БАССОВ БҰҒАЗЫ – кемелер мен ұшақтарға арналған тұзақ

Австралия мен Тасмания аралының аралығында Тасман теңізі мен Үнді мұхитын жалғастырып жатқан Бассов бұғазы бар. Бұғаздың ұзындығы 490, ені 224 шақырымды алып жатыр, ал тереңдігі 97 метрге жетеді. Бұғаз оны 1797 жылы ашқан ағылшын саяхатшысы, дәрігер Георг Басстың есімімен аталған. Кейде бұл жерді «оңтүстік-австралиялық үшбұрыш» деп те атайды. Оның себебі, дәл осы жерде жыл сайын дерлік кемелер мен ұшақтар із-түзсіз жоғалып жатады, бұған қоса бұғаздың асау толқындарының үстінде және теңіз тереңінде анықталмаған әуе және суасты нысандары жұмбақ жағдайда жиі пайда болады. Дәл осы аймақта «ұшатын тәрелкелер» ұшақтарға жақын келіп, тіпті кейде біраз уақыт жанында еріп отыратын көрінеді.

Сөзіміз дәлелді болу үшін осы Бассов бұғазында орын алған бірнеше жұмбақ оқиғаларды әңгімелейік. Бұл туралы кезінде тек австралиялық қана емес, тіпті әлемдік баспасөз құралдары да жарыса хабарлаған.

…1886 жылы Мельбурндық «Аргус» газеті сенсациялық материал жариялайды, онда алып «сигараның» бұғаздың үстінде он минуттай қалқып тұрып, кейін жайлап толқындармен араласып, теңізге сіңіп жоғалғаны туралы жазылады. Бұл көріністі сол маңдағы елді мекен тұрғындарының барлығы тамашалаған.

…1920 жылдың шілдесінде осы бұғазда «Қасиетті Амелия» шхунасы жоғалады. Шхунаның шамамен жоғалған жеріне бортында екі ұшқышы бар ұшақ да жіберіледі. Біраз уақыттан кейін ұшақ жүргізушісі алдынан «үлкен отты» көріп тұрғанын рация арқылы жеткізеді де, осыдан кейін байланыс үзіліп қалады. Бұдан кейінгі іздестіру шаралары еш нәтижесін бермейді, ал жоғалған ұшақ тойымсыз бұғаздың кезекті құрбанына айналған болуы керек.

…1934 жылдың 19 қазаны. Бортында 12 жолаушысы бар «Хобарт ханым» ұшағы бұғазда із-түзсіз ғайып болады. Ұшақпен байланыс Вильоон-Промонтори түбегіне жақын маңда үзілген.

…1944 жылдың ақпаны. Басс бұғазының үстінде 1500 метр биіктікте ұшып келе жатқан «Бьо­форт» бомбалаушы ұшағының экипаж мүшелері соңына көз қарықтырар жарық ұшқын тастап зымырап келе жатқан қара түсті нысанды байқайды. Әлгі нысан «Бьофортқа» 50 метр қашықтыққа дейін жақындап келіп, соңынан жарты сағаттай еріп отырады. Осы уақыт аралығында радиобайланыс және бағыт алу приборлары істен шыққан. Бұдан кейін ғажайып нысан өзіне ғана белгілі міндетін орындап болғандай, ұшқыштардың бағалауынша, сағатына 750 шақырым жылдамдықпен алға ытқып шығып, көзді ашып-жұмғанша жоқ болады.

…1978 жылдың 21 қазанында кешкі сағат 18:45-те Мельбурндық Рой Мейнфилд деген азамат бұғаздағы күннің батқан сәтін суретке түсіріп алады. Кейінірек суретті шығарғанда ол бірнеше суреттен «мұхит түбінен ұшып шығып жатқан» үлкен бұлтты көреді. Сурет негативтеріне электронды есеп­теу машиналарының көмегімен сараптама жасаған Рой «бұлттың» сағатына 300 шақырым жылдамдықпен ұшқанын анықтайды, бұған қоса ол қалған бұлттарға қарама-қарсы бағытта қозғалған. Шамамен осы уақытта Мельбурнның батыс аймағында тұратын екі азамат аспанда жарық сәуле шашқан шардың қозғалып бара жатқанын байқаған.

