Конфессияаралық келiсiм – татулық тiрегi

Еліміз бүгінде конфессияаралық келісімнің орталығына айналып отыр. Шындығында да конфессияаралық диалогтың қоғамымыздың дамуына ықпалы өте зор. Тұрақты даму жолына түскен мемлекетімізде мәдениеттер мен діндердің өзара түсіністігі орнығып, әлем тарапынан еліміздегі этносаралық және конфессияаралық татулық үлкен жетістік ретінде бағалануда.

Жалпы конфессияаралық келісім идеясын Мемлекет басшысы тарапынан ұсынылып, қоғам қолдауын тапқаны белгілі. Бұл турасында Елбасымыз да: «Бүгінде мәдениетаралық және конфессияаралық үндесудің халықаралық орталығы ретіндегі Қазақстанның рөлін жаңа деңгейге көтеру керек. Қажет болған кезде біздің еліміз тайталас туып кетуі ықтимал жағдайда өзара келісуге боларлық саяси шешім табу жолында халықаралық дәнекер міндеттерін де атқара алар еді»,- деген болатын. Мемлекетіміз бұл міндетті жемісті түрде жүзеге асырып, келісім мен тұрақтылықты сақтауға баса мән беруде. Яғни Қазақстан халқы Ассамблеясын қоғамды біріктіруші күшке айналдырып, Астанада әлемдік және дәстүрлі  діндер көшбасшыларының съезін биыл алтыншы рет ұйымдастырдық. Мұның өзі мемлекетіміздің бейбітшілік пен бірлік туын көтеріп, конфессияаралық ынтымақтастықты толық қалыптастырып отырғандығын дәлелдей түседі. Мұнан бөлек 18 қазанның «Рухани келісім күні» аталғаны да белгілі. Бұл айтулы күн таяуда өзіміздің Түркістан облысында да жоғары деңгейде аталып өтіп, өңір жұртшлығы дінаралық татулықтың берік орныққанына тағы да бір мәрте куә болды.

Осынау мереке қарсаңында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдегі діни конфессия басшыларымен кездесіп, жұртшылықты атаулы мейраммен құттықтай келе елімізде дінаралық татулықтың күн санап салтанат құрып келе жатқанын айтып, оның нақты дәлелі ретінде таяуда Астанада «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлемде» тақырыбында кезекті рет өткен әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезіндегі Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың сөзін мысал етті.

Сондай-ақ ол Елбасымыздың «Достық жоқ жерде араздыққа мүмкіндік мол болмақ. Сондықтан ізгілік, рақым, имандылық секілді мәңгілік ұғымдарды санаға дарыту арқылы адамдарды тазарту қажет. Адам түзелмей заман түзелмек емес. Бүлінген заманды түзеу адамның өз міндеті» деген съездегі өрелі ойларын ортаға сала отарып, бұл жиынның да өңірдегі халықтар достығына, ұлтаралық, дінаралық татулықтың нығая түсуіне өз ықпалын тигізетініне зор сеніммен қарай­тынын жеткізді. Съезд қорытындысы бойынша қабылданған Декларацияда оның қатысушылары әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының өшпенділік пен төзбеушіліктер туындататын қақтығыстардың алдын алуға, ұзақ мерзімді тұрақтылыққа қол жеткізуге жан-жақты жәрдемдесуге белсенді күш-жігерін тартуға дайын екендіктері туралы мәлімдеді. Өз кезегінде мен де сіздерді жергілікті жерлерде мәртебелі миссияны жалғастыруға шақырамын», — деді Ж.Түймебаев.

Оған қоса осы мерекелік жиын қала аумағында да өз жалғасын тауып, мәдениет үйінде «Рухани жаңғыру Түркістан төрінен басталғандай …» атты ауқымды іс-шара өтті. Іс-шараға қала әкімі Ә.Өсербаев, облыстық мәслихат депутаты Б.Мұсабеков, қалалық мәслихатының хатшысы Ғ.Сәрсенбаев, қалалық ақсақалдар алқасы, қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, мекеме басшылары, құқық қорғау органдары, мектеп директорлары, жоғары және арнаулы оқу орындарының басшылары мен жастар және БАҚ өкілдері қатысты. Ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергенов қазақтың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпының жастар тәрбиесіне ықпалы жайында баяндама жасап,тұғыры – тыныштық болып, тірлігі тұрақтылықты, тілегі татулықты қалайтын елдің болашағы жарқын ұлтқа айналатынын баса айтты. Іс-шара соңында бірнеше ұсыныстар ұсынылды, қала әкімі Ә.Өсербаев алдағы уақытта бұл ұсыныстардың қаралатындығын және де оңтайлы шешімін табатындығын айтты.

Е.ТӘЖИЕВ.

 

«Қазақстан жолы» газеті, №40 (685) 27.10.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.