Кiлем тазалау әдiстерi

* 1 литр қайнаған суға жарты шай қасық кір жуу ұнтағы мен скипидар қосып араластырады. Сосын кілемнің беткі жағына осы қоспаны жағып, алдымен ылғалды, кейін құрғақ шүберекпен сүртеді.

* 1 литр суға ас қасықпен мүсәтір спиртін қосып, кілемнің бірінші сыртқы жағын, кейін беткі жағын ысқымен жуады. Сосын кілемді екі-үш рет жылы сумен ысқылайды, ал соңғы рет жуғанда суға аздап сірке суын қосады.

* Майлы дақтарды кетіру үшін бензинге електен өткізілген ағаш үгіндісін қосып, үгіндіні даққа жағып, біраз уақытқа қалдырады. Ашық түсті кілемді осы әдіспен тазалаған жөн.

* Майлы дақты бензин мен кір жуу ұнтағы араласқан қосындымен де кетіруге болады. Бұл қоспаны түнде кілемге жағып қойып, таңертең ыстық сумен жуып тастайды.

* Кілемге сіңіп қалған дақтарды кетіру үшін спирт, лимон шырыны қосылған қосындыға мақтаны батырып, кір жерді мақтамен сүртеді. Кейін көпірік сумен жуып тастайды.

* Кілемді қармен тазалау – ең оңтайлы әдістердің бірі. Кілемді қарға жайып қойып, үстіне сыпырғышпен қар үйеді. Лас қарларды сыпырып тастап отырады.

* Кілемге ірі түйіршікті ас тұзын сеуіп, сыпырғышпен мұқият сыпырып тастайды. Сыпырмастан бұрын сыпырғышты ыстық көбік сумен жуып алу керек.

* Шай қалдықтарын (заварка) дәкеге орап, оны әбден сығады. Сосын шай түйіршіктерін кілемге шашып тастап, 15 минуттан кейін сыпырып алады. Шай шаңды бойына тез сіңіріп алатын қасиетке ие. Бұл әдіс ашық түсті кілемдерге қолданылмайды, ал күңгірт кілемдердің ажарын аша түседі.

* Кілемге сағыз жабысып қалғанда, тоңазытқыштан мұздай бірнәрсе әкеліп, сағызға қояды. Сағыз қатқан соң пышақпен қырып тастайды.

* Кілемнің қырқылып қалған тұстарын кілемнің түсіне келетін жіпті мұқият таңдап, сол жіппен торлап тігу арқылы жамауға болады.

* Кілемнің үстіне жиһаз қойылатын жағдайда міндетті түрде жиһаздың аяғына резеңке кигізу керек.

* Егер кілем синтетикадан жасалған болса, онда алғашқы 6 айда шаңсорғышпен емес, жұмсақ щеткамен тазалаған жөн.

* Ұзақ мерзімге демалысқа кеткенде, кілемнің бетін газетпен жауып, таяқшаға орап тастау керек. Шаң-тозаң түспес үшін асты мен бетін де газетпен ораңыз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.