Елорда – елдiң бiрлiгi, Елбасы ерлiгi

Жақында Түркияның астанасы Анкарада Астана қаласының 20 жылдығына арналған алқалы басқосу өткенін бұқаралық ақпарат құралдарынан оқыған едік. Сол жиында өзіміз өте жақсы білетін біршама қайраткерлер – түрік бауырларымыз Қазақстан қоғамы тұралап тұрған тарихи тығырықты тұста Астанадай қала салуға қаһармандық қадам жасау Нұрсұлтан Назарбаевтың нағыз батырлығы, ерен ерлігі екенін ерекшелей келе елордамызды «Түркі әлемінің жүрегі» деп атапты. Ал айтулы, мәшһүр профессор Мұса Йылдыз: «Қазақстанның бас қаласы – ел мен жерді рухани оятуды көздейтін қазіргі заманғы Түркі астанасы», -деп түйіндепті.

Астананың жиырма жылдық мерекесі күн сайын, сағат сайын жақындап келеді. Ұлы Дала елінің, Қазақстанымыздың әрбір патриот азаматы нұр келбетті Астанамыздың, Бәйтеректі бас қаламыздың қарыштап дамығанына қуанып, құтты қадамдар тілейтіні аян. Астанамыздың абыройы асқақтап, беделі биіктеп, бүкіл әлем көз тігетін, қызыға қарайтын, қазақстандықтар шат-шадыман сезімге бөленетін шаттық шаһарына айналды. Арқаның ажарына, Азаттықтың айғағына баланды. Тәуелсіздігіміздің тұғырына, тұрақтылық пен татулықтың тірегіне, түрік бауырларымыз жаппай жадырап жазып, айтып жатқандай, Түркі әлемінің жүрегіне ұқсатты. Күллі дүние жүзі мойындап отырғандай, осының бәрі де–Көшбасшымыздың көрегендігі мен кемеңгерлігінің, болашақты болжай білгендігінің, батыл бастамашылдығының, ізгілігі мен ізденімпаздығының нәтижелері.Жеңістері мен жемістері.

Қазір Қазақстан Республикасы әлемдегі ең озық отыз елдің қатарына енуге ұмтылыс пен құлшыныс танытуда.  «Күллі әлем таныған, құрметтеп төріне оздырған беделді мемлекетпіз. Мұның бәрі бір күнде, бір сәтте бола салған жоқ»,-дейді Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Өмір өткелдері» атты сұхбат кітабында. Шынында да Мемлекет басшысы назар аударғандай, адам баласы тез ұмытуға бейім, халқымыздың бәрі бірдей бүгінгі бейбіт, бақуат өмірдің қан­дайлық қиындықтармен келгенін терең түйсіне бермейді, елдің дамып, көркеюі, Астананың асқақтауы – өзінен-өзі бола салғандай, үйреншікті сезілетіні де рас.

Елордамыз – Елбасымыздың ерен ерлігі. Мұны жер жүзінің екі жүзге жуық мемлекеттерінің баршасы мойындайды. Бұл – айдай ақиқат. Астана арқылы, Астанада өтіп жатқан дүниежүзілік, халықаралық алуан түрлі, бейбітшілікке, тұрақ­тылыққа, татулыққа, адамзаттың бүгіні мен болашағына, ізгіліктің мәңгілігіне қызмет ететін ірі-ірі, маңызды да мәнді шаралар арқылы біздің Көшбасшымыз жаһанды таңғалдырып келеді.

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Астана туралы ұлы бастамасын, ізгілікті идеясын 1994 жылғы 6 шілдеде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің отырысында жариялады. Күрделі де қиын, бірақ көкейкесті мәнісі бар сындарлы шешімнің неліктен қажет екендігін аз сөзбен ғана айтып берген болатын. Әрине әркім әртүрлі қабылдады. Қабылдағысы, тіпті құлақ қойғысы келмегендер де көптұғын.

1997 жылғы 10 желтоқсанда Мемлекет басшысының бастауымен Алматыдан шыққан көш-керуеннің Арқа төсіне, Есіл-Нұра жағалауларына қарай бет түзегені белгілі. 1998 жылғы 6 мамыр күні Президентіміздің Жарлығына сәйкес Ақмола Астана атауына ауыстырылды.  Айта берсек, Астана шежіресі туралы шертілер сыр аз емес.

