Жасөспiрiмдердi жат ағымнан сақтайық

Зайырлы мемлекет құрып жатқан еліміздің демократиялық ұстанымын өз мүдделеріне тиімді пайдалануды мақсат еткен кейбір жат ағымдар оңтүстік өңірінде де еркінси іс-қимылға барғанын жасыра алмаспыз. Соларға қарсы табанды күрес жүргізуде Сарыағаш аумағында өнеге етерлік істер бар болса, оған есімі елімізге танымал дінтанушы Әбдіғаппардай азаматтың өлшеусіз үлесінің бар екендігі баршамызға аян. Елжанды азаматтың небір күрмеуі қиын мәселелердің жанынан табылғаны соның айғағы болса керек. Жалпы, Сарыағаш ауданында осы бір өзекті мәселеге сергектікпен қарауға мән беріп, әсіресе, жастарды кереғар ағымдардың кесапатынан сақтауда жүргізіп жатқан жұмыстары айтуға тұрарлық дер едік.

Сарыағаш ауданы, Дербісек ауылындағы №22 Елшібек батыр атындағы орта мектебінде аудан әкімдігінің бастамашылдығымен «Дін және тәрбие» атты ауқымды  іс-шара өткізілген. Оған Дербісек ауылы «Түмен молда» мешітінің имамы С.Сейсенбаев  қатысып, дін жайлы мазмұны терең мәліметтерді көптің назарына ұсынып, салмақты ой толғамдарын ортаға салған. Оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға қанағаттанарлықтай жауап беріп, тыңдарманын риза етіпті.

Сондай-ақ,  Қапланбек ауылдық округіндегі №29 Ұлықбек атындағы жалпы орта мектебінде Қапланбек ауылы «Құрбан қожа» мешітінің имамы А.Мейірбековтың қатысуымен «Дін–бейбітшілік пен тұрақтылық» атты тақырыпта мазмұны бай іс-шара ұйымдастырылыпты. Жиналған ата-аналар мен мектеп мұғалімдері жасөспірімдерді жат ағымдардың жетегіне ермей, имандылыққа  тәрбиелеудің өзекті мәселелерін қозғауға белсенділікпен қатысып, іс-шара барысына ризалықтарын білдірген.

Сарыағаш ауданына қарасты Сары­ағаш қаласында да ел тұрғындарын кереғар ағымдардан сақтандыруда жүйелі жұмыс бар деуге болады. Сарыағаш теміржол, шегара қызметкерлерімен кездесуде «Ақ жол» мешітінің имамы Б.Байболов уағыздың барынша мазмұнды да, әсерлі болуына мән бергені байқалды. Жұртшылықпен кездесудегі басты мақсат – «Кереғар ағымдар және суицидтің зардабы» жиналған көптің көңіліне қонымды болып жеткізілді. Кездесуде ашық жарқын пікір алмасуға да мүмкіндік жасалынып, көптің ойлы пікірлері мен ұсыныстары ортаға салынды. Жұртшылық кездесудің барсына өздерінің ризашылықтарын білдіріп тарасты.

Бүгінде адамдар арасында жат ағымға байланысты түрлі алыпқашты әңгімелер толастамай тұр. Міне, бұл қоғамдағы үлкен проблемалардың бірі екендігі баршамызға белгілі. Осы мәселенің алдын алу, халықты ақпараттандыру мақсатында Сарыағаш ауданындағы барлық елді мекендерінде түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді.

Сарыағаш ауданы бойынша осы түйіткілді мәселенің түйінін шешуге байланысты «Экстремизм мен терроризмнің алдын алу» тақырыбының аясында аудан имамы Б.Қалдаров пен аудандық ҰҚК-нің қызметкерлері Жарты төбе ауылы «Күмбез» мешіті және Құркелес ауылы «Құркелес» мешіттерінде ауыл округіне қарасты имам-молдаларымен кездесу өткізіп, жат ағымдар ықпалының алдын алу, олар­дың түпкі мақсаты жайлы кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүзеге асырды. Сарыағаш ауданында өткізіліп жатқан осындай іс-шаралардың жиі ұйымдастырылуы дәстүрлі емес діни ағымдардың жолын кесуге үлкен мүмкіндік беретіні баршаға түсінікті болғандай.

Е.ТӘЖИЕВ.

«Қазақстан жолы» газеті, №27 (672) 21.07.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.