Шымкентте корейлік әлемге белгілі «Highvill» ақылды үйлері салынбақ

Шымкентте әлемге әйгілі корейлік құрылыс бренді тұрғын үй салмақ. Бұл туралы бүгін «Шымкент» ӘКК, «Highvill» құрылыс компаниясы мен Шымкент қаласының әкімдігі үш жақты меморандумға қол қойды.

Тұрғын үй кешені «Shymkent City» аумағында  пайда болады. Компания 160 млрд теңге шамасында инвестиция салмақ. Құрылыс алаңының жалпы ауданы 52 гектарды құрайды, 5500 пәтер мен 6700 орындық көлік тұрағы қаралған. Компанияның бұл пәтерлері ақылды технологияға негізделген. Мәселен, елордадағы «Highvill» кешенін астаналықтар «қала ішінде қала» деп атайды. Себебі өзіндік дәріхана, сауда орны, сұлулық салоны, балалар орталығы, гүлдер дүкені, дәмхана мен дәмі тіл үйірер мейрамханалары бар. Сондай-ақ, автокөліктер мен бөтен азаматтар кірмейтін жасыл қауіпсіз алаңдары бар.

«Меморандумға қол қою – тарихи қадам» — дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ғабит Мәуленқұлов. Әкімдік «Shymkent City» аумағынан салымшыларға құрылыс үшін 51,5 гектар жерді бөлді. Бұл жерде тек әлеуметтік тұрғыдағы ғана емес, бизнес-кластағы тұрғын үйлер де салынады.

Өз кезегінде, «Highvill»-Kazakhstan» компаниясының бас директоры Канг Джон-Дэ: «Шымкент – Қазақстанның үшінші мегаполисі ретінде компанияға озық тәжірибені енгізуге мүмкіндік беретін алаң ретінде қызықты болып отыр» – деп атап өтті.

«Біз әкімдікке Шымкентте үй салуға мүмкіндік бергеніне алғысымызды білдіреміз. Біздің компания 2004 жылдан бері құрылыс саласында жұмыс істеп келеді және осы жылдар бойы жинақталған тәжірибені  Шымкентте салынатын үйлерде жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз», — деді.

Сондай-ақ, «Шымкент» ӘКК-ның директоры Айтмұхамбет Алдажаров бүгін көптен күткен келісімге қол жетіп отырғанын, сапалы тұрғын үй кешендерін салудағы «Хайвилл» компаниясының жаңа ізденістегі жұмысын оң бағалайтынын жеткізді.

«Шымкент сити» —  қаланың солтүстік аймағында орналасқан, он екі орамнан тұратын тұрғын үй кешені. Онда шағын және орта кәсіпкерлік, сауда орталықтары, емхана, ойын-сауық орталығы, гүлзар мен демалыс аймағы болады деп күтілуде.

 «Highvill» компаниясы – Кореяда тұрғын үй салудағы ең танымал бренд. Компания ыңғайлылық пен инновацияға аса мән береді. «Highvill» ең заманауи шешімдерді қолданып, тұрғындарға жағымды әсер ету керек деп есептейді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.