ОТЫРАРДЫҢ КӨРМЕСІ МАҢҒЫСТАУДА АШЫЛДЫ

Маңғыстау облысы тарихи-өлкетану музейінде Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ұйымдастыруымен Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында және Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Киелі Отырардың мәдени мұралары» тақырыптық жылжымалы көрмесі ашылды.
Құнды жәдігерлерді кеңінен насихаттауға арналған шараны Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының мүшесі, өлкетанушы Отыншы Көшбайұлы және Маңғыстау облысы тарихи-өлкетану музейінің директоры Тамара Қалмырзақызы құттықтау сөзбен ашып, көрменің маңыздылығын жеткізді. Тарихи қос мекеннің ұлы мұраларын ұлықтаудың белгісі ретінде музей басшысы отырарлықтарға сый-сияпаттарын да табыстады.
Шараға Маңғыстау облысының өлкетанушылары, облыстық тарихи-мәдени қорық қызметкерлері, Маңғыстау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты мәдени мекемелердің қызметкерлері, қала қонақтары және БАҚ өкілдері қатысты.
Көшпелі көрмеде музей қоры жинағындағы Х-ХVІІІ ғасырларға тән археологиялық тұрмыстық бұйымдар, нумизматикалық және зергерлік бұйымдар, қару-жарақ түрлері, сонымен қатар ХІ ғасырдың аяғы мен ХІІ ғасырдың басында өмір сүрген діндар, ислам дінінің уағыздаушысы, түркі сопыларының бабасы, әйгілі Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы, һәм тәлімгері Арыстанбаб әулие және оның кесенесі туралы тарихи деректемелерді көпшілік назарына ұсынды.
Киелі Отырар тарихынан сыр шертетін көрме Маңғыстау облысы тұрғындары мен қонақтарына 1 ай көлемінде насихатталатын болады.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.