Әке мен бала әңгімесі
– Әке, маған сұрақ қойыңызшы.
– Балам, үйдің алтын қазығы кім?
– Үйдің алтын қазығы – бала.
– Жоқ, балам, үйдің алтын қазығы – ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана тәрбиесі – қызға үлгі, әке тәрбиесі – ұлға үлгі. Ана – ақылшың, әке – қамқоршың, аға – қорғанышың, інің – сүйенішің, қарындасың – қанатың екенін ұмытпа.
Балам, жоқты бар, ашты тоқ ететін кім?
– Әке, жоқты бар, ашты тоқ ететін – мейірімді әке.
– Жоқ, балам, әке қанша мейірімді болса да, ананың жаны бөлек. Ашты тоқ, жоқты бар ететін ол – ана. Анасыз бала ұйықтамайды, қатықсыз айран ұйымайды.
Ал, балам, өмір сүру үшін не қажет?
– Әке, өмір сүру үшін алтын, ақша, мал қажет.
– Жоқ, балам, өмір сүру үшін су, от, тұз, қыз, ақыл қажет. Су – тіршіліктің нәрін береді, от – өмірге жалын береді, тұз – астың дәмін келтіреді, қыз – өмірдің сәнін келтіреді, ақыл – өмірдің мәнін келтіреді.