Сол тоқсан жетінші жылы негізгі көш-керуеннің жолға шығарынан біразырақ уақыт бұрын Нұрлан Нығматулин басқарған топ Ақмола қаласына барғанбыз. Қазан айының аяғы болатын. Негізгі мақсатымыз–алдын ала дайындық жұмыстарын ұйымдастыру, Мемлекеттік рәміздерді апару, мемлекеттік органдардың алғашқы кезекте көшірілетіндеріне мүмкіндігінше жағдай жасау және тағысынтағылар. Президент Әкімшілігінен барған бес адам едік. Өте-мөте өзекті, мемлекеттік мәселелер көп болатын. Бәрін бірден шешпек тіпті де оңай емес. Ан-24 ұшағымен жеткеніміз есімде. Моторы бырылдаңқырап, үш сағаттай ұштық қой. Ол кездегі Ақмоланың қандай екені белгілі. Жай ғана жайдақ қала. Тұрғындар саны мүлде аз.  Ұзын сөздің қысқасы,  жұмыстарға қызу кірісіп кеттік. Алматыдан көп ұзамай көш-керуен шығады. Екі жарым айға да жетпейтін уақытта талай тірлікті тындыру керек. Елбасымызға байланысты атқарылар, дайындалар жағдаяттар жетіп артылады. Мемлекеттік рәміздер жаңа астанада айшықтана менмұндалап көрінгені ләзім. Ең басты қиындық, жасыратыны жоқ, тап сол қазан-қарашадағы қақаған суыққа байланысты еді. Алматыдан барғандар үшін ауыр болғаны рас.

Қарашаның басында аяз 40 градустан асты. Сегізінші қараша күні Мемлекеттік рәміздерді Алматыдан Ақмолаға көшіру рәсімін өткіздік. Сол күні температура 39 градус болып тұрды. Президент резиденциясын әзірлеп үлгеріп, Алматыдан апарылған Гербіміз–Елтаңбамыз бен Мемлекеттік Туымызды салтанатты жағдайда орналастырдық. Абылай хан көшесінде жатақхана сияқты, бес қабатты екі коммуналдық үйге орналастық. Әр пәтерде 3-5 адамнан тұрдық. Таң қылаң бергеннен бастап түн ортасына дейін жұмыс. Тамақтанудың өзі де оңай емес-ті. Ақмолада сапалы ас ішетін орындар да жоқтың қасы ғой ол кезде. Алғашқыда, тіпті Ақмолаға кө­шіп барған кезде де адамдарда күдік пен күмән көпке дейін сейілген жоқ. Сенбеді. Талайлар. Бәрін де Елбасымыздың ерлігі жеңді. Нұрсұлтан Әбішұлының қайран қаларлықтай қасиеттері айтылып, жазылып жүр. Ол кісінің адамды, жұртты баурап алатыны, ішкі-сыртқы мәдениеті, эрудициясының заңғар биіктігі, өзі бастаған ісіне өзін де, өзгені де сендіріп, иландыра алатыны таңғалдырады. Бірте-бірте Елбасы идеясына бәрі де сенді. Иланды. Сенім соншалықты ерекше екпінмен нығайды. Көп ұзамай мемлекеттік органдардың бәрі көшірілді, артынша елшіліктер де шетінен қоныс аударуға кірісті…

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев–Астананың авторы, бас сәулетшісі. Астананың архитектурасы айрықша болса, ол дағы–Елбасымыздың ерлігі, еңбегі. Көптеген ғимараттардың әуелгі жобасын өз қолымен сызды Президент.Тіпті тамақтанып отырып-ақ асханалардың ақ майлықтарына сызып көрсетіп, бастап беретін. Мәселен, Президенттің Мәдениет орталығы, Бәйтерек сияқты сан алуан сәулет өнерінің туындылары Мемлекет басшысының сызбаларынан бастау алған.Елбасы әрбір ғимараттың салыну барысын жіті қадағалап, тынымсыз тексеретін. Президент Әкімшілігінің ең алғаш орналасқан ғимараты қалалық әкімшіліктің артқы жағындағы төрт қабатты жай еді. Ол жуық арада біте қоймады. Желтоқсанда Парламент палаталарының алғашқы бірлескен отырысы өтуі тиіс. Мазасыздық күшейе түсті. Тоғызыншы желтоқсан күні кешке тағы да бардық. 600-700 адам жұмыс істеп жатыр. Негізгі бөліктері сыланып біткен, сырлауға кіріскен. Ал ертеңіне Елбасы Сенат пен Мәжілістің біріккен отырысын ашуы керек. Дайындықтардың деңгейі әлгіндей. Түн ортасы ауа қайттық. Таңертеңгі сағат жетіде асығып жеттік. Тағы да. Жұмыс әлі жалғасуда.  Қарқынды жан-жақты күшейтіп-ақ бақтық. Құрылыс сатылары, басқыш-баспалдақ тақтайлар тез жинастырыла бастады. Басқа да нәрселер асығыс түрде әкетіліп жатыр. Шыдай алмай әр қабатқа шығамыз. Сағат таңғы тоғызда күмбезді залға ковролан төселе бастады. Жиһаздардың шеті көрінді. «Уһ!» дедік-ау. Үстелдер мен орындықтарды қойып, Мемлекеттік ту қойылды. Сағат тоғыздан отыз минут өткенде қос палата депутаттарын отырғыздық. Сағат 9:50-де бәрі сақадай-сай дайын болды. Бір кезде: «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев!» деген салтанатты дауыс естілді. «Сәби күлкісі сақталған кісі» деп белгілі жазушымыз жазғандай, ақеділ күлімсіреп, Астананың авторы, Ұлт Лидері кіріп келе жатты… Бұл бір ғана жағдайдың еске алынғаны ғой. Мұндай-мұндай мәністер, әрине аз болған жоқ.

