ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҚАЗАҚ БАТЫРЛАРЫ КӨРМЕСІН БЕЛЬГИЯЛЫҚТАР ДА ТАМАШАЛАДЫ

Түркістанда Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің 40 жылдығына орай Абылай ханның немересі Кенесары Қасымұлының өмірі мен қайраткерлігіне арналған «Қазақта Кенекемдей ер өтпеген…» көрмесі өтті.
Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы болғаны белгілі. Тәуелсіздік жолында бүкіл өмірін сарп еткен хандарымыз бен билеріміз, батырларымыз аз емес. Солардың бірі де бірегейі – Кенесары Қасымұлы. Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы – өшпес өршілдігімен, қайтпас қайсарлығымен, халыққа деген риясыз көңілімен ел есінде мәңгі қалған.

Тарихи мәні терең көрмеде «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қорында сақталған Кенесары ханның Орынбор шекарасының басшысы генерал-майор Г.Ф.Генсқа 1842 жылы жазған хатымен қатар, Омбы облыстық өлкетану музейінде сақталған қару-жарақтарының суреті, Түркістан облыстық тарихи өлкетану музейінде сақталған Кенесарының қылышы мен Санкт-Петербург музейінде сақталған кісе белдігінің суреттері және сол кезеңдегі орыс әскерінің қарулары, Лефоше револьвері мен ХІХ ғасыр винтовкасының түпнұсқасы, Қоқан әмірлігі зеңбірегі, тарихшы ғалымдардың Кенесары Қасымұлы туралы зерттеу еңбектері қойылған.
Шараға Түркістан қаласына Бельгия және Голландия елдерінен келген шетелдік туристер, музей қызметкерлері мен қала тұрғындары, бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің директоры Ахметжанов  Нұрболат Қадырұлы жиынға қатысушыларды айтулы көрменің ашылуымен құттықтап, маңыздылығын жеткізді.
Сондай-ақ, Бельгия елінен келген қонақтар да барша түркістандықтар мен музей қызметкерлерін Елодамыз Астана қаласының 20 жылдығы және «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің  40 жылдық мерейтойымен құттықтап,  музей қызметкерлеріне шексіз алғысын білдірді.

Көрменің мақсаты- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген тарихи құндылықтарды кеңінен дәріптеу, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қорында 40 жылдан бері жинақталып келе жатқан ең қастерлі, тарихи жәдігерлермен жұртшылықты таныстырып, деректері жөнінде мағлұмат беру, жастарды өткенді құрметтеп, қадірлеуге шақыру, отансүйгіштікке баулу болып табылады.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.