Ұлт. Рух. Қаламгер.

Темiрхан Медетбек:

Рухсыз адам, рухсыз халық – бейшара адам, бейшара халық

Заман қиын, қатал боп бара жатыр. Суық. Ашушаң. Адамдар бір-бірінен алыстап бара жатыр. Ал бұл жаман. Адамдар бір-бірінен алыстаса, бір-бірін аямайды. Таптап кетеді. Қорлайды. Оның соңы адам айтқысыз апат. Не істеу керек? Ең бастысы, адамдар бойындағы ізгіліктің рухын өлтіріп алмауымыз керек. Сол ғана бізді жақындап келе жатқан апаттан аман алып шыға алады.

*    *    *

Бүгінгі таңда экология мәселелері аз қозғалып жүрген жоқ. Жұрттың қалай екенін қайдам, мен үшін адамгершілік, ар-ождан экологиясы барлық экологиялардың түп-тамыры, түпқазығы сияқты. Өйткені адамгершілік, ар-ождан экологиясы тазармай, сол экология сауықпайды деп білем. Қазір қағажау көріп келгенде шөліңді басатын Мейірімнің арнасы суалып, тартылып бара жатқандай. Олардың орнын бойкүйездіктің батпағы мен немкеттіліктің ақ сортаң топырағы жайлап бара ма деп қорқам.

*    *    *

Жоғары жақ, яғни басшылар, бізге билік айтпасын деп жатырмыз. Қайтесің, біздің демократияны түсінуіміз осылай. Сөйте тұра, өзіміз жоғары жаққа билік айтамыз. Меніңше, басшылардың жұртқа билік айтқаны қандай ерсі болса, жұртшылықтың басшыларға билік айтқаны да сондай ерсі. Жалпы билік бар жерде салиқалы тірлік жоқ! Өйткені билік бар жерде жағымпаздық қана үстемдік етеді. Сондай-ақ, билік кім-кімнің болсын арын, жанын қорлайды. Сондықтан билік емес, түсінісу мен кеңесу керек. Пікір сайысы керек. Ой жарысы керек. Бірақ олардың үлкен мәдениетпен, үлкен сыйластықпен өткені дұрыс. Тек көрсоқыр өпірем мен зұлымдыққа ғана мәдениеттің қажеті жоқ. Олармен аяусыз күреспесең, өзің өлесің.

*    *    *

Қазір біз уақыт пен кеңістіктің ішінде беталды лағып бара жатқандаймыз, бағытымыз қай жақ, бағдарымыз қай тұс?!

*    *    *

Менің кейінгі кезде ұққаным, күрес деген, ең алдымен, өзіңді өзің үздіксіз жетілдіру екен. Яғни, рухыңды биіктету, санаңды кеңейту, намысыңды жану, ақылыңды толыстыру, бір сөзбен айтқанда өзгеден біліміңді асыру, ой-өрісіңді оздыру. Сонда ғана басқа жұрт сені сыйлайды. Өйткені ондай кезде олар айтыссаң ығады, тартыссаң тайсалады! Ал шолақ ақыл, кем сана, тайыз білім, таңқы ой кімді сыйлатып, кімді үркіте алады? Ал сана, ақыл, білім, ой, намыс – рухани қару-жарақтарың, рухани қару-жарақтарың, рухани бес қаруың. Ол рухани бес қаруың жоқ болса, күресе алмайсың. Күрескенмен жеңіліп қаласың!

*    *    *

Бүгінде не көп, қоғам көп, қозғалыс пен партия көп. Олардың бәрі халықтың қамын жеп жүрген сияқты. Біреуі де халыққа қарсы сөз сөйлеп жүрген жоқ. Бірақ бәрінің ішінде – оны жасырып-жаба тоқымай-ақ қояйық – мен билесем деген, менің мерейім үстем болсын деген ниет жатыр. Ал халықты мен билесем деген ниеттен өткен қарау, одан өткен жаман ой, жаман ниет жоқ. Халыққа қызмет етсем деген ұмтылыс жоқ жерде бәрі өтірік, бәрі жалған!

