ЕЛБАСЫ «АҚЫЛДЫ» ҚАЛА ЖОБАСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Мемлекет басшысы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған «Smart city – Ақылды қала» заманауи технологияларды енгізу жобасының қорытындыларымен танысты.

Нұрсұлтан Назарбаев атқарылған жұмыстың маңызын атап өтіп, цифрландыру саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар бірінші кезекте азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға, қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталғанын айтты.

«Мен әрдайым мемлекетті тиімді басқару міндетін алға қоямын. Басқаруға қатысты шешімдердің бір орталықта қабылдануы экономикада жақсы нәтиже береді», – деді президент.

Жоба жол және қоғамдық қауіпсіздікті, соның ішінде білім беру мекемелері мен әлеуметтік нысандарға бейне бақылау жүргізу, денсаулық сақтау саласына мониторинг жасап басқару, сондай-ақ ғимараттар мен тұрғын үйлерді соңғы үлгідегі ақылды құралдармен жабдықтау арқылы қаланың қалыпты тіршілігін қалыптастыруға бағытталған.

Ахуалдық орталықтың инфрақұрылымы ведомствоаралық іс-қимылды ұйымдастыру, қаланы тактикалық және стратегиялық тұрғыда басқару, соның ішінде коммуналдық қызмет көрсету мекемелерін басқару жөніндегі шешімдермен таныстыру, қала ресурстары жөніндегі шынайы және уақытылы алынған мәліметтерді жинақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Осы жобаны іске асыру барысында энергия тиімділігін қамтамасыз ету, экологиялық жағдайға мониторинг жасау, қылмыстардың алдын алу бойынша инновациялық тәсілдер енгізілді. Соның арқасында Ақкөл қаласы елімізде ақпараттық технологияларды тәжірибеден өткізіп, Smart Сity тұжырымдамасын дамытудың алғашқы елді мекені атанды.

АҚПАРАТ көзі: sputniknews.kz

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.