Тірісінде бағалай алмадым

Әйелім намазын оқып, үндемей тірлігін істеп жүре беретін. Ал мен ішкілікке қатты құмар едім. Казино, карта сынды ойындарды беріліп ойнадым. Әйелімнің жинаған ақшаларын, алтындарын – бәрін казиноға тігіп жібердім. Өзін талай рет үйден кет деп қудым. Пәтер жалдап, неше түрлі қыздарға барып, жын-ойнақ қып, көңіл көтердім. Дүниеге ұлдарым мен қыздарым келгеннен кейін де үйдің жағдайына бас қатырмадым. Ақшамды оңды-солды шаштым. Балаларыма бір ойыншық, бір киім, тамақ әпермеппін. Барлығы әйелімнің жауапкершілігінде, соның мойнында еді.
Қаншама рет үйге қонбаған кезімде әйелім байғұс үндемей көз жасына ерік беретін. Анам ғана оны жақтап, сөзін сөйлейтін. Ол маған ұрсып, мені талай үйден қуды. Әйелім де анам десе ішкен асын жерге қоятын. Барлығына төзді. Ал мен оған ешқандай жақсылық жасай алмадым. Көп жылаттым. Жүрегін тілгіледім. Анам ғана оның сөзін сөйлеп, сабырға шақырып, жұбататын…
Бірде ол авто­буспен Өске­менге тойға кеткен. Жолда автобус апатқа ұшырап, әйелім сол жерде жан тапсырыпты…
Анам әйелім қайтыс болған соң қатты ауырып қалды. Әйелімнің қазасы бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Мен одан мәңгілік­ке айырылып қалам деп ойламап­пын. Әттең, шіркін, уақытты кері айналдыра алсам ғой. Оны қадірлеп, алақанымда аялап, мәпелеп ұстап өтер едім…
Жаным, мені кешірші… Жатқан жерің жайлы, жаның жәннатта болсын. Тірі кезіңде қадірлей алмадым… Балапандарға бас-көз боламын, бірақ сен жоқсың…

Ерболат.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.