Қазақстан мен Грекия арасындағы туристік байланыс артады

Қазақстандық туристік компаниялар Грекияда өткен 34-ші «Филоксения-2018» көрмесіне қатысып, шетелдіктерге елдің туристік әлеуетін паш етті.

Туристік әлеуеті дамыған алпауыт елдердің көшбасшы туристік орталықтары қатысатын шараның басты мақсаты- қазақстандық туристік нысандар мен тарихи орындардың маңызын таныстыру, тәжірибе алмасу.
Еліміздегі туристік орталықтар мен Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің Жерорта теңізі аймағындағы ең ірі туристік көрмеге қатысуына Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстанның Грекиядағы елшілігі қолдау көрсетіп,  «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Қожа Ахмет Ясауидің мұралары және Түркістан өңіріндегі киелі-тарихи жерлер жайлы көрмені шетелдіктер назарына ұсынды. Туристер үшін Түркістандағы ең маңызды орындар жайлы 1871-1872 жылдары түсірілген А.Кунның фотоальбомынан туындылар және кесененің әр жылдардағы бейнелері мен Түркістанның көріністері, тайқазан, шырағдан суреттері, Қожа Ахмет Ясауи мен тайқазанның макеттері таныстырылса, Ясауи кесенесі мен Қылует жерасты мешіті, Шығыс моншасы, Гаухар ана, Укаша ата кесенесі мен құдығы, Сауран қалашығы сынды тарихи орындардың 3D тур нұсқасы Елбасымыздың цифрландыру жүйесі негізінде дайындалып, халықаралық көрмеде алғаш рет көзілдірік арқылы көрсетілді.
Сонымен қатар, қорық-музейдің тарихи орындары мен музей хақында үш тілде жарық көрген буклет кітапшалары мен жәдігерлердің каталог кітаптары да көрме экспозициясынан орын алды.
Сонымен қатар, отандық туристік орталықтар «Қазақстанға саяхат жаса» жарнамалық ұранымен түрлі мәдени бағдарлама ұсынып, еліміздің  көрікті жерлерімен бірге қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпы және төл өнерімен танысты. Қазақтың дәстүрлі әндері мен термесін тыңдаған қалың көпшілік арқан тартып, асық ату ойынына да белсене қатысты.
Үш күн ішінде 20 мыңнан аса шетелдік тамашалап үлгерген қазақстандық көрмеге 27 жыл бұрын Қазақстаннан Грекияға қоныс аударған Георгий және Ольга есімді ерлі-зайыптылар келіп, туған жер мұраларын көріп,  көздеріне жас алды Қазақстанның Грекиядағы Төтенше және өкілетті елшісі кеңесшісі Тимур Сұлтанғожин де  көрмені ұйымдастырушы қазақстандықтарға алғысын білдірді. Алдағы уақытта Қазақстан мен Грекия арасындағы туристік байланыс нығайып, тарихи-киелі жерлерге бай қазақ жеріне шетелдік саяхатшылардың назарын аударуға елшілік те қолдау білдіретінін жеткізді.

Көрмеге келушілердің басым бөлігі Қожа Ахмет Ясауи жайлы тарихтан хабардар болғанымен мұраларын алғаш рет көзбен көрді. Сонымен қатар, еліміздегі бірқатар тарихи орындар жайлы да көрме арқылы қызығушылық білдірген туристер Қазақстан жеріне саяхатқа келмек.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.