Асылбек Ноғаев: АТА-АНАСЫНА ШАЙТАНСЫҢ ДЕЙТIНДЕР ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?

– «Діннің діңгегі – дәстүрімен берік» дейді Елбасымыз. Осы тұрғыдан алғанда жаһандық сын- қатерлер төбеден төніп, жат пиғылды ағымдар жағадан алған бүгінгі алмағайып қоғамда ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңыздылығы қандай? Әңгіменің әлқиссасын осыдан бастайықшы.

– Жалпы, біздің орталық оңтүстік өңіріндегі діни мәселелерді зерттеумен, зерделеумен, одан белгілі бір нәтижелер шығарумен айналысатын мемлекеттік мекеме. Сондықтан бүгінгі әңгімеміз осы түйткілдің айналасында өрбігені дұрыс шығар.

Негізінде, дінде мәселе болмайды. Мәселе адамда, дінді ұстанушыда. Кезінде Тұрмағамбет Ізтілеуов атамыз айтқан ғой: «Дін бұзылмайды, Құдайдың кітабы қолымызда. Дін бұзылса, тұтынушыдан бұзылады» деп. Адам бір нәрсені дұрыс түсінбегенінен, сауатының жетпегенінен, мәселені шала білгенінен дінге қатысты кейбір жағдайлар қоғамда белгілі бір түйткілдер туындатуы мүмкін. Сондықтан ең әуелі екі мәселені қозғап өтейін.

Бірінші мәселе–ұлттық құндылықтарға байланысты. Өкінішке қарай, қоғамда ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып деген нәрселерді мойындамай, олардың шариғатта, Құранда негізі жоқ, хадисте түбірі жоқ деп жүрген бір топтар бой көрсете бастағаны жасырын емес. Бұл әлбетте ел ішінде түрлі-түрлі түсініспеушіліктер тудырады. Міне, осы «Құранда негізі жоқ» деген уәждің өзі бекер әңгіме екенін айтқым келеді. Өйткені, Құрандағы «Хужурат» сүресінің 13-аятында Алла Тағала: «Мен сендерді ұлттар мен ұлыстарға бөліп жараттым» деген аят мәлім. Мұның астарында «бір елді қазақ қылып, бір елді араб қылып, бір елді орыс қылып, неміс, ағылшын қылып жаратттым, ол менің қалауым» деген Алла Тағаланың анық айтып тұрған пәрмені жатқан жоқ па? Оны әрі қарай терең зерттесең, қазақтар қазақша өмір сүрсін, немістер немісше өмір сүрсін, арабтар арабша өмір сүрсін деген мазмұн шығады. «Сендерді осылай жараттым» деген аяттың астары осы болса керек.

– Осы ретте ұлтты ұлт қылып тұратын қандай құндылықтар деген сауалдың басы өзінен өзі қылтиып тұр ғой.

