіркеу боларлық сорақылықты кәсіп етіп алуға жетті. Кезінде еліміз Бас прокуроры «есігіне құлып салмаған қазақтың» бетіне салық, көжесіне қатық болған сұмдықты тоқтатуға үлес қосуға ел-жұртты шақырды. Бірақ, үн қосып, бас көтере қоған аймақ болған жоқ. Түркістанның «Жүйнектің жүйесінде» осы өткір мәселе назарға алынған. «Крыша» таппай ешкімнің тышқақ лақ жетектеп кетпейтінін бес жасар бала да біледі. Түркістандықтарды ұятқа қалдырып отырған–мал ұрлығы мәселесі. Ұрлағанда да аңыз етіп айтарлықтай етіп ұрлады. «Көп тауып та айтады, қауып та айтады» дегендей, ел ішінде ұрлықтың осындай дендеп кетуіне, қарақшылардың «крышалары»  құқық қорғау органының кейбір «шіріген жұмыртқалары ғой» дегенді қисынсыз айта аламыз ба? Енді оның «картасын» ыстық темірді тайсалмай ұстап, «не сәлде тұрады, не молда тұрадыны» қолға алған киелі шаһардың абыз ақсақалдары ашатын болады.

Ордабасы ауданының Жусансай ауылында мал ұрлығының болмағанына оншақты жыл болыпты. Ауыл тұрғындарының ішімдік атаулыға тоқтам салғанына ондаған жыл болса, бұл ауылда қылмыстық заңбұзушылық орын алған емес. Түркістандықтардың осы деңгейден табылатындығына нық сенім бар. Олар төлебилік ел ағаларындай бір ауылдан 47 жылқының ұрланғанын айтып, «Нұр Отанның» есігінен сығалап жүрген жоқ. Партияның облыстық филиалының тізгінін ұстаған Н.Жолдасов сияқтының қазақтың 40 жылқысына басы ауырады деп үміттенудің өзі күлкілі шығар.

(Жалғасы бар) О.Тәжиев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.