АУҒАННЫҢ ЖАРТАС ДАЛАСЫ, ЖҮРЕКТЕ – ҚАЛДЫ ЖАРАСЫ

Осыдан отыз жыл бұрын, он бесінші ақпанда КСРО жауынгерлерінің шектеулі контингенті Ауған елінен шығарылған еді. Бұл саясат дегенді қойсайшы, бес-алты адамның шешімі қаншама отбасыға қасірет болып оралды. Ананы – баладан, баланы – бауырдан айырды. Әлі күнге дейін сол соғыстың зардабын тартып жүргендер бар. Бірақ, қалай айтқанда да, жауынгерлер сенімді ақтады.

Дегенмен, зер сала отырып, батырлық та жастық шаққа тән екенін ұққандай боласың. Оқ бораған қанқұйлы соғыста сағы сынбаған сарбаздардың ерлігіне тәнті боласың.

Сол ерлікті жасағандардың бірі, ауған соғысының ардагері, Жетісай аудандық білім бөлімінің қызметкері, белгілі заңгер Әлібек Шүкірбаевтың да айтар өз шындығы бар.

«1979 жылдың мамыр айы еді, — деп бастады Әлекең әңгімесін. – Жетісай аудандық әскери комиссариятынан әскерге алындым. Алғашқы алты ай Украинада болдық. Әлі есімде, 26 желтоқсанда командир Ауғанстанмен шекаралас Термез қаласына баратынымызды ескертті. 1980 жылдың алғашқы күндерінде Термезде болдық. Көп аялдамай ұшаққа отырып, Ауғанстанның Баграм деген жеріне келіп, одан көлікпен Кабулға жеттік».

Кеңес әскерлері – Кабулдағы маңызды объектілерді күзетеді. Әлібек Шүкірбаев бастаған жауынгерлер ауған еліне хабар тарататын телерадио кешенін бақылауға алады. Дегенмен, жүрек шіркін алда бір алапат соғыстың болатынын сезетін сияқты. Жергілікті халықтар да «шуравилердің» шамадан тыс көбейіп кеткенінен секем ала бастайды. Ауғанның халқы екіге бөлініп, бірі Кеңес өкіметін өздерінің құтқарушы, одақтасы ретінде қабылдаса, енді бірі бұларды шекараны заңсыз бұзып өткен басқыншылар деп біледі. Ал, дүние жүзінің алтыдан бір бөлігіне билігі жүретін КСРО да өздерінің осал емес екенін аңғартқысы келгендей, бұл елді өзінше билей бастайды. Тіпті, 23 ақпан – Кеңес армиясының күнін Ауғанстан астанасында дүркіретіп тұрып атап өтеді. Әлекеңнің айтуынша, сол күні Кабул аспаны айдай жарық болған. Себебі, арнайы алдыртқан мерекелік отшашулар бірінен соң бірі атылып, парашютпен жарықшамдар ұшырылып, Кеңестер одағы ауған еліне де өз әмірін жүргізетінін ишаралағандай еді. Бірақ, «өліспей беріспейтін» ауғандағы Әмин әскерлері де бұл кезде өз әрекеттерін жасап жатты.

«Мамыр айында Қапшағайдан арнайы жасақталған әскери бөлім келіп, оларды Жалалабад деген жерге жайғастырды» дейді Ә.Шүкірбаев.

Әр он күн сайын рейдке шығып, тау-тасты аралап қайтатын жауынгерлердің де арасында оққа ұшып, жарақат алу сияқты келеңсіз жағдайлар жиілей түседі. Ауғанстанның ауа-райы тым ыстық болғандықтан, жергілікті халық күндіз онша көріне бермейді. Тек түннің бір уағына дейін тыным таппай ұрыс қимылдарына әзірлік жұмыстарын жасайды. Оларды бақылауға алу кеңес әскерлеріне жүктелгендіктен жауынгерлер шұғыл жиналып, тауға жиі шығып тұрады. Алдыңғы шепте әдеттегідей «каскад» жүреді. Бұл топтағылар – тәжірибелі әскерилер. Олардың киімдері де басқаша, анау-мынау оқ өтпейді. Тау аралап жүріп дұшпандардың ұясының үстінен түсетін кездері де аз емес. Ондайда атыс-шабыс болады. Бірер сағатқа созылып, су сепкендей басылады. Бір-жар жауынгердің жараланғаны болмаса, анау айтқандай адам шығыны жоқ. Сөйтсек, соғыстың көкесі алда екен. Ол күндерін кейіпкеріміз былайша еске алады.

