ҰЛТ.РУХ.АМАНАТ

Совет-Хан Ғаббасов

Жалпы, бүгiнгi Үкiмет елдiң пiкiрiмен неге санаспайды?

Уа…, исі Қазақ баласы есіңді жиып, өткен-кеткен тағдырыңды тартып, алды-артыңа қарашы?! Ата-бабаң жасап кеткен теңдессіз терең мұрасынан не қалды? Асқақ рухы бекзаттықтан тұратын, мәйегі нәрлі салт-дәстүрдің қаншасынан айырылдық?.. Енді міне, Тәуелсіз Ел салтымен, жоғымызды түгендейтін кез келді. Ар-намысты Ту етіп, толағай күшпен қимылдайықшы, арманы үлкен аңғал Жұртым! «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дейтін даналықты пір тұтып, жалтақтамай да жалпақтамай жөнімізді білсек екен, ақ жарқын мінез Алашым! Япыр-ау, текті жұрттың сынығы едік қой?! Еліміздің ертеңі мен ұрпақ қамын ойласақ, рухани өркениетімізді өсіріп, ұлт құндылығын түгендемей болмайды.

*    *    *

Ақиқат пен әділеттің жолы ауыр-ақ. Тілде сүйек жоқ болған соң, оңды-соңды айта беретін ақылгөйлер көп. Қарапайым халыққа осындайлардың анық-қанығын түсінуден ауыр ештеңе жоқ. Әйтсе де елдің санасы мен халықтың намысы небір тосқауылдардан өту арқылы жанасып жетіле түспек. Ә, дегенде халықты жаңылдырғанмен, халық даналығынан қағаберіс қалу мүмкін емес. Сондықтан да өзінің тарихы мен мәдениетіне қашанда халық қана иелік етпек…

*    *    *

Адамдықтың негізі – ата-дәстүрінің құндағында, ана тілі әуенінің әлдиімен сіңіетіндігі даусыз! Ал әркімнің боданында болған аз халықтың азапты жылдары, оның не бір ғажайып жақсы қасиеттеріне дақ түсіретіні де рас. Бірақ, «орнында болса оңалатындығын» есте ұстау керек. Жайлы жағдай туса бәрі де біртіндеп қалыбына келеді. Тек ата-дәстүрінің ізі суып, ана тілінің рухы өшпеуі керек. Бұл екі құдірет… құстың қос қанаты тәрізді, жер бауырлап қалған жұртыңды қайыра еңсесін көтеретін күш деуге болады.

*    *    *

Біріншіден, қоғамға тәртіп пен әділет керек. Мемлекеттің бақыты – осы екі мәселеде. Қоғамдағы қаптап кеткен түнгі клубтар мен әр бұрышта самсап тұрған казинолар, бесіктен белі шықпаған балаларды қанқұйлы қатыгез ойындарымен бұзып жатқан компьютерлік дүңгіршектер, автоматты ойындар осының барлығы адамдарды құмарлыққа құнықтырып, аздыра береді. Бұлардың да нашақұмарлық тәрізді сипаттары бар. Оның жағымсыз жағдайлары қазірдің өзінде қоғамымызды жайлап барады.

*    *    *

Ұлттық немесе халықтық идеяны дұрыс жүйелеп алмай, тәуелсіздігіміз баянды бола алмайтынын түсінетін мезгіл жетті. Көне жұртымыздың ұрпағына қалдырып кеткен аса бай халықтық құндылықтарын бүгінгідей құрбандыққа шалып құлдырата берсек, көп ұзамай-ақ, құрдымға кетеріміз анық. Қазірдің өзінде, рухани деңгейіміз жан түршігерліктей сипатта екені, жасырып қоюға болмайтын шындық. Әсіресе, дертті болып туып жатқан бала, одан да бетер сорақысы, тірі жетім күйінде өсіп жатқан сәбилеріміздің жағдайы, жастарымыздың тым елітегіш өрескел тәрбиесіздіктері осы көтеріп отырған мәселенің жағымсыз көрінгістері екні дау тудырмаса керек.

*    *    *

Арман боп жеткен тәуелсіздігімізді, арсыздыққа толы пендешілігіміз бен қанағаты жоқ құлқынымыздың құлдығына шала бермей, ұлттық сана мен азаматтық парасаттың пәтуасына келгеніміз жөн. Алдау мен арбауға бас ұрып, ертең-ақ өзегіңе тебер өзгеге қарап өзеуреуді тоқтатқан жөн… Дана жұртымыздың өзгеше біткен болмысын түсініп, жан дүниемізге үңілетін мезгіл жетті. Атадан қалған өсиетке илансақ «Еңкейгенге еңкей, әкеңнен қалған құл емес, шалқайғанға шалқай, пайғамбардың ұлы емес» деген қағидаға құлақ аспай жүрміз-ау!

*    *    *

Өзінің тіліне, ұлтына, халқына деген мейірім болмағандықтан, олардан рақым күту де мүмкін емес. Оларды адастырып отырған – еліктеушілік пен солықтаушылық. Кісіліксіздік!.. қазір саналы жанды, не істеу керек дейтін сұрақ көп мазалайды. Өйткені, біздер аз санды халықпыз. Осы толғаныстардан туғна ойымды ашып-жарып айтуды жөн көрдім:

*    *    *

Тәрбиесіз ұрпақ, өзінің Отанына,оның тәуелсіздігіне ие бола ала ма? Әрине, жоқ! Үзілді-кесілді жоқ! Олай болса, тек халықтық идеямыз бен ұлттық идеологиямыз ғана, келешек ұрпағымыздың алғыр да терең санасы мен жан дүниесінің дұрыс жетілуін қамтамасыз етпек. Былайша айтқанда, ол ұлттық және азаматтық сананы қалыптастырып жетілдіруші.

*    *    *

Жалпы біздің оқу-ағарту саласында «білім беру» дегеннен басқа, «тәрбие беру» дейтін ұғым да жоқ. Оның үстіне, республикамызда өзінен шыққан жаңалыққа «тас керең» бола қалатын қалыбы бұзылар емес. Осының айқын көрінісі, бүкіл оқу-ағарту жүйесінде Халық педагогикасы мен ұлттық психологиясы пән ретінде жүргізілмейді. Өзінің халықтық тағлымына деген мұндай қатынас, жетіліп отырған елдерде бар ма? Әрине, жоқ!.. Ендеше, халық педагогикасы мен ұлттық психологиясынсыз ұрпақ тәрбиесін жөнге салар тетік те, жауап та жоқ.

*    *    *

Іргелі елдерге жататын жапон, неміс халықтары, балаларына басқа тілдерді үйретуді, тек 9-10 жасынан ғана бастайтыны ғылыми негізге сүйенгендік екені белгілі. Біздің балабақшадағы 3-4 жастағы сәбилерге үш тіл үйретеміз деуі, сыпайылап айтқанда, қаскүнемдік болып табылады. Өйткені, психикасы әлі қалыптаспаған балаларға шет тілдерінің салмағын салу, ұрпақты есалаң, яғни шизо жасауға ұмтылыс десе болады. Жалпы, бүгінгі Үкімет елдің пікірімен неге санаспайды

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.