ТҮРКІСТАНДЫҚТАР ПРЕЗИДЕНТТІҢ БАСТАМАСЫН МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ ДЕП БАҒАЛАДЫ

Бүгін ел Президенті Қасымжомарт Тоқаев Қазақстан халқына Үндеуін жариялады. Үндеуде мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Президенттігіне кезектен тыс сайлау 2019 жылдың 9 маусымында өтетінін айтты. «Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды ойдағыдай сәтті әрі тиімді іске асыруымыз керек. Қазақстан – демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады.   Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Түркістан облысының зиялы қауымы және үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері  Президенттің бұл бастамасын ел үшін маңызды қадам деп бағалап отыр.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауын өткізуге байланысты жариялаған Үндеуіне қолдау білдіремін. Қазақстанды алда үлкен істер күтіп тұр. Дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін аянбай еңбек ету керек. Осы мақсаттарды іске асыру үшін алдымен мемлекет басшысын сайлап, алдағы бес жылда еліміздің саяси-экономикалық бағытын кім жүргізетінін айқындап алуымыз керек болып тұр. Өйткені Қазақстанға бүгінгі таңда ең басты керегі саяси-экономикалық тұрақтылық пен қоғамдық келісім және бейбітшілік болып отыр.

Биліктің ауысуы конституцияға сай жүзеге асырылды. Енді ата заң бойынша жаңа президент сайланады. Бұл ретте таңдауды жасайтын – халық. Сондықтан мұндай ауқымды да маңызды саяси шараға ел тұрғындары немқұрайлы қарамауы тиіс. Өзінің азаматтық көзқарасын білдіріп, сайлауға қатысуы шарт деп білемін.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үндеуінде Қазақстанды демократиялы мемлекет, сайлаудың әділ өтетініне кепілдік беретінін, кезектен тыс сайлау өткізуге Елбасы да, Премьер-министр де, Парламент те, Конституциялық кеңес те, саяси партия жетекшілері де қарсы еместерін атап өтті. Сондай-ақ Президент елмен кездескенде қарапайым халық, зиялы қауым, бизнес өкілдері және инвесторлар дұрыс жолмен келе жатқанымызды айтқандарын жеткізді. Сондықтан еліміздің әрбір саналы азаматын алдағы сайлауға жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Өйткені ел болашағы сіз бен  біздің таңдауымызға байланысты», – дейді облыстық «Азаматтық альянс» төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Шәріпбек Жамалбеков.  

Ал, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  жазушы Мархабат Байғұт сайлаудан ел үлкен үміт күтетінін айтады.

   – Биыл еліміздің саяси өмірі өзгерістерге жыл болды. Оның ішінде Елбасының өкілеттігін тоқтату туралы шешімін  көпшілік әділ деп бағалады. Неге десеңіз, ішкі саяси тұрақтылықты сақтап, бағытымызды айқындауда бұл өзгерістің орны ерек. Мінекей, Президент сайлауын кезекті рет өткізу мәлімдемесі де жарияланды. Біз болашағымызды айқындарда өткенімізге қарауды  ұмытпаған  елміз. Тәуелсіздік  бізге қандай жеңісімен  келді? Әлем алдындағы асқақ беделіміз бен  еңселі экономикамызды айтпағанның өзінде қазақ руханияты үшін  елеулі оқиғаларға толы болды. Оның ішінде, күллі адамзат, бүкіл дүние жүзінің өркениетті қауымы, барша ел  назар аударарлықтай әлемдік деңгейдегі,  парасаттың шырқау биігіндегі пайымдар ортаға салынды.  Нақты ғылыми деректерге сүйеніп, жаһандық тарихтағы Ұлы Дала елінің, қазақ ұлтының, Қазақстан республикасының орны мен рөлі жан-жақты айқындалды. Бүкіл байтағымыздың рухани жаңғыру барысында алдағы уақытта нелерді және қалай жүзеге асыру керектігінің тағлымды тұжырымдамасы жасалды.  Түркістан қаласын облыс орталығына айналдыру арқылы күллі түркі жұртының туын төрімізге тікті. Оның болашағы, Әл-Фараби мен Ахмет Ясауи бабаларымыз, батырлар  жыры, қызғалдақ пен  сиверс алмасына дейін  айрықша мән берілуі қаламгерлерге қанат бітіреді.

Осындай жарқын  кезеңдерді бастан  кешіріп отырған еліміз  алдағы сайлаудан  мол үміт, келісті келешек күтеді. Ол үшін  ауызбірлік қағидасы ауадай қажет. Кемеңгер еліміз  өз Президентін сайлауда бұл жолы да қателеспейді деп  ойлаймыз, – дейді жазушы.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.