Терроризмге қарсы тегеурiндi күрес керек

Бүгінгі күнде діни экстремизм мен терроризм­нің алдын алудың маңызы халықаралық деңгейге көтеріліп отыр. Біздің елімізде діни экстремистік және террористік әрекеттер белең алып отыр. Діни экстремистік және террористік құбылыстардың пайда болуы, дамуы және таралуына негіз болатын факторларды зерттеудің өзектілігі күн сайын артып келеді.

Қазіргі кезде ақпарат құралдары да, көптеген саясаткерлер терроризмді «XXI ғасырдың апаты» деп бағалауда. Бірақ бұл оның белең алуына байланысты туындаған ой шығар. Ал шын мәнінде оның түпкі тамыры жоғарыда көрсеткеніміздей тереңде жатыр. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев: «Терроризмнің айдаһары қашанда болған және өз қарсыластарына ұдайы арамзалықпен соққы беріп отырған. Алайда дәл қазіргідей ашық та ауқымды болып көрген емес. Халықаралық терроризм осы уақытқа дейін болған және қазіргі бар ғаламдық өңірлік қауіпсіздіктің бәрін торпедолап бітті.»-дейді.

Республикадағы дінаралық қатынастардың бір шетінің экстремизм және терроризммен байланысты болуы ұлттық қауіпсіздікке ықпал етіп, бұл салаға стратегиялық сипат беріп отыр. Осыған орай діни қатынастарды тез арада құқықтық тұрғыдан реттеудің маңызы күшейді.

Терроризм дегеніміз – деструктивті әрекет пен саяси радикализмнің ширыққан шындығы болатын болса, оның салдары белгілі бір партиялық топтардың қандай саяси реңктегі шептен табылуымен теңдесіп жатпақ. Әрі-беріден соң, саяси радикализм сынаса, терроризм өлтіреді деп айтуға да болады.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда Қазақстан Республикасында да діндер мен конфессиялардың саны көбейіп кетті. Бұрын-соңды болмаған діни конфессиялар тез арада пайда болып, өздерінің діни ғимараттарын салып қана қоймай, жергілікті халық есебінен мүшелерінің сандарын да еселеп арттыра түсті. Мұсылман тектес жергілікті халықтың бір бөлігі жат діндердің қатарын толықтыруды жалғастыруда.

Сол кезеңде Түркістан облысы аумағындағы шалғайда жатқан Шардара мен Бәйдібек, Созақ аудандарына дейін түрлі секталар мен исламның атын жамылған кереғар ағымдардың қатарынан өзіміздің қарапайым қаракөз қандастарымызды көру таңсық болмай қалды. Бір үйдің адамдары «Иегова» сектасында жүрсе, ал екінші біреуі қаба сақал, шолақ шалбарымен өзінің сәләфит екенін көрсетіп, талтаңдауға шықты.

Қазақстанның 1992 жылғы 15 қаңтардағы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер» туралы заңы дәстүрлі емес діндердің елімізге ағылып келуіне құқықтық жол ашып берді.

Шетелдік дәстүрлі емес діни секталар еліміздің осындай заңының жұмсақтығын пайдаланып, тез арада тіркеліп, өздерінің заңды қызметіне кірісіп кетті. Қазақстан халқының діни негізде жіктелуі тереңдей түсті. Батыстық христиандық- протестанттық секталар ерекше белсенділік көрсетуде. Олардың ішінде «Саентология шіркеуі», «Грейс-благодать», «Жаңа өмір», «Бірігу шіркеуі», «Жетінші күн адвентистері», т.б. Оларға қарсы мұсылмандықты нығайту мақсатын желеу еткен түрлі дәстүрлі емес исламдық секталар да Қазақстанда кең тарап отыр. Уаххабшылар, салафиттер, ахмадияшылар, зікіршілер, сопылар, құран­шылар, бахайлар, кришнайттар, т.б. өз уағыздарын өршітіп отыр.

Әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да дәстүрлі емес діндер қарқынды даму үстінде. Олар­дың әрекеттері діни қатынастар шеңберінен шығып, экстремистік, тіптен террористік түрде сипат алып, ұлт­аралық және дінаралық қайшылықтарды тудырып, әртүрлі кикілжіңдердің пайда болуына негіз болуда.

Халықаралық «Хизбут-тахрир» діни экстремистік ұйымының заңсыз іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Қарағанды облыстарында, әсіресе Оңтүстік Қазақстан облысында және де басқа да жерлерде қанат жайған болса, қазір заңмен тыйым салынғандықтан жойылып, жұмыс жүргізу мүмкіндігінен айырылды деуге болса, бұл Түркістан облысында нәтижелі жұмыс істеді.

Бұл діни экстремистік ұйымның іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің баптарына қайшы, әсіресе 170-бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартып, жазаланатын қылмыстың құрамын көрсетеді. Бұл ұйымның басты мақсаты–халифалық ортақ мемлекет құру. Яғни көптеген мемлекеттердің, оның ішінде Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен құлатуға немесе өзгертуге, не оның аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға шақыру.

Жоғарыда көрсетілгендей, бұл ұйым мүшелеріне қатысты істердің қозғалуының және де сотталғандардың жылдан-жылға өсу динамикасы бар. Жалпы осы қылмыстарға байланысты сот процестерінде мыңдаған куәгерлерден жауап алынып, айғақты заттар ретінде 56000 үнпарақ, 5000 астам діни экстремистік мазмұндағы әдебиеттер, 1456 дана түрлі мәлімет тасымалдау құралдары, 28 компьютер, қазіргі заман талабына сай баспа құралдарының 45 дана жабдығы мен өзге де оргтехникалар алынды.

«Хизбут -тахрир» діни экстремистік ұйымының мүшелері түрмеде жазасын өтеп жүріп, өздерінің жұмыстарын жүргізеді. Бұл жағынан олар ұйым қатарына мүшелерді кіргізу үшін мынадай қулықпен үгіт жасайды: «Сен не үшін сотталдың? Ұрлық жасағаным үшін сотталдым. Неге соттар барлық қылмыс жасаған адам­дарды соттамайды? Яғни неше түрлі қылмыстарды жасаған адамдар еш сотталмай, сыртта жүр. Осы әділеттік пе? Жоқ әділетті емес» деген жауап беріледі. «Ондай болатын болса, әділеттікпен күресуші «Хизбут-тахрир» ұйымы қатарына қосыл. Алдағы уақытта біз жеңіске жетеміз» деп түрме камерасында отырып алып-ақ, өздерінің қисынсыз әр түрлі «қағидаларымен» басқа сотталушыларды айналдырғысы келеді. Осындай фактілер де кездеседі.

Қазақстан Республикасындағы діни экстремизнің таралуы мен дамуына тікелей болмаса да, мүмкіншілік туғыз­ған мән-жайлар себептер жиынтығын құрайды:

Қазақстан Республикасы аумағындағы діни бірлестіктер мен діни сенім бостандыққа байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін ең алғаш 1992 жылдың 15 қаңтарында қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңның кейбір баптарының дұрыс жетілмегендігі;

Қазақстан Республикасына миссионерлік қызметпен келгендердің біразының арнайы тіркелуден тыс қалуы;

Тарихи негізі жоқ діни ұйымдар мен секталар, яғни шет мемлекеттерде қандай діни ұйым екендігі беймәлім ұйымдардың тіркеліп кетуі;

Шетелге діни оқуға кеткен азаматтардың бақылаудан тыс қалуы, әсіресе олардың радикалистік оқу орындары бар мемлекеттерде оқып келуі;

Діни экстремистік ұйымдарда жасырын дәріс бергендер, осындай оқу орнын бітіріп келгендер;