*    *    *

Сөзді сүйек етіп біразымыз кеміре аламыз. Шіркін, сөзді сүйек етіп шағып, майын сора алсақ қой! Міне, қуаттылық, мықтылық деп соны айт!

*    *    *

Ең ұлы күш – Рух. Рухсыз адам, рухсыз халық – бейшара адам, бейшара халық. Рухсыз адам мен рухсыз халықты қаншама қаруландырып қойсаң да жеңіске жете алмайды. Түптің түбінде жеңіліске ұшырайды. Ұлттық рух адам жанына Тілмен, Дәстүрмен, Дінмен, Өнермен сіңеді.

*    *    *

Рухсыз ел – құлықсыз ел. Енді біз жаңа мемлекеттік құрылымға келе жатырмыз. Бұл құрылым да – қауіпті құрылым. Оның жаны – ақша. Қаруы – ақшаны тудыратын қуатты техника, автомат, компьютерлер. Олардың тегеуріні де алапат, ерен… ол тегеурінге төтеп беру үшін де қайратты рух керек. Төтеп бере алмасаң ұлт ретінде құрисың. Өйткені техникаңызда, автоматыңызда, компьютеріңізде бір түйір ұлттық элемент болмайды. Яғни, олар солқылдап тұрған буыны бос ұлттық қасиеттердің бәрін де жалмап, жойып жіберуге бейім.

Олардың жаппай шабуылы­нан осы бастан қорғанбасақ, ертең тағы да қапы қаламыз.

*    *    *

Қазір бізде материалдық жоқ-жітік тұстарымызға қорғаныс жасақталуда, ал рухани жоқ-жітіктерімізге қорғаныс мүлде ұмыт қалуда… Бұл жаман.

*    *    *

Ел басқаратын адам жұрттың бір-бірімен кереғар келіп жататын ақылын, мүмкіндігінше, молынан тыңдап, оны өзінше қорыту керек! Міне, сол адам, елді талай тығырықтан алып шығады.

*    *    *

Адамгершілік пен иман­дылық­тың ең басты шарты не? Меніңше, адамгершілік пен имандылықтың ең басты шарты – адамның Құдайдан және өзінің арынан қорқуы.

Бұрын да сөзден кенде емес елімізге, қымбатшылықпен бірге, әбден ширығып, ашынған сөздер лап қойды. Бейне бір бетімен кеткен бағамен бірге сөздер де бетімен кеткендей. Жұрт бір-бірін тыңдаудан қалды. Бір-бірін тыңдамаған жұрт бір-бірін сыйламайды.

Ал бір-бірін сыйламаған жұрт бір-бірін аямайды.

*    *    *

Ел қазір жаңару, түлеу үстінде. Бұл шақ та ауыр шақ. Ел кеудесіндегі жүректерге салмақ деген түсудей-ақ түсіп тұр. Ол жүректердің, бұл тұста да, ауыртпалықтардан жарылып кетердей боп, алқынып соғары хақ…

*    *    *

Ұлттық ынтымағымызды, аңдаусыз айтылған, титтей бір құтырған сөз бүлдіріп кетуі мүмкін. Бір қарағанда, елеусіз ғана сол бір құтырған сөз де бір, көзге көрінбейтін радиоактивті тозаң да бір. Көзге көрінбейтін радиоактивті тозаң адам денесіне қонып, оны, не ақ қан ауруына, не қатерлі ісікке шалдықтырса, құтырған сөз халықтың жан-жүрегіне қонып, оны рухани дертке шалдықтырады.

*    *    *

Рух деген елге, жерге, Отанға деген ұлы сүйіспеншілік, ұлы махаббат. Ал ұлы сүйіспеншілік ғылыми диссертацияларды оқығаннан пайда болмайды. Ол адам бойына ананың ақ сүті, бесік, дәстүр арқылы сіңетін құбылыс. Мәселен, махаббат адам бойында оқығаннан пайда болмайды ғой. Ол табиғи қасиет. Рух та солай.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.