Өздігінен өртену, бұл қандай құбылыс?

(Жалғасы. Басы өткен санда)

1961 жылы лондондық дәрігер Гевин Турстон Medico-Legal жорналында «тірі тамызық» тұжырымын алға тартады. Оның ойынша, киім киген адамның өзі тірі тамызыққа айналуы мүмкін. Адам іштен тұтанғанда оның ішіндегі еріген май отты өшірмей, ішкі ағза түгел жанып кеткенше тамызық болып тұрады.

1986 және 1998 жылдары екі рет телеарналар арқылы әскери әуе күштерінің ғылыми-көпшілік бағдарламаларында «тамызықтың» қалай тұтанатыны мысалмен көрсетіледі. Ол үшін доңыздың етін матаға орап, сіріңкені жақындатады. Осыдан кейін тез тұтанған доңыз еті ұзақ уақыт, 12 сағат бойы жанады. Бірақ, сыртындағы матасына от тимей, бүтін күйінде қалады. Ал майлы ет бір уыс күлге айналады…

– Бірақ, «тамызық» гипотезасы бұл құбылыстың барлық ерекшеліктерін түсіндіре алмайды, — дейді Брайан Форд. Бұрын ойлағанымыздай, іспірттіңде бұл жерде ешқандай қатысы жоқ. Өйткені, ол жиналмайды, ол белгілі бір уақыттан кейін көміртектену әсерінен ыдырап кетеді…

Дегенмен, Фордтың түсіндіруінше, адамның ағзасында өте жанғыш зат жиналуы мүмкін. Бұл – ацетон. Метаболизм әсерінен ацетонның түзілуі қанның құрамында адам ағзасындағы негізгі қуат көзі – глюкоза азайған кезде басталады. Глюкозаның тапшылығы осыған ұқсас механизмді іске қосады. Май жасушалары бөлініп, бауырдың көмегімен орындалатын биохимиялық реакциялар тізбегі кетондар деп аталатын заттың қанға енуіне әкеліп соқтырады. Глюкозаның орнына қуат тасушы және қуат көзіне айналатын да осы кетондар.

Ацетон – кетондардың бір түрі. Оның жиналуына кетоз ауруын тудыратын кейбір емдәм түрлері де себеп болады. Бұл аурудың пайда болуына қант диабеті де ықпал етуі мүмкін.

«Ағзадағы жанғыш зат мөлшерінің шамадан тыс көбейіп кетуі іштен жануға әкеліп соғады», — деп есептейді ғалым. Ол мұны біраз уақыт ацетонға доңыз етін салып қойып тексеріп көрген.

Осы ет кесектерінен Форд адам денесінің үлкен үлгілерін жасаған. Оған киім кигізіп, тұтандырғанда, ол небәрі жарты сағатта түгі қалмай жанып кеткен. Ал киімінің кейбір жерлері бүтін сақталған. Аяқ-қолдары да жанбай қалыпты. Тура Мэри Ризер сияқты.

– Біздің ойымызша, адамның қолы мен аяғында май аз болғандықтан, онда ацетон жеткілікті мөлшерде жиналып үлгермеуі себепті жанбай қалады, — дейді биолог-сынақшы.

Бірақ, бәрібір осы «тозақ отын» тұтандыратын ұшқын қайдан пайда болады деген сұрақтың жауабын әлі ешкім таба алмай отыр. Бұған қатысты Фордтың ешқандай нақты пікірі жоқ. Ол тек адамның іштен тұтануына статикалық электр тоғы әсер етуі мүмкін деп есептейді. Сондықтан, ғалым жиі ұшқын шашатын синтетикалық киімдерді кимеуді ұсынады. Ол, әсіресе, кетоз ауруына бейім адамдар үшін аса қауіпті.

*    *    *

Ең алғашқы ресми тіркелген оқиға 1470 жылы орын алған. Бүгінге дейін сақталған құжаттарға көз жүгіртсек, итальяндық рыцарь Полоний Вортий шарапқа әбден сылқия тойып алады да, жақын туыстарының көз алдында аузынан жалын шаша бастайды. Сәлден соң бірден тұтанып, санаулы минуттарда түгі қалмай жанып кетеді. Осы кезден бастап «адамды сайтан оты жағып жіберді» деген түсінік пайда болған.

1763 жылы француз Жан Дюпон адамның өздігінен жанып кету оқиғалары туралы «De Incendiis Corporis Humani Spontaneis» атты кітабын жарыққа шығарады. Онда соттың өз әйелін өлтірді деп айыпталған Николя Милле деген біреуді оның әйелінің бірден өздігінен өртеніп кеткеніне көзі жеткен соң жазадан босатқаны туралы жазылады. Көзі тірісінде ішімдікке өте үйір болған Милленің әйелінен тек күл үйіндісі, бас сүйегі мен аяқтары ғана қалыпты. Ал ол жатқан сабан төсекке дым болмаған.

Соңғы құжаттандырылған куәлік 2010 жылдың 22 желтоқсанында тіркеліпті. Ирландияда 76 жастағы жалғызбасты қарт – Майкл Фогерти жанып кетеді. Осы іске байланысты бір жыл бойы тергеу жүргізген сарапшылар ақыр соңында оның ажалының себебін «өздігінен өртену» деп жазады…

Дайындаған К.ТІЛЕПОВА

 

 «Қазақстан жолы» газеті, №36 (681), 29.09.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.