Әйелiме қол көтерiп қоя беремiн…

 

Келіншегім Гауһарды қатты жақсы көремін. Бірақ, соңғы кездері екеуміз көп ұрсысып қалатын болып жүрміз. Сонда ол үндемей қоя салса ғой, жоқ, менімен бірге бажылдасып тұра береді. Онымен қоймай, баяғыда ұмытылып кеткен нәрселерді қозғап, ұрысты өршітіп жібереді.

Мен еркек адам болған соң оның бажылдағанына шыдай алмай, жұдырықпен періп қаламын. Содан кейін үні өшеді де, кереуетінде еңіреп жатады. Оның жылап жатқанын көргенімде жаным ашып кетеді, «Күшім осыған ғана жетті ме?» деп істеген тірлігіме өкінемін де, кешірім сұрап, бұлай етпеуге уәде беремін. Дегенмен, ойлағанымдай болмайды. Ұрыс-жанжал орын алса, жұдырық ала жүгіруді әдетке айналдырып барамын. Менің осы әдетімнен кейін Гауһар «мені күйеуім жек көреді» деп ойлайтын шығар. Бірақ, олай емес. Мен оны бұрынғыдай жақсы көремін. Тек маған қырсықпай, айтқанымды істесе болғаны, мұның бірі де болмас еді. Жалпы, көп әйелдер осылай өз абыройын өздері төгеді. Мен ұрыс-керісі бітпейтін отбасылар сияқты әйелімді де, балаларымды да мезі еткім келмейді.

Мысалы, жақында туған күнге баратын болдық. Мен жұмыстарыммен жүріп, ол жайында мүлде ұмытып кетіппін, содан үйге кеш оралдым. Келсем, әйелім боянып, киініп, дайындалған күйі төсек үстінде жылап жатыр екен. Болған жайды түсіндіріп, қанша кешірім сұрасам да, әйелім бет бақтырар емес, «Сен үнемі осылайсың, азаннан кешке дейін бала қарап отырған менің қамымды ойламайсың», — дейді. Бір туған күнге бола осылай жанжалдасып тұрғанымызға шыдай алмай, бетінен салып қалдым. Қазір екеуміз екі бөлек ұйықтаймыз. Келіншегімнің өкпесі қайтар емес. Басылым арқылы Гауһардан өтініп кешірім сұраймын. Енді мұндай жағдайға бармаймын, тек сен соған жол бермеші…

Қуаныш.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.