– Иә, бір ұлтты ұлт ететін 20-ға жуық құндылықтар бар. Ұлттың ұлт болуы үшін оның тілі, діні, тарихы, салты, дәстүрі, шаруашылығы, кәсібі, мәдениеті, өнері кез-келген рухани-мәдени құндылықтар кешені болуға тиіс. Тіпті, бір адамдардың шаруашылығынан да ұлттық иіс аңқып тұ­ратыны жиі кездеседі. Бір адамның ті­ліне қарап, түсіне қарап оның ұлтын ажыратамыз. Демек, Алла бізді осылай жаратқан. Ал енді өзінің ұлтынан безініп, өзінің ұлтының құндылықтарынан жеріну, Құранның әлгі біз айтқан аятына қарсы шығу екенін кейбіреулер дұрыс түсініп жатқан жоқ. Ендеше, Алла Тағала бір елдің өзінің салт-дәстүрін ұстануына қарсы емес. Оған тыйым салып жатқан жоқ. Дәстүр ұстауға, беташар жа­сауға, келін түсіріп, қыз ұзатуына, құда түсуіне, ерулік беруіне, байғазы, көрімдік беруіне, асату мен сарқытқа шариғат қайнар көздері қарсылық білдіріп жатқан жоқ. Керісінше, осы дәстүрлер арқылы ұлттың ұлт болуына үлкен үлес қосып жатырмыз деген сөз. Кез-келген ұлт осындай. Бірақ кейде ешбір ұлт өзінің дәстүрлерінен, салттарынан бүгінгі біздің қоғам сияқты қашып жатқан жоқ шығар-ау деген ой да мазалайды. Құранда жоқ, хадисте жоқ деп дәстүрден безу деген не сөз? Бұл дұрыс нәрсе емес. Керісінше, соны әбден зерттеп, зерделеп, халықтың басын қосып, біріктіріп отырған–осы дәстүр. Мысалы, беташардың өзінде қаншама адамның басы қосылады. Ақ неке жұртқа жария етіледі. Бөтен елге түскен келін жаңа жұртына әдеппен таныстырылады. Өсиет айтылады. Үлкенге құрмет көрсетіледі. Осының бәрі Құранға негізделген шариғат талаптары емес пе? Ерулікті алайық. «Көршілік ақысы–Тәңір ақысы» демейміз бе біз? Көршілік туралы Құранда да, Пайғамбарымыздың хадистерінде де өте көп айтылған. Тіпті хадистердің бірінде: «Жебірейіл періштенің маған өсиет айтқаны соншалық–көрші көршіге мұра қалдыруға тиіс шығар деген ойға да келдім» деп айтатын Мұхаммед пайғамбардың хадисі бар. Ал енді осындай хадис тұрған кезде немесе «Ниса» сүресінің 36-аятында: «Көршілеріңе жақсылық жасаңдар» деген аяттар тұрған кезде көршіге ерулік жасау, дәстүрді дәріптеу, әрине, дінге қайшы емес. Сондықтан да Құранда жоқ екен деп асығыс қорытынды жасау жақсылықтың нышаны емес. Бұл елді ертең бірлікке апармайды, керісінше, бүлікке жетелейді. Бұрын 12 ғасыр бойы тып-тыныш, қаймағымыз бұзылмай, бір кісінің баласындай, бір қолдың саласындай бүкіл мұсылмандар бір бейнеде келгеніміздің бірден-бір себебі осы дәстүрлерге мықты болғандығымыз. Ал енді одан бас тартатын болсақ, оны негізсіз деп жоққа шығаратын болсақ, онда алысқа бармаймыз. Ұлт ұлт болудан қалады, сөйтіп жоғарыда айтылған аятқа өзіміз қарсы келеміз. Ал аятқа қарсы келу дұрыс нәрсе емес.

– Дін – ұстараның жүзіндей нәзік нәрсе. Мұнда жаза басуға болмайды. Бүгінде діни экстремизм мен деструктивті ағымдармен күрес жаһандық өзекті мәселеге айналып отыр. Асеке, осы орайда өңіріміздегі діни ахуал мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосып  келе жатқан мекемелеріңіздің атқарып жатқан ауқымды жұмыстарымен көзіқарақты оқырман қауымына тарқата  айтып өтсеңіз. 

– Дұрыс айтасыз, «Арту-арту бел келсе, атан тартар жүгініп» деп Бұқар бабамыз айтқандай, бұл мекеменің облыстағы көтеріп тұрған жүгі мен жауапкершілігі, шынында да, өте үлкен. Қалың жұртты әр түрлі деструктивті діни ағымдардың әлегінен сақтау, елдің діни тұрғыдан тыныштығы мен қауіпсіздігіне қатысты діни, теологиялық, әлеуметтік зерттеулер жүргізу біздің орталықтың еншісіндегі іске жатады. Жыл басынан бері өңіріміздің дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында қала, аудан әкімдіктерімен, құзырлы органдармен бірлесіп, көп жұмыс атқарылды.

