Түркiстанда тындырымды тiрлiктер бар

Ел Тәуелсіздігінің бүгінгі арқа-жарқа заманында көп көңіліне қонымсыз келеңсіздік көріністерінің де бой көрсетіп қалатындығын ащы да болса, ашық айтуымызға тура келеді. Қоғам тынысындағы діни сенім бостандығының кемелділігі мен кеңдігін өздерінің жат пиғылды мүддесіне ыңғайластыра пайдаланған кереғар ағымдардың кесапатынан ел-жұртты сақтандыруда облыс аумағында ауқымды жұмыстардың жүргізіліп жатқаны өңір тұрғындарына аян. Ел-жұрттың көңіліне қонымды мазмұнды жұмыстарды пәрменді жүргізу Мақтаарал мен Шардара, Түркістан мен Созақта, Сарыағаш аудандарында жүйелі жолға қойылғандығы нақты көрініс тауып жатады.

Әсіресе, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ғ.Рысбековтың өзекті мәселені үнемі өзінің тікелей бақылауында ұстап, оң нәтижесін беретін игі істерге бас­тамашылдық жасап отыратынын айрықша айтуға болады. Аудан әкімдігі бұл саладағы жұмысты назарда ұстауға басымдық беріп, шынайы қолдау көрсетудің арқасында атқарылатын іс-шаралар мазмұнды да, тартымды болып өткізіліп жатады.

Соның бір айқын көрінісі деп «Жастар діни экстремизм мен нашақорлыққа қарсы» тақырыбында Түркістан қаласы Есім хан алаңында қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілген флеш-моб фестивальді айту­ға болады. Кең ауқымда қарастырылған іс-шараға «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теологтары, әкімшілік қызметкерлері, қалалық емхана қызметкерлері, қаланың ақсақалдар алқасы өкілдері және оқу орындарының студент-жастары қатысты. Жиналған жастарға діни экстремизм мен нашақорлықтың қаупі жайында қала әкімі орынбасары Ғ.Рысбеков кең ауқымда айтып берсе, нашақорлықтың зияны мен алдын алу жайында қалалық емхана қызметкері мен ақсақалдар алқасының өкілдері кеңінен әңгімелеп берді. Осы іс-шараның өткізілу барысында жастар өздерінің діни экстремизм мен деструктивті діни ағымдарға қарсы екендіктерін шынайы тұрғыдан жеткізе білді. Осылайша Түркістан қаласының жастары облыс өңірінде өткізілген  «Діни ағымсыз – Қазақстан» атты іс-шарасын киелі қалада мазмұнды да, мәнді етіп өткізуге қол жеткізді.

Облыстық дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» Түркістан қаласындағы мамандары 21.05.2018 жылы Қожа Ахмет Ясауи атын­дағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің кітапханасындағы діни әдебиеттермен танысып, аралау үшін кітап­ханаға арнайы келді. Оқырман студенттермен кездесіп және кітапхана қызметкерлерінің жұмысымен кеңінен танысты. Студенттердің дін тақырыбындағы материалдарға қызығушылығы қаншалықты екендігін талдап, кітапханадағы діни әдебиеттерге саралау жүргізіп, пікір алмасудың дөңгелек үстелін өткізді.

Түркістан қаласына 14.03.2018 жылы ОҚО дін істері бас­қармасы “Дін мәселелерін зерттеу орталығы” МКМ-нің директоры Ноғаев Асылбек Әуезханұлы атбасын тіреп, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ғани Рыс­бековтың қатысуымен, жергілікті атқарушы орган басшылары, орталық мешіттің бас имамы, ішкі саясат бөлімінің басшысы мен дінге жауапты мамандардың басын жинап, дін саласына қатысты өзекті мәселелерді баянды етуде бірлесе отырып, жүйелі түрде жұмысты жүргізу бойынша алқалы жиын өткізді. Бұл жиын ашық-жарқын пікір алысу жағдайында тартымды да өте әсерлі өтті. Ортақ мақсат жолында атқаруға тиісті игі істердің жай-жапсары көңілге қонымды әңгіме өзегіне айналды.

Түркістан гуманитарлық-техникалық колледжінің мәжіліс залында 27.03.2018 жылы қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен колледж оқытушыларының және студенттерінің, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Дін – зайырлы мемлекеттің рухани тірегі» тақырыбында кездесу пікір алысу іс-шарасы өткізілді.

Кездесуге қатысқан Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы М.Қалеке, облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің бөлім басшысы, теолог Д.Оспанов, теолог маман Б.Нұриддиновтер қатысып, деструктивті діни ағымдардың зияндылығы, дін саласындағы заңнамаларға өзгерістер енгізу туралы Заң жобасы мен экстремизмді насихаттайтын интернет ресурстарының қауіптілігі туралы жан-жақты мағұлматтар беріліп, жұртшылықтың ой-пікірлері ортаға салынды. 25.04.2018 жылы Түркістан қаласының білім бөліміне қарасты №27 жалпы орта мектебінде аудан әкімдігінің іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Діни экстремизмді насихаттайтын интернет ресурстарының қауіптілігі» тақырыбында ауқымды кездесу ұйымдастырылды.

Бұл кездесуге облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің теологы Н.Әмзеев, Түркістан қаласының ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу секторының теологы І.Нағызхан қатысып, қазіргі өзекті дін мәселелері, дін саласындағы енгізілетін өзгерістер жайлы Заң жобасы және әлеуметтік желіде діни материал таратпау, жария­ламау керектігі туралы оқушыларға кең ауқымда түсіндіру жұмыстарын өткізді. Жиналған көптің ой-пікірлері де айтылып, өзекті мәселені талқылау көңілге қонымды етіп ұйымдастырылды.

