Сәләфизмнен сақтануда сергектік керек

Жат ағым өкілдері ұлттық құндылықтарымызды, діни танымымызды, бүкіл шежіремізді жоққа шығарып отыр. Қазақты исламды енді ғана қабылдаған ұлт ретінде көрсеткісі келеді. Қазақ балаларын бұрынғы бабалары жүріп өткен жолына күдікпен қарауға үндейді.

Кеңестік жүйе кезінде «ұлтсыздандыру идеологиясы» деген үлкен саяси жоба болған. Ал сәләфизмнің ұстанымы одан да асып түскелі тұр. Себебі, мұнда екі мәселе қойылады: адамның болмысын жою және мінезін жою. Мінез – ұлттық ерекшеліктер болса, болмыс – сол ұлттық мәдениеттің барлық қабаттары. Соның барлығына қарсы тұратын «изм»-нің атын «сәләфизм» деп атайды.

Бұл бүгінде жаһандық үдерістегі діни-радикалды, эстремистік және террористік жікшіл ұйымға, мұсылмандар арасында фитна (араб сөзі – хаос, ылаң) тудыратын негізгі ағымға айналып үлгерді. Қазіргі таңда сәләфизм Қазақстанда өздерінше идеологиялық, әсіресе, миссионерлік платформасын дайындап жатыр. Олар өздерін сууриттер, макфалиттер мен тәкфириттер деп үш категорияға бөліп тастаған. Бұл – өте қате, саяси спекулятивтік, ғылыми танымға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын анықтама.

Осы кереғар ағымдардан жастарды сақтандыруда Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі мен қоғамдық бірлестіктер, жастар орталықтары пәрменді іс-қимыл жүргізуді жүйелі жолға қоя алғандарын көрсетіп отыр деуге болады. Қала жұртшылығы кеңінен құлағдар болған бірқатар игі істердің жүзеге асырылғаны баршаға аян.

Айталық, қысқа балақ пен қауға сақалға қарап, біз оларды террорист дей алмаймыз. Себебі, ол бүлік шығаруы қажет немесе адам өлтіруі керек. Сонда ғана біз оны қылмысқа тартамыз. Міне, бұл – құқықтық таным. Саған ешкім тиіспесе, тонамаса, зорламаса, пышақ тығып алмаса, оны соттай алмаймыз. Бірақ ішімізден жек көруіміз мүмкін. Осыны «құқықтық таным» дейміз. Ал сәләфизмге тек қана осы тұрғыдан қарасақ, біраз жыл бұрын Ақтөбе оқиғасы орын алды. Жазықсыз жандар жапа шекті. Енді, не қарап отырмыз? Халқымызды қырды, тыныштығын бұзды, бірлігімізге сызат салды. Бұл аз десек, құқық қорғау органдарына халықтың сенімі азаюда. «Қайда қарап отыр?» деп шулап жатыр. Бұдан артық не керек?

Қоғамның қатерлі індеті сәләфизм, уахабизм сияқты басқа да ағымдардан жас ұрпақты сақтауға Шымкент қалалық әкімдігінің ішкі саясат бөлімі, қаладағы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мен қала мешіттеріндегі дін қызметкерлері өзара тығыз байланыста отырып, жұртшылықққа ықпалы ерекше түрлі іс-шараларды ұйымдастырып, ауқымды жұмыстарды атқарып жатқаны барша қала тұрғындарының көз алдында өтіп жатқаны айқын-ақ.

Ең бірінші, адам туған кезіндегі ат қоюдан бастап, тағы басқа салт-дәстүрлер дінмен үндесіп келеді. Сәләфизм оған қарсы шығады. «Ойбай, қазақтың бұрынғы аттарын қоймаңдар! Әбдулуаһап болсын, Әбдулқаһар болсын, Әбдусамат болсын» деген сияқты ақыл айтады. Одан кейін өлім. Әлгілеріңіз «Адам қазір өлді ме, бір сағатта, тез көму керек» дейді. «Шариғат бойынша күттіру деген – харам, жетісін, қырқын беру деген – харам» деп, сенің дәстүріңді жоққа шығарады.

Дәстүр деген не? Бұл – ежелден келе жатқан діни тәжірибеміз. Бұл – біздің кәсібіміз, өмір сүру салтымыз. Қазақта ас беру неден қалды? Бұрын Алтайдың арғы жағындағы бір қазақ Алатаудың етегіндегі бауырының әкесіне көңіл айту үшін жиырма күн жүріп келетін. Шындығында, ондайда ас беру шарт қой. «Мен қаралымын, мен саған ас бере алмаймын» деген ұғым жоқ. Өлім – хақ, Алланың ісі, ал ас – адамның бүгінгі қажеттілігі. Екеуін екі бөліп қарау қажет. Осы тұста Шымкент қаласында мұсылмандардың жерлеу рәсіміне қатысты жөн-жоралғыларын ретке келтіру де қолға алынғанын айрықша айтып өтуге болады.

Дін арқылы жастарды, жастық энергияны бөлшектеуге болмайды, дін арқылы қазақты бөлуге болмайды. Демек дін мен мемлекетті бөлушілікке емес, бірлік идеясына назар бөлгеніміз абзалырақ. Себебі мемлекет болмыссыз мәңгілік бола алмайды. Оны кешегі «жетпіс жылдық кеңестік атеистік  идеология» дәлелдейді.

Бірақ ең бастысы, мемлекет кереғар ағымдардың қазақ мемлекеттілігін дамытуға, оның баяндылығына ең басты қауіп екендігін біліп, сезініп отыр. Дегенмен әлі де болса, мемлекетте осы экстремистік діни топтармен күресуде сыртқы күштердің ықпалы басым сияқты болып көрінетінін жасыра алмаймыз. Шымкент қаласында осы өзекті мәселеге қатысты қолға алынған тиянақты істер бар, ал оның оң нәтиже беретінін нық сеніммен айтуға болады

Досай Кенжетай,

т.ғ.д., профессор.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.