Жер бетіндегі ертегі тектес мекендер

Мавренери сарқырамасы, Грекия

Бұл сарқырама Грекиядағы Пелопоннес тауларында орналасқан. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл – ежелгі Стикс өзеніне апаратын жол. Аңыздарда айтылатындай, Стикс өзені жерасты әлемінің, яғни Аид патшалығының қақпасы болған. Стикстің суы улы және кез-келген адам үшін қауіпті болған деседі. Бір кездері осы өзенге құйған сарқыраманың суын тексеріп көрген қазіргі заманғы ғалымдар да ондағы улы заттардың деңгейі өте жоғары екендігін дәлелдеп отыр.

Періштелер патшалығы, Ирландия

Knockma Woods, соның ішінде Knockma Hill аймағында періштелер патшалығына апаратын құпия жол бар деген әңгіме ғасырдан-ғасырға өзінің сиқырлы күшін жоймай келе жатыр. Осы сан ғасырлар ішінде бұл жолды іздегендер аз емес, бірақ әзірге ешкімнің жолы бола қоймапты.

Шамбала, Тибет

Шамбала немесе Шангри-Ла деп аталатын бұл сиқырлы мекен Тибет тауларының бір түкпірінде жатқан көрінеді. Аңызды жеткізушілердің айтуынша, мұнда будда құндылықтары мен бейбітшілік, махаббат мәңгілік салтанат құрған. Шамбалада тіршілік кешіп жатқан Ұлы Жауынгер Гесер бір замандар болғанда Жер бетіндегі зұлымдыққа қарсы тұру үшін қол бастап шығады деген сөз бар.

Гвинея қақпалары, Жаңа Орлеан

Жаңа Орлеан қаласынан табылған бұл қақпалар Вуду дәстүрімен салынған. Көне шежірелерге сүйенсек, бұл қақпалардан өткен адам ана дүниеге жететін көрінеді. Яғни, бұл қақпалар – екі дүниенің арасындағы өткел. Аңыз бойынша, ана дүниеге апаратын 7 қақпа бар. Адамның демі үзілген соң, оның жаны сол қақпалардың бәрінен өтуі тиіс. Егер өте алмаса, жаны жай таппай, жер бетін кезіп жүреді-міс. Қазір аталған 7 қақпаның бәрі табылған, бірақ олар қатаң күзетіледі және орналасқан жерлері аса құпия сақталған. Бірақ, білетіндер бұл қақпалар Жаңа Орлеандағы әртүрлі зираттарда дегенді айтады. Бірақ, оларды тапқан адам тым қатты әуестік танытса, бұл дүниелік болмауы да ғажап емес.

Шибальба, Орталық

Америка

Ежелгі ұлы өркениеттердің бірі – майя империясы. Майялар ана дүниеде де өмір барына қатты сенген, ал Шибальбаны олар өлгеннен кейін мәңгілік тыныстайтын орын деп білген. Онда жету үшін адам жаны  көптеген қатерлі кедергілерден өтуі тиіс. Бірақ, бұл мекеннің қайда екені осы күнге дейін белгісіз болып келген. Жақында Юкатан жартыаралында үлкен үңгірлі кешен табылды. Зерттеушілердің басым бөлігі мұны Шибальба деп болжап отыр.

Scholomance, Румыния

Румыниядағы Карпат тауларында «Scholomance» мектебіне апаратын жол бармыс. Мұнда сайтанның өзі жыл сайын 10 шәкірттен қабылдап, оларды барлық зұлымдықтың қыр-сырына үйрететін көрінеді. Содан кейін өзінің жас ізбасарларын жер бетін «бүлдіруге» жібереді деседі. Бұл жолдың қайда екені белгісіз. Оны табудың не қажеті бар дейсіз ғой? «Зұлымдықтың жолын жабу үшін» дейді біреулер. Бірақ, оны басқа мақсатқа пайдаланғысы келетіндер де аз емес.

Ньюгранж, Ирландия

Бұл – алып зират, оны Ирландиядағы Бойне жазығынан табуға болады. Осыдан шамамен 5000 жыл бұрын тұрғызылған бұл кешен өте әсерлі көрінеді. Ирландияның халық ауыз әдебиетінде Ньюгранж сияқты құрылымдар арқылы бүкіл әлемді саяхаттаған құдайлар туралы аңыз-әңгімелер өте көп.

 

Дайындаған Б.КЕМЕЛ.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.