2018 жылдың ақпанында Түркістан қаласы Бекзат мөлтек ауданы №21 Кәсіптік колледжінде Түркістан қалалық Ішкі саясат бөлімінің және орталық «Түркістан-Ахмет Яссауи» мешітінің ұйымдастыруымен мұғалімдер мен студенттердің кездесу іс-шарасы ұйымдастырылды.

Бұл кездесудің сөз өрнегі «Қоғамдағы жастар мәселесі, ағымдардан сақтандыру, әлеуметтік желілердегі уағыз насихаттардың маңызы» тақырыбында өрбіді. Кездесу жиынын Түркістан қалалық әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Марат Қалеке жүргізіп отырды. Әуелі сөзді Бекзат шағын ауданының тұрғыны, ардақты ауыл ақсақалы Кеңес қажы алып, жастарға иманды, тәрбиелі болу маңызы жөнінде өз ой-толғамдарын ортаға салса, орталық «Түркістан-Ахмет Яссауи» меші­тінің наиб имамы Сүлеймен қари Моллатілеуұлы жас­тарға ата-ананы құрметтеу, ұстаздарды құрметтеу, қоғамға пайдалы болудың мән-жайы жөнінде уағыз айтты. «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің теолог маманы Нағызхан Ілияс «Әлеуметтік желілердегі уағыз-насихатты қайдан тыңдау керек?» деген тақы­рыпта әсерлі де, мазмұнды етіп әңгімелеп берді. Сөз барысында уағыз–насихаттарды тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тарапынан құрылған уағызшылардың, ғалымдардың уағыздарына ғана ден қою керектігін, қоғамдағы кері бағыттарға насихаттайтын уағыздарды таратудың кесірі адасуға апаратын жол екендігін көкейге қонымды етіп айтып берді. Кездесуде колледж әкімшілігі тарапынан ризашылық білдіріліп, осындай кездесулердің жиі ұйымдастырылу керектігі, оның жастарға дұрыс бағыт-бағдар  беретіндігі жөнінде айтылып өтті.

Кездесу кешінің соңында ауыл ақсақалы Кеңес қажы жиналған жастарға бата беріп, жастарды тура жолда, ынтымақта болуға шақырып, оларды бір серпілтіп тастағандай болды.

Түркістан қаласы Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебінде Түркістан қаласы «Тарихи-мәдени этнографиялық орталығының» жалпы экскурсиялық жұмыс бөлімінің ұйымдастыруымен 2018 жылдың ақпанында мектеп ұжымы және оқушылармен кездесу іс-шарасы өткізілді.

«Қатер қайдан демеңіз?» тақырыбында алынған кез­десу өзекті мәселенің өрнегін салумен ерекшеленді. Алғашқы сөзді орталық «Түркістан-Ахмет Яссау­и» мешітінің наиб имамы Ерлан Кизбаев алып, оқушыларға «Ағымдардың кесапаты және жастарды олар­дан сақ­тан­дыру жолдары» туралы өте әсерлі мағұлматтарды әсерлі жеткізген болса, С.Мырзаметова өскелең жас өренді жанашырлыққа, бейбіт рухтағы адами қасиет­терге тәрбиелеудің маңызы жайлы тартымды әңгіме өрбітті.  «Тарихи-мәдени этнографиялық орталығының» жалпы экскурсиялық жұмыс бөлімінің меңгерушісі О.Жексенбаев білімді ұрпақ, ел ертеңінің жарқын болашағы жайлы ойға қонарлық толғамдарын ортаға салды. Кездесу барысында экстремизм, терроризм терминдері жайлы нақты  түсінік беріліп, лаңкестікке қарсы күрестің құқықтық негіздері ашық айтылып өтті. Мазмұны терең болған іс-шараның жоғары деңгейде өткендігіне мектеп әкімшілігі өздерінің ризашылығын білдірді.

Ашық-жарқын өткен кездесу барысында оқушылардың тара­пынан қойылған сауалдарға тиянақты да, тұжырымды жауаптар берілді.

Сондай-ақ, Түркістан қалалық Ішкі саясат бөлімі мен орталық «Түркістан-Ахмет Яссауи» мешіті қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласы М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясында мектеп ұжымымен және оқушылармен кездесу іс-шарасы өткізілді.

Кездесу «Жастар арасындағы діни экстремизмнің алдын алу, оларды теріс көзқарастардан қайтару» тақырыбында өте мазмұнды болып өтті. Кездесуде сөз бастаған орталық «Түркістан-Ахмет Яссауи» мешітінің наиб имамы Сүлеймен қари Моллатілеуұлы жастарға кереғар ағымдардың кесепаты туралы кеңінен айтып берді. Түркістан қалалық емханасының психолог маманы болса, жастар бойындағы психологиялық көзқарастардың қалыптасуы жайын жан-жақты сөз етіп өтті. Қаладағы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің теолог маманы Н.Ілияс «Ағымдар кесапаты» жайлы келеңсіздіктерді кеңінен сөз етіп өтті. Кездесу еркін пікір алысуларға ұласып, жастардың да қойған сұрақтарына тұщымды жауаптар берілді.

Е.ТӘЖИЕВ.

 «Қазақстан жолы» газеті, №28 (673) 28.07.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.