«Шілде айының аяғына таман Жалалабадта қырғын соғыс басталды. Сенесіз бе, сол соғыс қазан айына дейін саябырсымады ғой. Түннің бір уағына дейін атыс болып, ертеңіне жауынгерлерді түгендейміз. Оқ тиіп, ажал құшқандарының тізімін жасап, мүрдесін елге жөнелтеміз. Бірде «Тұтқындағы әскерлерді Пәкістанға алып бара жатыр» деген сыбыс шықты. Кабул мен Сурабидің арасында алып тау бар. Соны асып түссек, тұтқындағы жауынгерлерді аман алып қалуымызға болады. Дұшпандар көбіне «шуравилердің» жолын аңдып, ұрымтал тұста ұрыс салады. Тауға қарай біршама өрмелегенде аяқ астынан атыс басталды. Ондайда сені құтқаратын Тәңірден басқа тау тастары ғана. Жата қалып, жан сауғалауға көштік. Төменде БТР-лар күтіп тұр. Оны өз тілімізде «Коробка» дейміз. Соған жетсең, жаныңның қалғаны. Кеудеге, басқа оқ тимесе болғаны, аяқ-қолға қарауға мұрша жоқ. Қарша бораған автоматтың оғы жартасқа тиіп, құлақ шыңылдатады. Әр тастың түбін паналап жатқан жауынгердің оққа ұшқаны да, жанталасып жатқандары да бар. Бірер сағатқа созылған соғыс бізге қосымша көмек келгеннен соң көп ұзамай сап тиылды. Ес жиып, жанымыздағыларды түгелдей бастадық. Көш бастап келе жатқан Зверов деген замполит қолына граната ұстаған күйі жан тапсырыпты. Шамасы, соңғы демі қалғанша дұшпанның келуін күтіп жатқандай. Бізде соңғы «шанс» ретінде өз-өзіңді жарып жіберуге үйрететін. Яғни, өлуден басқа амалы қалмаған жауынгер жауды қапсыра құшақтап, бірге жарылып өледі».

Иә, өз басыңды өлімге тігу… Соған саналы түрде бару… Бұл айтуға ғана оңай шығар. Әрине, ауған соғысы жайлы аз айтылмайды. Әйгілі «Девятая рота» деген кино түсірілгенін де көпшілік біледі. Бірақ, қан майданның қақ ортасында жүрген адам ретінде Әлібек Шүкірбаев бұл картинаның тым әсіреленіп кеткенін айтады.

«Одан гөрі маған «Жаркая лето Кабула» деген кино ұнайды. Сюжеттерінде, эпизодтарында шындық бар. Бәрі болмаса да шындыққа біршама жанасады.Рас, әркім өз білгенін, көргенін айтады. Алған әсерімен бөліседі. Өз басым ауған соғысын араның ұясын бұзып ойнайтын баланың қылығына ұқсатам».

Бір жарым жыл өмірін ауған даласында өткізген Әлекең сол күндерінен әліге дейін түс көргендей әсер алады. Тіпті, өзінің емес, өзгенің өмірін, кинодан, кітаптан оқығандай болады екен. Күнделікті соғыс, кеше ғана қасыңда жүрген жанның өлімі адам психологиясына кері әсер етпей қоймаса керек, шекарадан өткенге дейін өзінің тірі келетініне күмәнмен қарағанын жасырмайды.

«1981 жылдың 5 шілдесінде мен Жалалабадта едім. Ауылға қайтуға аз күн қалған. Аман-есен үйге оралуды ғана ойлаймын. Біреуі өзін соғыс көрген батыр ретінде елестетіп жүр. Соғыстың аты – соғыс! Бүгін тыныш болғанымен, ертеңіне ойламаған жерден оққа ұшуың мүмкін. Осындай ойда жүріп, шекараға да жеттік. Термездегі қошеметті көрсең… Кеше ғана үрей мен үміт қатар жайлаған жүрегіміз бейбіт елдің бақытына қызыға қарайтындай. Біз көрген соғыс, міне, осындай».

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.