ҚОЛДАН ЖҰЛДЫЗ ЖАСАҒАНЫМЫЗДЫ БІЛЕМІЗ БЕ?

Бүгінгі қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерге бәріміз де кінәлі шығармыз, әсте. Себебі, көре тұра көрмеген, сезе тұра сезбеген болуға құмармыз. Адамдар иманды болып, арды ақшадан биік қойып, қоғамды қатігездіктен сақтаса, оның игілігін ең алдымен өзіміз көреміз емес пе?

Қазіргі заман техника мен әлеуметтік желінің дамыған заманы. Қазіргі қоғамда, әсіресе, жастар уақытының көп бөлігін әлеуметтік желіге жұмсайды. Қоғамдағы жаңалықтар, өзекті мәселелердің бәрін осы әлеуметтік желі арқылы біліп отыратын болдық. Бүгінде әлеуметтік желі біреуді құзға лақтырса, біреуді құздан биікке шығаратын деңгейге жетті. Желі арқылы танымал болып, халықтың аузынан түспейтін жандар да аз емес. Олар ешқандай еңбексіз халық арасында  танымал болғандар десек, артық айтпаған болармыз.

Иә, қазіргі заманда  ешқандай еңбексіз-ақ танылуға болады. Бір жылда емес, бір айда емес, тіпті, бір апта түгілі бір күнде-ақ халықтың назарына ілігіп, бүкіл елге танымал болатын заман туды. Қазіргі қоғам керекке жарамайтындарды керек қылған, жылтырларды шешен қылған заман. Заман талабы солай екен деп арымызды саудалап, намысымызды аяққа таптап, тайраңдап жүргендер қаншама… Бірақ олардың бұл мүмкіндікке ие болуына өзіміз де мүмкіндік беріп жүрміз-ау, әсте.

Рейтинг деген нәрсе бар. Сол үшін кейбір телебағдарламалар жанын беріп, кез-келгені тәуекелмен көшеде жүрген көлденең көк аттыны бағдарламасына қонаққа шақыруға даяр.

Бұрынғыдай емес, қазір телеарна «сайқымазақтардың» ордасы.

Қоғамда орын алып жатқан келеңсіздіктерге себепші болып жатқан жандарды тоқтаусыз жарнамалап, соларды өзіміз қолдан «жұлдыз» жасап жатқанымызды білеміз бе? Мәселен, жуырда ғана 18 жасар қазақ қызы үстіне қазақтың әшекейін көмкеріп, ел-жұрттың алдына жалаңаштанып жарқ етті. Енді телеарналардан көрсетіп, қазақтың ұятсыз қызынан сұхбат алғанына журналистер мәз болып жүр. Атышулы «Қалаулымның» Замирасы да «Өз ойыма» шақырғанына, Аман Тасыған сұхбат жүргізгеніне ол мәз. Кешегі пранк түсіргіш астаналық таксист жігітті де «жұлдыз» қылдық. Байқасаңыздар, қазір осындай масқаралықты жасаушылар телеарналардан түспейді.

Ал олардың түпкі мақсаты не? Неге мұндай сорақылыққа барады? Қара пияр. “Атың шықпаса, жер өрте” дегеннің өзі ғой. Жағымсыз жаңалық арқылы атағын шығару – олардың мақсаты. Қазіргі журналистің өресінің деңгейін, олардың өз бағдарламасына тоқтаусыз шақыртатынын білген соң, «ауыштар» білгенін істемей қайтсін. Біреуі шешініп, біреуі төбелесіп, біреуі қыздарды қорлап, енді біреуі өзінің масқаралықтарын айтып, әйтеуір танымалдылыққа ие болады. Кешегі 18 жасар қыз не үшін мұндай масқаралық жасады? Актриса болуды армандаған жас қыз режиссерлердің көңілін өзіне аудармақшы болған. Оларға назар аударған сайын біз еліктейтіндердің қарасын көбейтудеміз. Сорақылықтың шыңына жеткендермен күресудің орнына оларға танымалдылыққа қол жеткізуге өзіміз жол ашудамыз. Иә, мұндай нәрсе қоғамдық талқылауды қажет ететіні сөзсіз. Дегенмен, құр сөзбен жылы жауып қоя салмай, бұл жағдайлар деңдемей тұрып, нақты шара қолдану қажет-ақ шығар.

Ұ.Өскен

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.