Нақты айтқанда, облыстық ақпараттық-түсіндірме тобының қатысуымен жоғарғы, арнаулы және орта білім беру мекемелерінде 600-ге жуық, ал діни бірлестіктер мен оның филиалдарында  31 діни танымдық кездесу өтті. Бұл жиындарда 52965 азамат қамтылды. Жалпы, облысымыздағы мемлекеттік мекемелердің барлығы дерлік біздің орталықпен тығыз байланыста. Әр түрлі саладағы мамандарға дұрыс діни түсінік беру, діни экстремизм мен лаңкестік әрекеттердің алдын алу жолдары, жекелеген тұлғалардың діни көзқарасын анықтау, мемлекеттің дін саласындағы заңнамаларын еске салу, т.б. маңызды іс-шаралар күнделікті жүргізіледі. Бір күннің өзінде орталықтың мамандары жиырмаға жуық іс-шараларға қатысады. Мысалы, жыл басынан бері Шымкент қаласына қарасты төрт ауданның жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция өкілдеріне облыстық ІІД-мен бірлесе отырып 4 семинар ұйымдастырылды.Біздің орталықтың мамандары мен қала, аудандардағы имам-молдаларан жасақталған ақпараттық-түсіндірме топтары дегенді білетін боларсыз. Оның мүшелері қала-қала, аудан-аудандарды аралап жүріп еліміздегі дін мәселелері жөнінде кездесулер, әңгіме, сұхбаттар жүргізеді. Міне, сол мамандардың біліктілігін көтеруге арналған 1 облыстық семинар-тренинг,1облыстық әдістемелік-семинар, 3 аудандық семинар өтті.Облыстағы барлық жоғарғы оқу орындары студенттерінің қатысуымен «Діни ағымсыз–Қазақстан» тақырыбындағы эстафеталық флешмоб та сәтті өтті.Жыл басынан құзырлы органдар мен «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің теолог-мамандары бірлесе деструктивті діни ағымдарды жақтаушы азаматтармен жеке кездесулер өткізіп келеді. Сондай-ақ,  ҚАЖД-ге қарасты 6 түзеу мекемелерінде дінтанушы-теологтар, тарихшы, саясаттанушылар және спорт шеберлері жұмыс жоспарына сәйкес жыл басынан бері кездесулер өткізуде.

– Қоғамдағы жат ағымдар мәселесін өңір жұртшылығына шынайы жеткізу мен олардан сақтану жолдарын кеңінен насихаттауда жергілікті БАҚ-пен байланыстарыңыз қай деңгейде?

– БАҚ-пен тығыз байланыс төңірегінде сөз өрбітер болсақ, облыстық, қалалық, аудандық телеарнада дін саласы бо­йынша облыстағы 10 телеарналарда 49 көрсетілім жарыққа шығарылып, мерзімді басылымдарда жыл басынан бері 17  мақала жарық көрді. Сондай-ақ, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің ұйымдастыруымен жергілікті телеарналарда «Мемлекет.Қоғам.Дін», «Діндегі дәстүрдің маңызы» бағдарламалары бойынша 17 телебағдарламалар түсірілімі ұйымдастырылып көрсетілуде.

Діни экстремизм, терроризм көріністерін тарататын діни сайттарға қарсы тұру мақсатында «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің www.centerе-uko.kz интернет сайтында діни ахуалды тұрақтандыру мақсатында күн сайын жаңа танымдық материалдар шығып отырады. Мекемеміз «YouTube» бейнепорталы мен әлеуметтік желілерге де мониторинг жүргізеді. 2018 жылдың басынан діни материалдарға мониторинг (қазақша, орысша, өзбекше)  экстремистік, террористік, неосалафиттік бағыт бойынша материалдар анықталып, олар бойынша ақпарат тиісті құзырлы органдарға шара қолдану үшін жолданып отырады. Қысқарта айтқанда, облыстық Дін істері басқармасының басшылығы мен орталықтың білікті мамандары көптеген жұмыстарды тұрақты түрде атқарып отыр. Қала, аудандардағы іс-шараларды тізбектеп отыруды бір мақаланың көлемі көтере қоймас.

