Қарғыс атқан махаббат

Менің жасым ол кезде 20-да болатын. Алматыдағы беделді оқу орнында оқып жүргенмін. Әке-шешем маған оқуымды бітірген соң орналасатын жұмыс орнын да сайлап қойған. Бір сөзбен, менің болашағым керемет болуы керек еді, егер оны кездестірмегенімде…
Мен оны есім кете сүйдім. Ол да мен оқитын университетті бітіріп жатқан еді. Біз танысқан кезде оның жүретін қызы бар болатын. Ол менің өзіне ғашық екенімді байқап жүріпті. Кейін құрбымнан менің ата-анамның беделді қызметте істейтінін, менің зәулім үйде тұратынымды сұрап біліп алса керек. Мен бұл туралы ештеңе білген жоқпын. Сондықтан, ол бірден өзгеріп, мені үйге дейін шығарып салып, жүретін қызымен айырылысып кеткенін айтқанда, көңіліме ешқандай күдік алған жоқпын.
Осылай біз кездесе бастадық. Мен бақытты едім. Арада бір ай өтпей ол әкемнің алдынан өтіп, маған үйленгісі келетінін айтты. Әкеме де менің таңдауым ұнап, үйленуімізге келісімін берді.
Көп ұзамай тойымыз дүркіреп өтті. Әкем бізге қаладан пәтер мен көлік сатып әперді. Күйеуімді де жақсы жұмысқа орналастырды. Күндердің күнінде аяғым ауырлап, дәрігерлер бізге ұлымыз болатынын айтты. Менің бақытымда шек болмады. Бірақ…
Бәленің бәрі осыдан кейін басталды. Күйеуім жұмыс пен іссапарларын сылтауратып, үйге жиі қонбайтын болды. Мен бәріне түсіністікпен қарауға тырыстым. Бірақ, жүктілігім алты айға жақындағанда, бір күні құрбым телефон шалып, жаңа ғана мейрамханада менің күйеуімнің бұрынғы жүрген қызымен отырғанын көргенін айтты. Мен қызғаныштан жарылардай болып, көлігіме отыра салып, құрбым айтқан мейрамханаға тарттым. Өз-өзіме ие бола алмағаным сонша, жылдамдықты арттырып жіберіп, жолда бағанаға барып соғылдым. Одан кейінгісі есімде жоқ. Есімді жансақтау бөлімінде жидым. Құрсағымдағы баладан айырылып қалыппын…
Жарты жылдай аурухана төсегіне таңылып жаттым. Дәрігерлердің айтуынша, менің тірі қалуымның өзі құдайдың құдіреті көрінеді, себебі бағанаға соғылғанда, көліктің алды мыжылып кетіпті. Есімді жиған соң да дәрігерлер менің мүгедек болып қалуым мүмкін екенін ескертіпті. Бірақ, мен ақыры орнымнан тұрдым.
Әке-шешеме сол түні көлікке неге отырғанымды айтпадым. Күйеуім асты-үстіме түсіп, тек мені сүйетінін, менің жол апатына түскенімді естігенде, өзінің де жүрегі тоқтап қала жаздағанын айтумен болды. Сол түні расымен де бұрынғы қызымен кездескенін, бірақ, араларында ештеңе болмағанын айтып ақталды. Мен сендім, сенгім келді. Бәлкім, одан айырылып қалудан қорыққан болармын.
Арада бір жыл өтті. Бәрі ұмытыла бастаған. Бірақ, бір күні күйеуімнің бөтен бір үйден шығып келе жатқанын көріп қалдым. Кейін сұрастырып білсем, баяғы «ғашығы» сол үйде тұрады екен. Мен ол қызға барып, бетпе-бет сөйлесейін деп шештім. Бар ойым – отбасымды сақтап қалу болатын. Ал ол мені көре салысымен: «О, ақыры келдің бе? Сатып алған күйеуіңді аңдып жүрсің бе? Ол сені ешқашан сүйген емес. Ол әрдайым тек мені сүйді. Менің жағдайымды жасау үшін саған үйленіп, сенің ақшаңды пайдаланып жүр. Сені әлдеқашан тастап кетер еді, әкеңнен қаймығады. Өзіңе қарашы, сенің қай жеріңді жақсы көруге болады? Жартылай мүгедексің, сенде ақшадан басқа ештеңе жоқ!» деп жымысқылана күлді. Мен ызаға булығып, бар күшіммен оны итеріп жібердім. Ол тепе-теңдігін сақтай алмай, шатқаяқтап барып дәліздегі айнаға соғылып, құлап түсті. Шытынаған айна сынықтары жерге төгіліп, бір бөлігі әлгі қыздың самайына қадалды да, ол бірден тіл тартпай кетті…
Әкем бар беделі мен ақшасын салғанымен, мені арашалап қала алмады. Мен үш жыл мерзімге түрмеге қамалдым. Осы уаыт ішінде күйеуім маған бірде-бір рет келген жоқ. Әкем менің жағдайыма қатты алаңдап, жүрегі ұстап, жатып қалыпты. Мен мұны естігенде, түрмеде өз-өзіме қол жұмсамақ болдым. Бірақ, мені құтқарып қалды.
Қазір жарты жылдан бері үйдемін. Бостандыққа шықты деген аты болмаса, тар қапастағыдаймын, елдің сөзінен қорқып, ешқайда шыға алмай, қамалып жатырмын. Тек әкемді аяғандықтан ғана тірі адамның тіршілігін жасауға тырысамын. Оның сотта тұрып айтқан сөздері есімнен кетпейді. «Мен тек сен үшін өмір сүріп жүрмін, қызым! Егер саған бірдеңе болса, мен өзімді кешірмеймін. Менің бар өмірімнің мәні – сенсің», — деген еді ол. Бірақ, мені осындай жағдайға жеткізген де әкемнің сол маған деген шектен тыс қамқорлығы мен әкелік махаббаты екенін ол кісі түсінер ме екен…
Қалай болғанда да менің одан әрі өмір сүруді үйренуім керек. Бірақ, енді ешқашан менің өмірімде еркек кіндікті болмайды!

Тамиля.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.