Жездесiмен көңiл қосыпты.

Бұл оқиға осыдан 5 жыл бұрын болған еді. Сол жылдары біздің көшеге жас отбасы көшіп келген еді. Өздері жақсы адамдар екен, көршілермен тез танысып, араласып кетті. Жағдайлары өте жақсы, күйеуі Айдардың өзінің жеке фирмасы бар, келіншегі Айсұлу да өзінің сән салонын ашып, тәп-тәуір жұмысын жүргізіп отырған көрінеді.

Біз Айсұлу екеуіміз олар көшіп келген күннен-ақ жақын құрбы болып кеттік. Ол кезде жас отбасының шаңырақ көтергеніне небәрі бір-ақ ай болыпты. Көп өтпей Айсұлу құрсақ көтеріп, құсағындағы сәбиі алты айлық болғанда денсаулығын қатерге тікпеу үшін жұмысқа бармауды ұйғарды. Ал Айдар болса таңертеңнен кешке дейін жұмыста. Күні бойы үйде жалғыз қалатындықтан, босанар уақыты таяғанда өзінен 3 жас кіші студент сіңлісі Айманды қасына шақыртып алды.

Алғашында Айдар кешке жұмыстан келгенде барлығы бірге дәмханаға барып, серуендейтін. Кейін келе Айсұлудың жүріп-тұруы қиындай бастаған соң Айман мен Айдар кешкі серуенге өздері шығып кететін болды. Айманның ойында ештеңе жоқ, «Менің бетіме қарап, үйге қамалып отырғанда не істейді? Қыдырса, бөтен адам емес, өз жездесі ғой», — деп онша мән бермейтін. Бірақ, олардың екеуден екеу қыдыруы жиілегені аздай, тіпті кейде таң ата бір-ақ оралып жүрді. Осыдан кейін көңіліне аздап күмән кіре бастаған Айсұлу Айдар мен Айманның бір-біріне көзқарасы, өзара әңгімесі де өзгере түскенін байқайды. Сонда да екеуі де ет жақын адамдары болған соң, жамандыққа қиғысы келмеген.

Бірде түнгі сағат 12-лер шамасында Айсұлу оянып кетеді. Қасында Айдар жоқ екен. Су ішейін деп, асүйге барып, жарықты қосып қалса, өзінің туған сіңлісі мен күйеуі сүйісіп тұр екен. Мұны көрген ол аяқ-қолы қалтырап, есінен танып қалады.

Есін жиған соң күйеуін де, өз әпкесіне опасыздық жасаған сіңлісін де үйінен қуып жібереді. Сол күннің ертеңіне-ақ Айдар келіп, кешірім сұраудың орнына беті былқ етпей, ажырасу туралы құжаттарын алып келеді.

Ақшаның күшімен бір деммен-ақ некелерін заңды түрде бұзған Айдар өзінің әлі дүниеге келмеген баласына да қарамастан, Айманға үйленіп алды. Қазір Айсұлу әлі сол үйде жалғыз тұрады, баласы өзінен айнымай қалған, сүп-сүйкімді. Ал Айманмен сол кезден бері ат құйрығын шарт кесіскен. Естуімше, Айдар қазір Айманмен де ажырасып кетіпті.

Қарлығаш.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.