«Славян базарына» Қазақстаннан кім қатысатыны белгілі болды

«Витебсктегі Славян базары» халықаралық өнер фестивалінде осы жылы алғаш рет «Ұлы дала өнері» атымен Қазақстан күні өтеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Витебсктегі Славян базары» осымен 27 рет өтіп жатыр. Біз жиырма жыл бойы осы фестивальге қатысып келеміз және бас жүлде мен алғашқы үздік үш орынды әркез біздің елдің өкілдері алып келе жатқаны жасырын емес. Осы жылы Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева аталған фестивальде қазылар алқасына төрағалық ететін болады. Сонымен қатар, Беларусь мемлекетінің президенті Александр Лукашенко

«Витебсктегі Славян базары» аясында Амфитеатр алдындағы жұлдыздар алаңында Роза Қуанышқызының жұлдызын жағу туралы сәйкес жарлыққа қол қойды. Бұл маңызды оқиға Қазақстан күнін өткізумен тұспа-тұс келіп отыр», — деді Қазақстанның Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Қазақстан мен Орталық Азиядағы «Славян базары» халықаралық фестивалінің ресми өкілі Қарлығаш Әбдікәрімова.

Сонымен қатар, баспасөз мәслихатында белгілі болғандай, Беларусь мемлекетіндегі «Ұлы дала өнеріне» елімізден Нағима Есқалиева, Жәмиля Серкебаева, Маржан Арапбаева, Ерлан Көкеев, Әлішер Кәрімов, Динара Сұлтан секілді бірқатар өнер өкілдері барады. Ал әнші Ернар Садырбаев «Витебсктегі Славян базарында» Қазақстан атынан өнер бәйгесіне түсіп, бақ сынайтын болады.

«Славян базары» жобасының арқасында біздің елімізден көптеген танымал әнші-әртістер шығып, қазір Қазақстан және әлемге танымал болуда. Соның айқын мысалы ретінде Димаш Құдайбергеновті атап өтуге болады. Ол қазір әлемдік аренадағы жұлдыз. Ал, осы жылы «Славян базарына» Қазақстан атынан Ернар Садырбаев қатысатын болады. Ол көпшілікке «Әмре» лақап атымен танымал. Біз оның дайындығына барынша көмектесудеміз. Менің пікірімше, ол сайысқа түсуге дайын», — дейді продюсер Жан Мұқанов.

Әнші Ернар Садырбаев мәлім еткендей, байқауға үш ән дайындалуда. Соның бірі — Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әні» және ол туынды өзгеше, яғни, конкурстық стильде орындалатын болады.

Еске сала кетсек, 2015 жылы Славян базары фестивалінің бас жүлдесін Димаш Құдайбергенов жеңіп алған болатын. Димаш ағымдағы жылы «Славян базары» конкурсының балалар арасында өтетін сайысында қазылық еткен. Балалар бағдарламасына Қазақстан атынан 7 жастағы Әбілқайыр Жұмабай қатысады.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.