Кереғар діни ағымдардың кесапаты көп -2

Жалғасы.

Осы мақаламда соңы агрессиялық немесе лаңкестік әрекеттерге апарып соғатын бұл діни ағымның идеологиялық астарын аша отырып, оның қасиетті Құран Кәрім аяттарына, дәстүрлі исламның негіздеріне қайшы келетін тұстарына, негізгі принциптеріне тоқталып кетуді жөн көріп отырмын.

Төртіншіден, уахабилік ағымның шейхтері мен уағызшылары біздің қоғамда күнделікті іске асатын діни немесе ұлттық рәсімдер – өмірден озған аруақтарға Құран оқып бағыштауды, келіннің беташар рәсімін, дұғадан кейін бет сипауды бидғат, дінге енген жаңашылдық деп әрдайым қайталап уағыздаумен болады. Сонымен қатар, қазақтың даналарын ғасырлар бойы тәрбиелеп келе жатқан сопылық мектептің тәлімін толығымен дерлік жоққа шығарып, адасушылықпен айыптайды. Біз мұны Мәдина қаласындағы Ислам университетінде және Пайғамбар мешітінде дәріс берген сәләфилік топтың ғалымдарының бірі Әли бин Мухаммед бин Синанның «Әл-мажмуғ әл-муфид мин ақи­датут-таухид» (Таухид ақидасынан алынған пайдалы жинақ) кітабындағы мына жолдардан көре аламыз: «Уа мұсылмандар, сопылық тариқаттарына қарсы жаппай соғыс жариялап, оларды толығымен жоймағанша, сендердің исламдарыңның пайдасы жоқ. Оларға қарсы яхудилер мен отқа табынушыларға қарсы күресуден бұрын соғысыңдар». Әрине бұдан автордың сопылық мектепке қатысты көзқарасының қаншалықты агрессиялық сипатта екені көрінеді. Бұл тек сопылыққа ғана қатысты емес. Олар Орта Азиядағы дәстүрлі сенім мектебі – мәтрудияны да жоққа шығарып, адасушылықпен қаралайды.

Осындай бұрмаланған әрі бұзық тәлімді бойына сіңіріп алған жастардың жүзінен суықтық, көздерінен қатыгездікті анық байқайсыз. Жұма намаздарында жүрегіме күмән кіріп, адасып кетпейін деген үреймен мешіттерде ҚМДБ имамдарының айтатын уағыздарын тыңдамау үшін құлақтарына тыңдағышты тағып алып, өз көсемдерінің уағызын тыңдап отыратын жастарды көптеп көруге болады. Бұл жағдайды уахабизмді елімізде насихаттап жатқан жігіттердің пәтуалары отқа май құйғандай ушықтыруда.

Сарыағаш қаласының тумасы Мәдина қаласында отырып, интернет арқылы елдегі ерушілеріне пәтуа беретін ұлты өзбек жігіттің мын пәтуасын айтуға болады. Ол өзіне қойылған «Бидғатшыларға қатысты ұстанымымыз және қарым-қатынасымыз қалай болу керек? Олармен сауда секілді дүниелік істерде араласуға рұқсат бар ма?» деген сұрақ­тарға: «Бидғатшылармен араласуға қарағанда, Иегова куәгерлерімен араласу абзал. Себебі Иегова куәгерінің басқа дінді уағыздап жатқанын білесің. Ал бидғатшы болса саған аят, хадис айтып адастырады», — деп жауап берген. Оның «бидғатшы» деп отырғаны ҚМДБ және соған қарасты мешіттер мен мешіт жамағаттары болып табылады. Мұндай агрессиялық ұстаным елдін шырқын бұзып, діни алауыздыққа алып барары айдан анық.

Міне осы аталған діни идеологиялық ұстанымдардың негізінде еліміздегі мұсылмандар арасындағы діни алауыздық іштегі көзқарас ретінде ғана қалып қоймай, бейбіт тұрғындардың қанын төгуге бағытталған лаңкестік әрекеттерге ұласуда.Сонымен қатар сәләфилерді «умеренный» және «радикальный» деген санаттарға бөлуде өте сақ болу қажет деп ойлаймыз. Себебі жоғарыда айтып өткен діни мәселелер бұл екі топқа ортақ ұстанымдар болып табылады. Бұлардың арасындағы айырмашылық тек кейбір саяси ұстанымдарда.

Діни негіздегі ұстанымдар мен сенімдердің өзгеріске ұшырауы әдетте мүмкін емес. Бірақ, саяси көзқарастар мен ұстанымдардың мүдде мен ахуал талабына сәйкес құбылып тұратыны белгілі. Сондықтан сәләфизмді қарулы іс-әрекетке бару немесе бармау тұрғысынан байсалды және радикалды деп бөлуге шартты түрде келіссек те, идея тұрғысынан мұндай екі топқа бөлу мүлде қателік болып есептеледі. Тек қателік қана емес, бұлай ету мемлекет пен қоғамды сәләфизмге қатысты шешімдер мен шараларды қабылдау мәселесінде есептен жаңылдырады.

Демек, қазіргі таңда саяси көзқарастары байсалды болып көрінген сәләфизмнің мадхалиттер, александриялық сәләфиттер, ұлт жанашырлары болып көрініп жүрген, шынайы бет-келбетін жасыратын, тақияшыл сәләфиттер тобы мүдде талабына сәйкес болашақта жоғарыда айтылған негізгі мақсатты жүзеге асырмауына ешкім кепіл бола алмайды. Осылайша бүгінгінің байсалды сәләфилері ертеңгінің радикалы болуы болашақтың еншісінен әбден күтілетін жайт. Сондықтан тек елімізді ғана емес, бүкіл ислам әлемін алаңдатып отырған, жастардың санасын улап жатқан бұл идеологияға қарсы ғылыми, ақпараттық және құқықтық тұрғыдағы тиімді шараларды қабылдау ертеңге кешіктірілетін шаруа емес ойлаймын. Еліміздің жастарын осындай діни кереғар ағымдардың кесапатынан сақтандырудағы насихат жұмыстарын барынша ашық та, пәрменді етіп жүргізгеніміз абзал.

Соңы.

Ерсін ӘМІРЕ, теолог.

«Қазақстан жолы» газеті, №27 (672) 21.07.2018 жыл.

Көрнекі фото интернет желісінен алынды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.