Жастарды жат ағымнан қорғауда не айтамыз?

Қазіргі қазақ қоғамындағы діни білімге деген құштарлық әсіресе жастардың арасында басым. Әрі мешітке келушілердің негізгі бөлігі де солар. Сондай-ақ, нақтылы діни білім алғандардың көпшілігі жас-тар. Ал жастар ғұмырлық тәжірибесі аз болғандықтан, өзімбілемдікке салынып, максималистік көңіл-күйге бой алдырып, көптеген қателіктерге ұрынады. Жасына жетпей шейх атануға құлшынады. Құран мен хадистің негізгі мұраттарын түсінбей, қателіктерге жол береді. Нақтылы үкімдерді қамтитын мухкам дәрежесіндегі аяттарды ысырып қойып, қоғамда жаңалық ашуды көздегендей екінші дәрежелі ұқсас ұғымды муташабиһ дәрежесіндегі аяттарды алға шығарып, ғалымдар арасында түрлі көзқарас тудырған мәселелерді көтеріп, дау-дамай туғызып жатады. Мұндай келеңсіздіктердің басты себебі діни білімге ие болғандардың шала сауаттылығы немесе албырттық көңіл-күйлері. Нақ сондайлардың арасында өз ұлтының талай ғасырлардан бері қалып­тасқан құндылықтарын, мәдени мұраларын, тіпті, тарихы мен қазіргі болмысын жоққа шығаратындар да табылады. Егер олар шариғат шарттарын терең түсінсе, ондай адасушылыққа бармас еді.

Соңғы уақытта бұлыңғыр саяси мақсаттарына қол жеткізу үшін, дінді қалқан етіп, теріс түсіндіріп, қоғамда исламофобтық көзқарасты қоздырушы топтар да көбейіп келеді. Бір сөзбен айтқанда, маргиналды топтар дінді саясиландырып, экстремизм дәнін әлемге шашып әлек. Тіпті, бүгінгі замандағы терроризм мен экстремизм ұйымдасқан трансшекаралық қылмыспен тығыз бірігіп кетті десе де болады. Діни экстремизм түсінігінде «өзіңе қалағаныңды басқаға да қала» деген қағидалар болмайды. Олардың басты қаруы – қатыгездік пен шапқыншылық, тұрақсыздық пен бұзақылық.

Шын мәнінде Хақ діннің зорлық пен зомбылыққа, экстремизмге ешқандай қатысы жоқ. Исламда – экстремизм, экстремизмде – ислам жоқ. Пайғамбарымыздан мирас болып, ата- бабамыздан аманат күйінде жеткен асыл дініміз еш уақытта қатыгездік пен қантөгіске үндемеген. Шынайы діннің негізгі мақсаты – адамзатты рухани кемелдікке жеткізіп, осы дүниеде және бақилық өмірде бақытқа жеткізу болып табылады.

Облыстағы мешіттерде қалың көппен жүргізілетін жұмыстардың барысында мәселенің өзекті жағына жете мән беру барынша қарастырылып отырылады.Экстремизм мен әсіредіншілдіктің басты себебі – діни сауатсыздықтан басталады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің, 190-шы аятында:

«…Шектен шықпаңдар. Негізінен Алла Тағала шектен шығушыларды жақсы көрмейді» деп, әр нәрсені байыппен шешуді бұйырған.

Осы орайда, діни экстремизммен күресте ең маңызды қадам бұл діни сауаттылық екендігі даусыз. Діни сауатты болу үшін белгілі бір діни курсты бітіру шарт емес. Діни сауаттылық ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдік деңгейдегі үрдістерден хабардар болудан тұрады. Өз Отанын сүю мен дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу діни сауаттылықтың бір қыры. Өйткені, қазақ тарихына үңілген кез келген адам қазақ халқында өзге елді жаулау, өзге ұлт пен дінді кемсіту секілді көріністердің орын алмағандығын көре алар еді. Бұл салада облыс аумағында ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқаны баршаға аян.

Құранда «Бір жазықсыз адамды өлтірсең, бүкіл адамзатты өлтіргенмен бірдей» деген сөз бар. Сондықтан, терроризмді жалпы адамзаттың жауы деп санау керек. Бұл ретте дінбұзар бүлікшілер «Жиһад – қасиетті соғыс» деп өте қате пікір таратып жүр. Осы бағытта өзін-өзі жару, құрбан ету, тіпті санаға сыймайды. Сол себептен де, жасалып жатқан барлық лаңкестік әрекеттерді дін үшін жасалған күрес емес, қайта керісінше дінге қарсы бағытталған күрес деп түсінген жөн.

Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ,

ҚМДБ ТО бойынша өкілдігінің найб имамы.

 

 «Қазақстан жолы» газеті, №28 (673) 28.07.2018 жыл.

 Көрнекі фото интернет желісінен алынды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.