Адам миының құпиялары

(Жалғасы.

Басы өткен санда).

Медицина тарихына үңілсек, АҚШ-тың Нью-Джерси штатында өмір сүрген Ал Херпин деген кісінің есімі ерекше аталады. Өткен ғасырдың 40-шы жылдары 90-ға толған ол өзінің ұзақ өмірінде ешқашан ұйықтамаған көрінеді, тіпті тәтті ұйқының дәмін дүниеге келген сәтінен бастап бірде-бір рет татып көрмепті. Ал оның миы қалай демалған, ағзасы қалай қалпына келіп отырған? Мұның жауабын ол уақыттың дәрігерлері қанша іздесе де таба алмаса керек. Оның жауабы бүгін де жоқ. Медицина ұйқысыз өмір сүру деген құбылыстың сырын түсіндіріп беруге қауқарсыз.

Әңгімемізге арқау болған Ал Херпин кедей адам болыпты. Ол ішінде ешқандай жиһазы, әсіресе жамбас төсейтін кереуеті жоқ жұпыны лашықта өмір сүрген. Бір бұрышта тербелмелі креслосы болған. Ал ұзақ түндерін осы креслода отырып өткізген. Бәрі қалың ұйқыға кеткенде, ол креслосына ыңғайланып отырып, қолына кітап алып, таңға дейін оқыған. Осы қалпында оның денесі демалып, миы серги түскен. Ал жер бетіне алғашқы таң шапағы жеткен бойда ол орнынан тұрып, ырзық-несібесін табуға аттанған.

Дәрігерлер, әрине, бастапқыда қарт адамның ағзасының мұндай ғажайып қабілетіне сенбеген. Сондықтан, олар Херпиннің креслосының басында кезекпен күзетіп, ұйқысын аңдумен болған. Ақыры бұл құбылыстың растығына көз жеткізген.

Ал Херпин 96 жыл өмір сүріп, қарттықтан көз жұмыпты. Оның ұйқысыз өмір салты өмірінің ұзақтығына әсер етті ме, жоқ па – бұл туралы ешкім нақты ештеңе айта алмайды. Ал Херпиннің өзі бұл құбылысты анасының өзіне жүкті кезінде ішінен қатты соққы алғандығымен түсіндіреді…

*    *    *

XIX ғасырдың соңында АҚШ-тың Индиана штатында Дэвид Джонс есімді тағы бір кісі өмір сүріпті. Ал Херпинге қарағанда, ол терең және тыныш ұйқының рахатын сезіне алған. Оның басы­нан өткен ұйқысыздық кезеңдері басқалар сияқты ұйықтай алатын қалыпты өмір кезеңдерімен алмасып отырған. Дэвид Джонс өзінің кенеттен ұйқыдан айырылуының себебін өзі де түсіндіріп бере алмайды. Тәулік бойы сергек болып жүру кезеңі онда жылына шамамен екі рет, үш-төрт айға дейін созылып отырған. Бірақ, мұның денсаулығына ешқандай әсері болмаған. Дэвид 24 сағат бойы өзін сергек сезініп, үлкен күш-қуатпен жұмыс істей алған. Ол тек түнгі уақытта 6 сағат жатып демалып алған. Бірақ, денесі демалғанмен, миы бір сәт те дамыл таппай, сергек қалпын сақтаған.

Ұйқысыздық кезеңдерінің басталуына не себеп болатынын Дэвидтің өзі де тап басып айта алмаған. Тек кезекті 3-4 айлық ұйқысыздық кезеңі жақындап келе жатқанын іштей сезіп, дайындалып отыратын болған.

*    *    *

Бірінші дүниежүзілік соғыстың алдында Венгрия тұрғыны Рэчел Сагидің басынан өткен жағдай да таңқалдырады. 40 жасқа толған соң, бұл әйелдің қатты басы ауыра бастаған. Ол қарапайым саудагер болғандықтан, әдетте анау-мынау ыңқыл-сыңқылға көп назар аудара бермейтін. Оның тіпті ауыруға уақыты да жоқ еді. Бірақ, мынадай жан төзгісіз бас ауруына шыдай алмаған Рэчел ақыры дәрігерге жүгінуге мәжбүр болады. Дәрігер оның бойынан ешқандай қауіпті аурудың белгісін таппайды. Тек көбірек ұйықтап, ештеңеге уайымдамауға, бірқалыпты өмір салтын ұстануға кеңес беріп, тыныштандыратын дәрі жазып береді де, шығарып салады.

Алайда дәрігердің кеңестері де, дәрілері де байғұс әйелге ешбір көмек бере алмайды. Бір күні ол төсегіне жатады да, таңға дейін көз ілмей шығады. Тіпті ұйықтататын дәрі де әсер етпейді. Сол күннен бастап Рэчел Саги өмірінің соңына дейін ұйқының рахатын ұмытады. Ол содан кейін де ширек ғасыр өмір сүреді, осы жылдары қайтып бірде-бір рет ұйықтай алмаса да, қалыпты тіршілік етіп, қарттықтан көз жұмады.

Дайындаған

К.ТІЛЕПОВА.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.