Теріскейде теріс ағымға қарсы күрес жандануда

Діни экстремизм мен деструктивті ағымдарға қарсы күресте профилактикалық іс-шаралар жүргізудің берері мол. Өйткені осындай түсіндіру жұмыстарының арқасында қаншама жастар өз бағыттарынан айнымай, тура жолмен жүреді. Теріс жолға түспейді, жат ағымдардың арбауына ілінбейді. Алданбайды.

Жақында Созақ ауданы Құмкент елді мекеніндегі «Сатыбалды қары» атындағы мешітте «Теріс діни бағыттағы топтардан сақтану» жəне «Интернет желісіндегі теріс діни ақпараттардан сақтану» атты ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізіліп, бұл іс-шара «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің Созақ ауданындағы бөлімі маманы Қ.Қосмахановтың ұйымдастыруымен өтті.

Шындығында бүгінде ғаламторға тәуелділікке ұшырағандар арасында да интернеттегі діни теріс ақпараттар арқылы теріс ағымдардың жетегінде кетіп қалып жатқандар жетерлік. Демек, ауылдағы ағайындардың арасында да түсіндіру жұмыстарын күшейткен жөн. Өз кезегінде мешітке жиналған көпшілік ата-бабамыз ұстанған дінімізді дәріптеп, дәстүрімізді құрметтеу керектігін алға тартып, ұялы телефондағы діни күмәнді сайттарға қызығушылықпен енген кейбір жастардың  теріс жолға қалай түсіп кеткенін білмей қалып жатқанын да баса айтты. Сондықтан, жастармен түсіндіру жұмыстарын бірлесе жүргізу керек-ақ.

Жиын соңынан мешіт жамағаты мен жастарға «Дін жəне дəстүр тағылымы» жəне «Дін жəне қазіргі заман» атты кітапшалар таратылды.

Шындығында кереғар ағымдар мәселесі бүгінгі таңда басты назарда тұрған тақырып болғандықтан, бұл бағыттағы жүйелі жұмыстардың желісі үзілмейтіні анық. Таяуда Түркістан облысы, Созақ ауданы, Таукент елді мекенінде емханада өткен «Теріс діни ағымдардың алдын алу» жəне «Екпе егудің пайдасы» атты емхана қызметкерлерімен кездесуде де бұл мәселе егжей-тегжейлі сөз болды. «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің аудандағы теолог мамандары қоғамдағы болып жатқан жағдайларға, теріс діни ағымдардың насихатына, өңір жастарын діни экстремизм қатерінен қорғауға толығырақ тоқталып өтті.

Сондай-ақ мамандар кереғар ағымдардың жастарды тура жолдан тайдырып қана қоймай, орны толмас өкінішке ұшырататынын, қоғамға қарсы әрекеттерге итермелейтінін де ашық айтып, дін секілді өзекті мәселеде абай болуға шақырды. Әсіресе, әсіредіншілдікке салынып, екпе ектіруге қарсылық танытудың жөн болмайтындығын нақтылы мысалдармен дәлелдеп берді. Жұмыр жерде тіршілік кешіп жатқан адамдардың да екпе салдыруға қарсылығы жоқтығы айтылып, қонақтар көпшілік қауымды мұндай пікірлерге көп назар аудармауға үндеді.

Сондай-ақ Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасының «Туған жер» бағдарламасы аясында, Астана қаласының 20 жылдығы мен Созақ ауданының 90 жылдығын лайықты атап өту мақсатында және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу аясында мектептерде биылғы жылы 8-11-сынып оқушылары арасында футболдан жарыстар өтті. Жарыстың мақсаты да оқушылар арасында салауатты өмір салтын ұстану, патриоттық сана-сезімдерін дамыту, діни бөлінушілікке жол бермеу болатын.

Мұндай аудандағы, өңіріміздегі діни ахуалдың тұрақты болуына септесетін, жас буынның діни таным-түсінігін арттыратын ауқымды шаралардың алдағы уақытта да өз жалғасын таба беретіні анық. Өйткені діни экстремизм мен терроризмге тосқауыл қою тек Теріскейліктерге ғана емес, барша отандастарымызға ортақ міндет.

Ұ.Өскен

 

«Қазақстан жолы» газеті, №35 (680), 22.09.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.