– Деструктивті діни ағымдар жастарымызды тура жолдан тайдыруда қандай әдіс-тәсілдерге жүгінеді? Олар өз сөздерінің дұрыстығына жұртты қалай сендіреді?

– Бұл енді қозғайын деп отырған екінші мәселеміз. Қазір өздерін сәләфи, уаһаби деп атап жүрген діни бағытты ұстанушылардың күнделікті оқитын, негізге алатын кітаптары бар: «Үш негіз», «Төрт қағида» деген сияқты. Осы кітаптардың мазмұнына біз бүгін тереңдеу қарауымыз керек. Осы кітаптардың астарында бір сөйлемнен мың түрлі бүлік шығатын жағдайлар кездеседі. Өйткені, олар–өте шағын ғана кітаптар. Тіпті баспа парақпен, А4 қағазымен шығаратын болсаң, 1,5-2 парақтан аспайтын кітапшалардың адамдардың өмірін күл-талқан етіп бүлдіруге қауқары жетеді. Сол бір жарым парақты оқу арқылы оны оқыған адам өзінің ата-анасына «Сен шайтансың» деуге, жағасынан алуға дейін барады. Өзінің туысынан, нағашысынан, бөлесінен, ағайынынан айырылуына дейін апарады. Қоғамнан бөлініп кетуіне әкеледі. Өзінің өмір сүріп отырған қоғамына жау болуына дейін жеткізеді. Иә, сол бір жарым парақтық ғана жазбалар өте жо­­ғары деңгейлі технологтардың қолымен жазылғандай әсер қалдырады. Оқырманына өте қатты әсер етеді. Ол шырмауыққа бір кі­ріп кет­кен адамның шыға алмайтыны да содан. Өйткені, сол кітаптағы 4 қағиданың бір қағидасын орындамаса, тозаққа кіретіндей боп тұрады адам. Ал бірақ төртінші қағида Құранның аяты да емес. Пайғамбардың хадисы да емес, қарапайым бір адамның сөзі. Сол сөзді өмірлік қағида қылып, соны дін етіп ұстану–үлкен қателік. Дұрыс па? Соның біреуін ғана айтып кетейін, төрт қағиданың айналасында.

Бірінші қағида Мұхаммед пайғамбарымыз күрескен мүшіріктер, ширк жасаушы адамдар Алланы «Раббымыз, Жаратушымыз» деп мойындайтын дейді. Алайда Алланы Жаратушымыз деп мойындауы олардың мұсылман болуына жеткіліксіз еді. Бүгінгі қазақтың Алла бар дегені мұсылмандыққа жеткіліксіз. Себебі, Мұхаммед пайғамбар кезіндегі мүшріктер де «Алла бар» деп жүрген деп уәждерін ұсынады. Мұны бір деңіз.

Екінші қағида сол Мұхаммед пайғамбардың кезіндегі адамдар пұтқа табынған дейді. Пұтқа табынғанда да бізді Аллаға жақындатады деп, өздеріне емес, соны Аллаға жақындататын дәнекер ретінде сыйынған дейді.

