Жер-ана ыңырсып жатыр

Біраз жылдан бері Жер бетінде әртүрлі түсініксіз құбылыстар орын алуда, яғни әлемнің әр түкпірінен, куәгерлердің айтуынша, адамның психикасына кері әсер ететін қорқынышты дыбыстар тіркелуде. Біреулер оны жердің астынан шығып жатыр десе, келесі біреулер аспан көгінен естігенін айтады. Қалай болғанда да аса қуатты бұл дыбыстардың шығу тегін анықтау әзірге мүмкін болмай отыр.

Таңқаларлығы, бұл дыбыстар бір жерлерде бір-біріне қажалып жатқан алып темір пластиналарды елестетсе, басқа бір жерде ол үлкен реактивтік мотордың гүріліне ұқсайды, ал енді бір жерлерде жақын маңнан тауарлы пойыз өтіп бара жатқандай әсер қалдырады. Бірақ, онда теміржолдың ізі де жоқ.

Киевте дүрліккен халықты басу үшін билік жергілікті телеарнаның көмегімен бұл дыбыстарды жұмыс істеп жатқан құрылыс техникаларының даусы деп сендіруге тырысқан. Бірақ, бірнеше жылдан бері елдің зәресін ұшырып жүрген бұл құбылысқа немқұрайлы қарау енді мүмкін емес.

Британияның Дарем аталатын шағын графтығында тұрғындар екі ай бойы әр түні белгілі бір уақытта естілетін қатты уілден ұйықтай алмаған. Дыбыстың күштілігі соншалық, ол адамдарғы жайсыздық тудырып, үрей ұялатқан. Мұндай шулы дыбыстар Жаңа Зеландияда, Цюрихте, Еуропа құрлығының солтүстігінде, АҚШ пен Ресейде де естілуде. Киевтегі дыбыстар тек бірен-саран адамның ғана құлағына жетсе, Вудландта оны сол аумақта тұратын адамдардың бәрі естіген. Вудландтың жергілікті тұрғындарының айтуынша, түсініксіз уіл кей жерлерде тіпті қатты шыққан. Олар айналадағы кеңістік пен үй қабырғаларын тесіп өтіп, барлық жерден шығып жатқандай әсер қалдырады. Бұл неғылған дыбыс? Мұндай түсініксіз үнімен Жер-ана бізге не айтқысы келеді?

Біздің планетамыз бірнеше жылдан бері безгек ұстағандай дірілдеп жатыр. Алдымен жер-жерлердегі алапат жер сілкіністерін еске алайық. Ал қалыптан ауытқыған ауа-райы ше? Мұның бәрі үлкен өзгерістің жақындап келе жатқанының белгісі емес пе?

Ғалымдар ұсынып отырған болжамдардың біріне сүйенсек, бұл дыбыс – Жердің магниттік полюстерінің ауысып жатқандығының белгісі. Профессор, академик, Халықаралық Жерасты геологиялық және тектоникалық мәселелер академиясының мүшесі Мартин Стэнвилл осылай ойлайды. Дегенмен, ол Жердің жаһандық өзгеруі кезінде шын мәнінде қандай белгілердің бой көрсететінін ешкімнің де білмейтінін мойындайды. Қазіргі уақытта полюстердің ауысуының математикалық моделі зерттелуде. Бұл модельге сәйкес, әлгі дыбыстар полюстердің ауысуына дайындық болуы мүмкін. Бірақ, мұның бәрі бар болғаны болжам ғана. Іс жүзінде табиғаттың басқаша әрекет етуі де ғажап емес.

Көне қолжазбалардың еш жерінде осыған ұқсас құбылыстардың сипаттамасы берілмеген, яғни ресми ғылымның қолында ол туралы ешқандай мәлімет жоқ. Сондықтан, заманауи ғылымның алдында жер уілінің табиғатын танып, жұмбағын шешу міндеті тұр.

 

«ТАОС уілі»

Елдің мазасын алған бұл уілдің қайдан шығып жатқаны әзірге белгісіз, ал интернет беттері ол туралы ақпаратқа әп-сәтте толып кетті. Оған тіпті «Таос уілі» деген ат қойып та үлгеріпті. Таос – барлық тұрғындары қатты уілден зардап шегіп отырған шағын үндіс қыстағының атауы. Таостықтардың айтуынша, бұл уіл дизельді мотордың гүрілін еске түсіреді. Бір қызығы, бұл дыбысты тек үндістер ғана естиді, ал сырттан келген зерттеушілерге ештеңе байқалмаған, тек арнайы жабдықтары түсініксіз ауытқушылықтарды тіркеген. Бұл бір қыстақ тұрғындарына ғана жаппай тараған індетке ұқсайды, әлгі дыбыс сол тұрғындардың басының ішіне кіріп кеткендей. Немесе олардың барлығының әдеттен тыс тербеліске сезімталдығы жоғары болғаны.

Бұл дыбысқа байланысты жасалып отырған түрлі болжамдардың тағы бірі оны планетаның төменгі жиілігінде пайда болатын Жердің өз шуылы деп түсіндіреді. Бұл жаңалықты американдық геофизиктер 1997 жылы ашып, өзге елдердің ғалымдарының мақұлдауын алған. Түсініксіз себептермен кейде дыбыстың қарқыны күшейіп, құлаққа естіле бастайды. Бір жағынан, бұл дыбысты жер астындағы бос қуыстар мен ерекше жер қатпарлары да күшейте түседі.

Жер планетасын түрлі бағытта кесіп өтетін жерасты үңгіржолдары туралы болжам да назар аударуға тұрарлық. Мұндай үңгіржолдардың көпшақырымдық үзінділері мен қалдықтары әлемнің әр түкпірінен табылып жатқаны да шындық. Ғалымдардың ойынша, біздің планетамызда жер бетінен бірнеше шақырым тереңдікте орналасқан жаһандық жерасты коммуникациялық жүйесі болуы мүмкін. Бұл туралы Лобсанг Рамптың және басқа да көптеген авторлардың кітаптарында жазылған. Бұл да біздің планетамыздың ең қызықты жұмбақтарының бірі. Себебі, ол жерасты коммуникацияларын жасаған біреулер болуы керек қой…

1998 жылы Жердің төменгі жиіліктегі, біздің құлағымызға естілмейтін жеңіл дыбыс шығаратыны ғылыми түрде дәлелденген. Демек, бұл дыбыс кейде күшейіп естілетін дәрежеге жететін болуы да мүмкін. Кейбір ғалымдардың ойынша, бұл шуыл геологиялық процестермен, айталық, тектоникалық қозғалыстармен немесе жердің жұқа қабатының астындағы қозғалысымен тығыз байланысты.

2009 жылы Солтүстік Американың Тынық мұхит жағалауында жергілікті жерасты гуілі шын мәнінде су астынан шығатыны және алып толқындардың теңіз табанына ұрылуынан туатыны анықталған. Жиілігі жақын және бір-біріне қарама-қарсы бағыттағы екі толқын соғысқанда, олардың қуатын су табанына бағыттайтын алып толқын пайда болады. Бұл жағдайда жиілігі 10 милигерцке жақын тұрақты тербеліс туады, ал ультратөмен және инфрадыбыстық жиіліктегі бұл тербеліс суды ғана емес, құрлықты да кесіп өтуге қабілетті.

Бірақ, қалай десек те, бұл күрделі дыбыстық басқатырғыштың жұмбағы әлі күнге толық шешілмей отыр.

Дайындаған К.ТІЛЕПОВА.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.