Армандар орындалады!

Менің құрбым Мөлдір бір кездері: «Қыз ешқашан өзі жігітке сезімін білдірмеуі керек, ешқашан өзі танысып,сөз айтпауы керек!» — дейтін. Ол өзі өте әдемі, нәзік, әрі тәкаппар қыз еді. Университетте қаншама жігіт оны ұнатып, сөз салып жүрсе де, ешкімге назар салмайтын. Ал өзі жігітті ұнатса, онысын көрсетпей, сезімін іште тұншықтыратын. Бірақ, оның басынан өткен бір оқиға оның осы өмірлік қағидасын тас-талқан етті…

Бірде Мөлдір таңертең әдеттегідей сабаққа бару үшін автобусқа мінеді. Бұл уақытта қоғамдық көліктерде студенттер, жұмысқа бара жатқан адамдар көп, сығылысқан көпшіліктің арасына әупірімдеп енген Мөлдір де бір бұрышқа әрең сыйып келе жатқан болатын. Бір кезде автобусқа бір жігіт жүгіріп кіріп келеді де, бір бүйірімен қағып өткенде Мөлдірдің қолындағы рефераттары мен сөмкесіндегі бар заты жерге шашылып түседі. Ентігіп тұрған жігіт Мөлдірге кінәлі жүзбен жымия қарайды да:

– Кешіріңіз, қарындас. Қазір Астанаға жол тартып бара жатыр едім, ұшағыма кешігетін болдым. Содан ғой ешкімге қарамай қағып-соғып жүргенім, — деп ақталуға тырысады.

Сол күннен бастап сол жігіт Мөлдірдің ойынан шықпайтын болды. Қайда жүрсе де көз алдында сол автобустағы жігіт. Бірақ, «Не істеймін, оны қалай табамын, не атын, не тұратын мекен-жайын да білмеймін» деп қамыққан Мөлдір ақыры «егер бір нәрсені қатты қаласаң, ол міндетті түрде орындалады» деп шешті де, үмітін үзбей, арманын қиялында аялап жүре берді. Ал бір күні расында оның арманы орындалды…

Бірде сабақтан қайтып бара жатып Мөлдір бір аялдамада сол автобустағы жігітті көреді. Жүрегі атқақтай тулап, кеудесіне сыймаған ол бар дүниені ұмытып, ойланбастан автобустан жүгіріп шығады. Тәкаппарлығы да адыра қалып:

– Сәлем, сені енді көрмеймін бе деп ойлап едім, — дейді жігітке жымия қарап.

– Кешіріңіз, қарындас, біз таныспыз ба? Сіз, бәлкім, мені сыңарыммен шатастырып тұрған шығарсыз? Біз егізбіз, ол қазір Астанаға кеткен еді. Мен Айдармын, ал ол – Айбар, — дейді таныс та бейтаныс жігіт. «Егер сол кезде автобуста сол жігітті кездестірмегенде, өзімнің өмірдегі жалғыз махаббатымды кездестірмей кетер ме едім. Егер кездестірмегенде менің қандай бақытсыз боларымды ойлаудан қорқам», — дейді қазір Айдармен шаңырақ көтеріп, бақытты өмір сүріп жатқан Мөлдір. Иә, өмірде не болмайды…

Нәзира.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.