Үшінші қағида осы екі топтағылармен Мұхаммед пайғамбарымыз өте қатты күрескен дейді. Міне, осы үш қағиданы мықтап есте сақтаңыз. Енді төртінші қағиданы жаңағы кітаптарды жазып отырған автордың өзі қосады: «Бүгінгі заманның мүшіріктері алдыңғы екі топтағылардан да әлдеқайда жаман». Сонымен, бітті! Төрт қағида тәмам. Ал енді не істеу керек? Ана алдыңғы екеуінің ісіне қарай Мұхаммед пайғамбарымыз қатты күресетін болса, ал бүгінгі қоғамның мүшіріктері олардан да жаман болатын болса, бүгінгі мұсылмандар не істеуі керек? Қандай қағида шығады? Бесінші қағида шығады. Демек, олармен өте қатты күрес жүргізуіміз керек, соғыс жасауымыз керек деген қағида шығады осы жерден. Міне, төрт қағиданың қо­ғамға әкелетін бүлігі. Сөйтіп, «ширк» деген нәрсенің көлемі үлкейіп, кез-келген нәрсені ширкке жатқызып, адам өзінің ата-анасына «мүшіріксің» деуге дейін баратын жағдайлар кездесіп жатыр. Келіннің сәлем салуын ширкке жатқызып жататындар бар. Ал ол ширк қайда, келіннің сәлемі қайда?! Екеуі екі түрлі полюсте, біреуі–оңтүстік полюсте, екіншісі–солтүстік полюстегі іс қой. Ол екеуін бір жерге әкеліп алып, мынау «ширк» деп айту–өте білімсіздік жағдай. Міне, осы сияқты жағдайлар бар. «Үш негіздің» ішінде бір сөз бар: «Аллаға деген иман мен кәпірлерге деген жақсы көру, түсіністік сезімі бір мұсылманның жүрегіне сыймайды» дейді. Осы бір сөйлем қоғамның бәрін ірітіп-шірітетін нәрсе. Адамдар бір айдың ішінде осыны оқып алып, өзінің әкесіне кәпірсің деп жүр. Бір айдың ішінде жап-жақсы, әдепті, ата-ана көрген, ұяты бар, ары бар адамдар ата-анасынан безіп жүр. Қай-қайдағы біреулерге қосылып кетіп жатыр. Мұның бәрі–үлкен мәселелер. Сондықтан мұның бәрін не үшін айтып отырмыз? Бұл адасушылық екенін, дұрыс жолға апармайтынын қоғам білсе екен деймін. Осыны дұрыс түсіндіру керек елге. Қазіргі өзімнің жеке зерттеуім бойынша, теріс радикалды діни экстремизмнің идеялары қандай жерлерге тамыр жаяды, қандай құнарлы жерлерге өседі десек, бірінші, кедейшілігі бар жерлерге, одан кейін білімсіздік жайлаған жерлерде тарайды. Жастар білімсіз болатын болса, сауатсыз болса, ол жерде радикалдық идеялардың қаулап өсері сөзсіз. Үшіншісі – ақша. Қай жерде ақша бар, сол жерде радикалдық идеялар бой көрсетіп тұрады. Сондықтан да, елді ең алдымен, кедейшіліктен сақтау керек. Кәсіп үйрету керек жастарға. Шаруашылық үйрету керек, өнерге шақыру керек, ғылым іздеуге тәрбиелеу қажет. Өзінің отбасын дұрыстап асырауға үйреткен жөн. Білім болғанда да, тек қана Құран мен хадисті айтып отырған жоқпын. Қазір өте маңызды ғылымдар бар. Мысалы, социология деген ғылым бар, өте маңызды. Тарих ғылымын білуміз керек. Тарихтың түбіне сүңгіп, ол жердегі ақиқаттарды дұрыстап алып шығып, жастарға жеткізу – үлкен мәселе. Оларда өткенге жаңа көзқараспен қарайтын мүмкіндік бар. Бүгінгі жастар соған терең үңілуі керек. Әлеуметтанудың бүкіл заңдылықтарын игерудің берері көп. Өйткені, батыста, Еуропада әлеуметтану нөмірі бірінші ғылым. Себебі, қоғамның заңдылығын үйренбей, қоғамда теріс ағымдардың қалай шығып жатқандығын білмей, олардан сақтану мүмкін емес. Онсыз қоғамда теріс ағымдар да азаймайды. Социологияны тереңірек игеру керек деп отырғанымның да мәнісі осында.Қалған әңгімені келесі сұхбатқа қалдырайық.

– Асеке, сұхбатыңызға үлкен рақмет! Ел үшін жасалынып жатқан еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер!

Сұхбаттасқандар – А.Үсіпов, Ұ.Өскен.    

«Қазақстан жолы» газеті, №29 (674) 04.08.2018 жыл.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.