Бәрі ә дегеннен, бірден, өздігінен оп-оңай жүйелене салмайды.  Бүгінде біз Астанаға жиі барамыз. Соның өзінде қайран қаламыз. Елордамыз жыл сайын, ай сайын емес, күн сайын көркейіп келеді. Елбасымыздың еңбектерін қайталай қарағанды жақсы көремін. «Еуразия жүрегінде» атты кітабы 2005 жылы шықты. Ылғи да үстелімде тұрады. Осынау таңғажайып туындысына Нұрсұлтан Әбішұлы Әбу Насыр әл-Фарабидің: «Шынайы бақытқа жеткізетін істерде тұрғындары өзара көмектесу мақсатын алға қойған қала қайырымды қала болып табылады, ал азаматтары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам–қайырымды қоғам» деген қанатты қағидатын эпиграф етіп алған. Кітаптың кіріс­песіндегі беташар сөзінде Елбасы: «Дәуірдің табы мен мәнері екі-үш айшықты сызбамен бейнелене береді. Эйфель мұна­расы, Вест­минстер, Кремль… Бұл астаналық нышандар – әлем картасының ең үздік жолбасшылары. Олар бұл күнде солай жаратылған сияқты қабылданады. Алай­да олар белгілі бір адам­дардың дарынымен және еңбегімен жасалған. Астананы құру – ұлттық тарихтың жаңа мәтінін жазу. Мұндай мәртебе әрбір ұрпақтың маңдайына бұйыра бермеген. Екі мыңжылдықтың тоғысында біз шешім қабылдап, Еуразияның жүрегінде іс жүзінде жаңа астана құрдық», деп жазған. Осы кітапта небір қызғылықты, бүкіл өміріңе қызметіңе өнеге боларлықтай жағдаяттар баян етіледі. Елбасы «шенеунік» деген атау алған әлеуметтік топ туралы әсерлі әңгімелеп, тың қорытындылар жасайды, тосын ойлар түйіндейді.

«Тарихқа сенсек, алғашқы шенеуніктер ежелгі Қытайда пайда болыпты. Олай болса, әлемдегі алғашқы астана да Қытайда пайда болғаны даусыз»,-дейді Президентіміз. Елбасының парасатты пайымынша, қалаларды астанаға айналдыратын, мемлекеттің мүддесі мен келешегі үшін астаналық өзгерістер жасай алатын бір күш–осы шенеуніктер.

«Нақ осы астаналық шенеуніктік қана мемлекеттің саясатында беткеұстар билік жүргізушілер болып табылады. Мемлекеттік басқару мен құрылыстың мол тәжірибесін жинақтаған ғұмырымда мен астаналық шенеуніктіктің тұлғасына, солардың іскерлігіне мемлекеттің тағдыры түгелімен тәуелді екендігіне көз жеткіздім»,-дейді Мемлекет басшысы. Мінеки, осы жолдарды қайталай қарасақ, Елбасымыздың жас астананың жаңа әкімшілік келбетін қалыптастырудағы алғашқы қадамдардың бірі ретінде мемлекеттік аппараттар үшін білікті қызметкерлер мен кәсіби басқарушыларды даярлауға айрықша көңіл бөліп, сол мақсатта мемлекеттік қызмет саласын сан алуан қырларынан жетілдіріп, ірі-ірі реформалар жасап келе жатқанына тәнті боламыз.

«Көптеген мысалдар көрсетіп отырғандай, астананы көшіру ғана іс жүзінде шенеуніктіктің белгілі консерватизмін еңсеруге жәрдемдесіп, жаңа астанадағы жұртшылықтың озық ой ауанын кейіптеп, бейнелей алатын шенеуніктердің жаңа шоғырының көмегімен бұдан кейінгі өзгерістерге жол ашуға мүмкіндік берді»,- дейді Президентіміз. Осылайша Мемлекет басшысы уақыт талабымен және прогресс пәрменімен ашылған жаңа астана қалыптастырудағы шенеуніктік мемлекеттік аппарат негізін қалай құрайтынына терең ой жібереді және әрбірімізді толғанысқа түсіреді.