Кейбір азаматтардың шетелдерде діни экстремистік ұйымдарда оқытылып жатқандығын арнаулы қызметтің бақылау жүргізбегендігі;

Қазақстандық патриотизмге ашық немесе жасырын қарсы ұстанымы бар, әскерге бармауға үгіттейтін, әсіресе теріс аморалдық тәрбие беретін, психикалық қысымшылық көрсететін, гипноздық әрекеттерді жасайтын, денсаулыққа қажетті дәрігерлік көмектерді беруден бас тартуға үгіттейтін діни ұйымдардың заңсыз әрекеттерінің алдын алмауы;

Қазақстан Республикасына көрші мемлекеттерден діни экстремистік бағыттағы қылмыстарды жасаған адамдардың қашып келіп тығылып, олардың дер кезінде ұсталмауы, әрі олардың жергілікті азаматтарға діни экстремистік бағыттағы қылмыстарды жасауға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізілуіне мүмкіншіліктің болуы;

Жалпы ғылым саласында діни экстремизм туралы ғылыми негізделген теориялар мен концепциялардың жасалмауы;

Діни экстремизммен тікелей күресуге міндетті ішкі істер органдарында арнайы қызмет органының алғашқы уақытта құрылмауы;

Жоғары, орта, арнаулы, кәсіптік және орта мектептерде діни экстремизм туралы лекциялар мен түсіндірме жұмыс­та­рының нашар жасалуы;

Діни экстремизмге қарсы пәрменді күресу аясында құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдардың бірлесіп заңды әрекеттерді жасау үшін кешенді бағдарламасының болмауы;

БАҚ-да діни экстремистік әрекеттер жөнінде хабарлама болғанымен, халыққа түсінікті мақалалардың болмауы;

Жастармен жұмыс жасау саласы бойынша, әсіресе дінге бет бұрған жастар арасында құқық қорғау органдары мен діни ұйымдар қызметкерлерінің алдын-алу жұмыстарының төмендігі;

Діни экстремистік ұйымдарды тану туралы соттардың үкімдерінің 2005 жылға дейін болмауы;

Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде діни экстремизмнің алдын-алу жөніндегі шараларды өз деңгейінен аз қолданылуы.

Терроризммен күрес тиімді болу үшін мемлекеттік дәрежеде терроризмге қарсы әрекетті ұйымдастыруды үнемі жүргізіп отыру керек. Терроризммен күрес оның пайда болу кезінде, жоспарлау мен дайындау кезеңінде жойылуға тиіс. Террорды құртудың алғышарты олардың қаржыландыру көзін жоюдан басталуы қажет. Терроршы мемлекет болмайды, терроршы адамдар, топтар болады.

Терроршылдықпен әлем қауымдастығы бір-бірімен байланыса, ынтымақтаса отырып жұмыла күресуі қажет. Терроршылдықпен еш уақытта ымыраға келуге болмайды.

Терроризм өзінің болжаусыздығымен және тосын­дығы­мен нақтылы үрей сезімін үялатып, жұртшылықтың бәрін дерлік шарасыз да жазмыштық қауіп-қатермен шырмап тастайды. Оның тарапынан келетін соққының бағыт-бағдары мен уақыты болжаусыз, сондықтан да айрықша алаңдатады.

Сонымен, терроризм өткен ғасырдың ойлап тапқаны ғана емес. Оның демі адамзат тарихын қашанда улаумен келеді, алайда ол алғаш рет екі мыңжылдықтың тоғысында қаһарлы да ауқымды кейіпке енді. Терроризм аумақ үшін болатын соғыстардың ескі типін еске түсіреді, себебі аумақты кеңейтудің әсері мен тұрақсыздық тізбегінің туындауы дәл бүгінгі күннің төл ерекшелігі болып табылады.

Е.Байқонысов, саяси ғылымдар магистрі.

Көрнекі фото интернет желісінен алынды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.