Бізге діни басқарма керек пе?

Облыста дін істері басқармасының кірпішін қалап, оңтүстіктің өнегелі істерін республикаға танытқан кешегі басқарманың ізі бүгінде қайда қалды? Облыстың өркендеуіне өзінің сүбелі үлесін қосып, халқына қалтқысыз қызметін арнаған ел перзенті Батырбек Жалмырзаевтан кейін қолда бардан неге айырылдық? Әрине, мәселенің бәрі басшы кадрға байланысты екендігі өзінен-өзі түсінікті. Осы басқарманың дін саласындағы жұмысты мемлекеттік тапсырыс арқылы жүргізуде өткен жылғы «былықтырған» тірлігі күні бүгінге дейін соттың қарауында жатыр. Соcын көріп-біліп отырып, биылғы мемлекеттік тапсырысты да былықтырып жатқаны бұл басқарманың басиесіз қалғандығынан шығар-ау, әсте.

Бүгінде портал арқылы жарияланатын тапсырыстың үтір, нүктесіне дейін ел-жұрттың көз алдында тұрады. Заңбұзушылықтын үлкен-кіші, жуан-жіңішкесі деген болмайды. Көз жұмбайлық жасауға ешқандай басшының қақы жоқ. Солай бола тұра, жығылған жардың жағасында жүрген басқарманың қазіргі басшысының міндетін атқарушы Р.Жүнісованың биылғы «былығын» қалай түсінеміз? Әлде құзыреті күшті жақтың «тықсыруынан» дегеннің рас болғаны ма?

Мәселе, қазақтың бірінің тырнағының астынан бірі кір іздеп, «қырқысып» жатуында емес қой. Басқарма жұмысы уақыт талабымен үндесіп жатса, жұрт ерігіп отырған жоқ шығар-ау.

Ө.Шөкеев облысқа әкім болып келгеннен кейін, ел аузында бірқатар басқармалар біріктіріледі дегенге үміттене қарағандандар аз болған жоқ. Шындығында да, дін істері басқармасы сияқты аты бар да, заты жоқ, жеке шаңырақты мекемелер керек пе еді, өзі? Оның үстіне облыстағы діни ахуал да қалыпты жағдайда.

Біздер үшін облыстық ішкі саясат басқармасында «Дін істері» бөлімі жұмыс істеп тұрса соның өзі де жетіп жатқан жоқ па? Ішкі саясат басқармасының жұмысын ұршықша иіріп отырған, оның алғыр ойлы да, іскер басшысы Б.Тәжібай жаңадан қосылған бөлімді еш қиындықсыз-ақ дөңгелетіп кетер еді.

Сала жұмысын жүргізудің тәртібі күшейіп, «Дін істері орталығының» тәжірибелі де, білікті мамандары жүйеге түсірген істерін одан әрі жақсартуға мүмкіндік алар еді. Қалай болғанда да қатып қалған қастандықты қойып, көштің түзелуін ойлаған жөн шығар. Халыққа керек руханият – оның басқарма деген атында емес, оң нәтижелі істерінен көрінсе керек.

Әділ Мұратбеков

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.