Мықты мемлекеттік аппаратты да жаңа астана жарасымды, жаңаша қалыптастыратынына, заман жүгінің ауыр салмағына байланысты мемлекет жүрегі – Астана мен оның орналасқан жері тыңғылықты түрде ішкі саяси сілкілеуден өтпесе, бұл мемлекеттің бүгініне ғана емес, келешегіне де салмақ салуы мүмкін екенін көрегендікпен кескіндейді. Елбасымыздың кемеңгерлігіне барған сайын тәнті бола бересіз. Шынында да тұңғыш Президентіміз тәуелсіз Қазақстанымызда батылдықпен, бастамашылдықпен қолға алған сценарийге сәйкес саяси өзгерістер дәуірі астананы республиканың гео­саяси орталығына көшіру ауыртпалығымен тығыз байланыстырыла отырып, күшті президенттік биліктің құдіретімен жүзеге асырылды емес пе?! 2004 жылғы маусымдағы жағдай бойынша Астана Қазақстан Республикасының әкімшілік орталығы және 517300 тұрғыны мен қонақтарына жайлы тұрмысты, жаңаша өмірді қамтамасыз ететін, қауырт даму үстіндегі, инфрақұрылымы дамыған үлкен шаһар деп бағаланатын. Тап осылай айтылатын. Жазылатын. Елбасымыз «Еуразия жүрегінде» кітабында да тамаша тұрғын үй кешендерін, еңселі әкімшілік ғимараттарын, гүлзарлар мен фонтандарды, еңселі ескерткіштер мен монументтерді мерейлене суреттеп, тізбелей тізімдейді. Одан бері де, мінеки, он төрт жыл өтті. Есіл бойындағы ерекше елорда екі еседен әлдеқайда артық деңгейге дамып кетті. Қарыштап өсті. Қарқындап көркейді.

Біз сонау 1997 жылғы қазан айында барғанымызда Ақмолада 280 мың ғана тұрғын бар еді. Қазір тек оқушылардың саны 250 мыңнан асыпты. Астананың 20 жылдығы мерекеленетін биылғы жаз өтіп, қыркүйек келгенде елорда мектептерінің бірінші сыныбына 20 мың балдырған барады екен. Студенттердің саны 53 мыңға жуықтаған. Ал Астанамыздың халқы 1 млн. 50 мыңға жақындады. ЮНЕСКО-ның өзі «Бейбітшілік қаласы» атаған зау-заңғар бас қаламыз бүкіл байтағымыздың заманауи дамуына серпін берді.

Көшбасшымыздың көрегендігі мен кемеңгерлігі арқасында күні кеше ғана шырайлы Шымкент шаһарына республикалық қала мәртебесі беріліп, үшінші ірі мегаполиске айналса, өңір орталығы Қазақ хандығының астанасы болған, Ұлы Жібек жолындағы жөні бөлек, жосығы ерек мекенге, түркі дүниесінің текті төріне көшірілетін болып, облысымызға Түркістан атауы берілді. Екі аптадай бұрын ғана Мақтааралда Жетісай, Сарыағашта Келес ауданы пайда болған. Жылы жақтың жұртшылығы жан-жүрегімен қатты қуануда. Тарихи маңызы орасан зор оқиғалардың бәрі де – Елбасының ерен ерлігімен қолға алынған рухани жаңғыруымыздың нақтылы нәтижелері. Берекелі бетбұрыстар. Кемел келешекті көрегендікпен болжай білмектің жемістері мен жеңістері. Иә, Астана–әлемдік әйдік шаһар. Түркі әлемінің жүрегі. Түркістан – түркі дүниесінің рухани астанасы, текті төрі. Алда–Астананың мерейлі мерекесі.

Осы жылдың басында Түркістан облысында «Астананың 20 жылдығына–20 нысан» акциясын бастаған едік. Олардың бірқатары пайдалануға берілді. Енді жаңаша аталған өңірдің орталығы Түркістанда, Шардара, Мақтаарал, Төле би, Бәйдібек, тағы басқа аудандарда тұрғын үйлер, бизнестік-кәсіпкерлік кәсіпорындар, бала­бақшалар, демалыс орындары ашылып жатыр. Елорда тойына тарту мол.Түркістан облысының тұрғындары ұлыстың ұйытқысы атанған қасиетті қара шаңырақ өңірдің өзгеше дәстүрлерін сақтап, жаңғырта түсіп, бірлік пен ынтымақты нығайтып, жұмыла жұмыс істей береді. Ал ежелгі Түркістан шаһары жаңа орталық ретінде Түркі әлемінің жүрегі атанған Астанаға қарап бой түзейтіні сөзсіз.

 Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, 

Түркістан облысының әкімі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.