МАҚТААРАЛДЫҚ ШАРУАЛАР ЕГІН ЖҰМЫСТАРЫН БАСТАП КЕТТІ

QAZAQJOLY.KZ  Түркістан облысы Мақтаарал ауданының шаруалары қаңтардың қақ ортасында диқаншылықты бастап кетті. Ерте өнім беретін қырыққабат дақылын егу науқанына қазірдің өзінде 10-нан астам бригада қатысып, қызу жұмыс жүруде.

Аудан әкімі Бақыт Асанов қаңтардың жауын-шашынына қарамастан егістік алқапта жұмыс жасап жатқан диқандардың жұмысымен танысып қайтты.  Мақтаарал ауылдық округіндегі «Ферудин» шаруа қожалығында 10 гектар жер бар болса, соның 5 гектарына қырыққабат дақылы егілуде. 30 адамнан құралған бригада қаңтардың әрбір жылы күнін пайдаланып, көшет отырғызып жатыр. «Жылыжайда 120 мың түп қырыққабаттың көшетін дайындап, 30 адамнан құралған бригадамен көшет отырғызуды бастадық. Жұмысшыларға күніне 2 мың теңгеден еңбек ақысын төлеудеміз. Негізінен 2 айдың көлемінде еккен егініміз пісіп, жетіледі. Сондай-ақ, 90 күнде жетілетін сортын да ектік. Көшеттердің үстін жапқышпен жауып, жауын-шашыннан қорғаймыз. Ең бастысы — күтіп-баптауға үлкен мән берілуі керек», — дейді шаруа қожалығының төрағасы Мирзадин Алиев.

Диқандар негізінен салмағы 1-1,5 келіден аспайтын қырыққабаттың нидерландық пандион сұрпын отырғызуда. Ерте пісетін өнім түріне еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс көп. Аудан әкімі шаруа қожалығындағы  жұмысшыларға қолғабыс жасау үшін қырыққабат егуге көмектесіп, көшеттер отырғызды. Сондай-ақ, қожалық иелерінің егініне береке тілеп, мол өнім алу үшін тынбай еңбектену керектігін айтты. Жалпы, қырыққабат дақылы ерте пісетіндіктен, мақтаралдық диқандар оның соңынан қауын-қарбыз, мақта сияқты т.б. дақылдар егуге кіріседі. Осылайша жер емген шаруалар бір жылда екі рет өнім алады. Былтыр сәуір айында алғашқы өнімін алған мақтаралдық диқандар республиканың бірнеше облысын және Ресей Федерациясын қырыққабатпен қамтамасыз еткен болатын. Айта кетейік, Мақтаарал ауданында былтыр 30 мың тоннаға жуық көкөніс өнімдері жиналған болатын.

АҚПАРАТ көзі: inform.kz

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.