21 қазан күні кешкі сағат 8-де Мельбурнның шығыс жақ бетіндегі Рингвуд қаласының тұрғындары шамамен 900 метр биіктікте солтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай ұшқан бес­бұрышты жұлдызды еске түсіретін нысанды көрген. Жұлдыздың бұрыштарының ұшында ақ оттар жылтырайды, әсіресе орта тұсының жарығы көз қарықтырардай. Бұл нысан ұшып өткен кезде Рингвудтағы жұмыс істеп тұрған радио­қабылдағыштардың барлығы күшті кедергіге тап болған. Ал Мельбурнның оңтүстік-батысында, яғни бұғаздың екінші шетінде орналасқан Кунсклифт қаласының тұрғындары аспаннан «алуан түспен жарық шашып, тоқтаусыз айналған дөңгелекті» көрген. Кешкі тоғыз жарымда Блэкауда қаласында барлық теледидарлар бір мезгілде көрсетпей қалады да, экран бетін тербелген толқын тәрізді сызықтар басып кетеді. Дәл осы уақытта бірнеше адам аспанда қызыл және жасыл жарығы жанып-өшіп, дыбыссыз ұшып өткен белгісіз нысанды байқаған…

Сол күні 18 сағат 19 минутта 22 жасар ұшқыш Фредерик Валентич «Цессна-182» ұшағымен Мельбурннан ұшып шығып, Кинг аралына бағыт алады. Сағат 19.06-да ол Мельбурндағы ұшу қызметінің диспетчері Робиге өзінің үстінен әлдеқандай ұшақтың ұшып жүргенін, оның түрін ажырата алмай отырғанын жеткізеді. «Мельбурн, ол маған шығыс жақтан жақындап келеді,-деп хабарлайды ұшқыш.

– Ол менімен ойнап жүр: үлкен жылдамдықпен үстімнен үш рет айналып өтіп, қайтып оралды! Мен оңға бұрылсам, ол да бұрылады! Одан жасыл жарық түсіп тұр. Менің моторым тартпай тұр, жерге қонуым керек. Ол бір орында тұрып қалды. Бұл ұшақ емес!». Бұдан кейін байланыс үзілген.

Осы радиохабарламаның жазбаларын зерттеген НАСА мамандары соңғы 17 секундта бір-біріне ұқсамайтын 36 үннен тұратын жұмбақ дыбыстың лентаға жазылып қалғанын анықтайды. Ақыры НАСА-дағылар Валентич «ұшатын тәрелкенің» құрбанына айналды деген тұжырымға келеді. Ешқандай апат ізі анықталмағандықтан, «ұшқышты ұшағы­мен қосып жерден тыс өркениет иелері ұрлап әкеткен» деп болжам жасауға болады.

… 2004 жылдың жазында бұғаз арқылы өтіп бара жатқан кемелердің экипаждары көкжиектен судан бір шығып, бір батып жүрген бұлтты көреді.

…2005 жылы Мельбурн полициясына келген адамдар аспаннан қала үстінде жарқырап тұрған шар мен бесбұрышты жұлдызды көргенін айтады.

…2006 жылдың сәуірінде бұғаз аумағында біресе суға батып, біресе көкке атылып «ойнаған» түрлі-түсті жарығы бар айналмалы «дөңгелек» көпшіліктің назарын өзіне аударады.

Жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен Фредерик Валентичке қатысты оқиғадан хабары бар жергілікті авиажелілердің ұшқыштары «жатжерліктер кезекті құрбандығын аулау үшін тұзақ құрып жүр» деп жиі әзілдейді. Әзіл әзілімен, бірақ қазір Бассов бұғазының үстінен жүрегін қолына ұстамай ұша алатын ұшқышты табу қиын.

Дайындаған К.ТІЛЕПОВА.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.