ЖЕТІСАЙЛЫҚ АЛҒАШҚЫ ҚАРБЫЗДАР ЭКСПОРТТАЛА БАСТАДЫ

Түркістан облысы Жетісай ауданы Жайлаукөл елдімекенінің диқаны Совет Тастанұлы бүгін қарбыздың алғашқы 40 тоннасын Ресейдің Новосібір қаласына жөнелтті. Жиырма жылдан бері диқаншылықты кәсіп еткен бағбан наурыз айында 4 гектарға қарбыздың «Атаман» сортын еккен. Қазірдің өзінде өнім көлемі гектарына 30 тоннаны құрап отыр дейді ол. «Ерте қамдансаң, ерте сатасың» деген қағиданы ұстанған Совет Тастанұлы қарбыздың әр келісін егістік басынан 220 теңгеден саудалап отыр.

«Биыл ауданымыздың климаты диқаншылыққа өте қолайлы болды. Соның арқасында наурыз айының алғашқы бескүндігінде пленкалы қарбыз ектік. Егістік алқабының әр гектарына шамамен 1 млн теңгеден шығын шығардық. Ауа-райының қарасқандығынан бүгін міне алғашқы өнімімізді саудалап отырмыз», – дейді Совет Тастанұлы.

Диқанның қарбыз алғашқы өнімі емес. Бұдан 15 күн бұрын ол 4 гектар қырыққабат алқабынан 100 тоннадан астам өнім алып үлгерген. Келісін 150-180 теңгеден сатыпты. Артынша мақта егіп, яғни бір жерге екінші дақылдың дәнін сеуіп отыр.

Қазіргі таңда «С-Тастаната» шаруа қожалығының егістік алқабында 50-ге жуық ауыл азаматы жұмыс істеуде. Олардың әрқайсысына күндігіне 3-4 мың теңгеден ақы төленеді.

Биыл Мақталы ауыл округінде 8385 гектар егістік алқап бар. Оның 285 гектары қарбыз, 730 гектары қауын, ал бақшаның жалпы көлемі 1300 гектарды құрайды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.