Облыста білім саласының «былығына» тоқтам бола ма?

Оңтүстік өңірі елімізге жақсы жағынан танылып, оның үлгі-өнеге болып жүргеніне ешкім де шүбә келтіре алмас. Соңғы уақыттарда кейбір сала жұмысында келеңсіздіктердің жиі көбейіп бара жатқаны қалың жұртшылықты алаңдатып отырғаны анық-ақ.

Күні кеше Мақтаарал ауданындағы Нұрлыбаев және Үкібаев атындағы жалпы орта мектептерге жаңадан тағайындалған екі мектеп директорын таныстыруға алып барғанында мектептің мұғалімдері мен ата-аналары оны қызметтік кабинетіне кіргізбей қояды. Жергілікті билік үшін бұдан өткен масқаралық бола ма? Үкібаев мектебінде тіпті мектеп директоры кабинеті есігін шегелеп тастауға дейін барған. Апта басында жаңа директорларды «креслосына» отырғызуға қайта апарғанында, келгендерді мектептің ауласына кіргізбей қойғаны әлеуметтік желілердің бетін басып қалды.

Егер, еңбегімен танымал болған мұғалімді директор етіп әкелсе, бір ауылдың өре тұруы мүмкін емес қой. Бәленің бәрі, осы директорлардың «креслосының саудасы» эфирге шығып, ұрпақ болашағына емес, жекелеген басшылардың мүддесі алға шығып кеткен соң ғой, есіткен жұрт жағасын ұстайтын сорақылықтың болып жатқаны. Аудан басшылығындағылар өздерінің жіберіп алған кемшіліктерін мойындаудың орнына, ауыл тұрғындарының топқа, атаға бөлінуден шығарған өрескел тірліктері деп облысқа қарай ақпар беретіні анық-ақ. Соны сезді ме, сейсенбі күні ауылдың бір ақсақалы Түркістанға қарай жол тартыпты. Оны да күтейік.

Бар «былықтың» басында аудандық білім бөлімі басшысы С.Туребековтың тұрғаны жерлестеріне ғана емес, Құдайға да аян деуге болатын шығар. Жылдар бойы БАҚ бетін шулатып жататын С.Туребековты «командасына» қосып алған аудан әкімі Б.Асанов енді төгіп алған абыройын қайтара ала ма? С.Туребековты аудандық білім бөлімі басшысы болуға келісімін берген облыстық білім басқармасы басшысы И.Сағындықов ай қарап отырды ма? Енді не болды, елімізде бұрын соңды болмаған сұмдықты да көрсетуге бардық.

Жетісай ауданындағы Т.Рысқұлов мектебінде 2018 жылдың қаңтарында 11-сыныпқа оқуға қабылданып, жыл соңына дейін бір рет те сабаққа қатыспаған 3 оқушы «Аттестат» алып, ЖОО-ның студенті атанған. Ал, мектептің сынып журналына баға толтырмай мұғалімдер отыр.

Заңбұзушылықпен күресетін РОВД полицейлері ауылдарындағы заңсыздықты реттеп қою үшін, жоқ оқушыларға баға қорытпаған пән мұғалімдерін алдырып, кеуделеріне нөмір іліп суретке түсіріп, саусақтарының із таңбаларын алып, оларды жазықсыз қорлағандай әрекетке барады. Дәл осы фактіден облыстық білім басқармасы басшысы Исатай Өмірзақұлы хабарсызбын деп айта алады ма?

Сонда И.Сағындықов пен оның «командасы» немен айналысады, білім саласындағы  келеңсіздікпен күресе алмаса?!

Осы И.Сағындықов республикалық «Жас Алаш» газетінің 15.11.2018 жылғы №91 (16381) жарияланған «Түркістандағы «тест» базары. Шындық па, өтірік пе?» тақыры­бымен жарияланған сыни материалды оқып көріп пе? Оған қандай шұғыл шара көріпті? Бұл мақаланы толық оқып шығуға бетің шыдамайды. Өйткені, облыстағы бүкіл өмір шындығы осындай.

Болмысы бөлек нағыз отаншыл ұстаз А.Әшірбаева Елбасының ашықтық қағидасын, облыс әкімі Ж.Түймебаевтың «Ашық әңгіме» ұстанымын қолдап, облыстың білім саласындағы орын алған сорақылықтың «картасын» ашып тастапты. Бұдан қорытынды шығару И.Сағындықовтың қолынан келеді деп айта аламыз ба? Әй, қайдам?

Ең сорақылығы, тәрбиелеп отырған бүлдіршіндерімізден ұялмайтын болдық қой. Қазір барлық мектептің оқушылары Жаңа жылдың жасыл шыршасын тамашалау үшін өздерінің сүйікті мектебіне кіруге 150-500 теңге арасында ақша жинауды бастап жіберді. Бұл өзі қай елде бар екен?

Қазіргі білім саласының басиесіз қалғаны сол – білім бөлімі басшылары мұғалімдерді газет-журналға зорлап жаздыру «Разнарядкасын» жасап, олардың құқықтарын таптауда. И.Сағындықовтың қасында отырған Түркістан қаласы білім бөлімі басшысы А.Батырбекованың өз «Разнарядкасымен» мұғалімдердің бүйрегіне біз тығып жатқанын есітпей қалып па? Өзіне үлкен сенім білдірген азаматтарды ыңғайсыз жағдайда қалдырғанын түсінетін И.Сағындықов болса, енді көптің көңілінен шығатын бір шешім қабылдайтын шығар деген ойдамыз.

 

Ә.МҰРАТБЕКОВ.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.