Ел елеусiз, халық қараусыз болмайды
Газетіміздің 29.03.2019 ж.№12 санында Жетісай ауданының тынысындағы кейбір келеңсіздіктерге байланысты сыни материал жарияланған болатын. Бір беттік сараптамалық сыни материал жариялаудағы мақсатымыз –Жетісай ауданын «жау шапқандай» етіп көрсету емес, аумақтың тыныс-тіршілігіне қозғау салып, басшысынан қосшысына дейін ұйқысынан ояту болды.
Жалғыз Жетісайда ғана емес, соңғы жылдары өңірімізде мемлекеттік органдардың халықпен жұмыс істеуде немқұрайлылыққа жол беріп отырғаны бес жасар балаға да белгілі болып қалды. Қарапайым халықтың «жанайғайын» елемеу, тіпті, «соның қолынан не келедіге» дейін менсінбеушілікті көрсетудің бел алып кеткеніне ойлы көзбен қарауды «ат үстіндегілердің» есіне салғымыз келді.
Аудан әкімі сол аумақтың жеке дара қожайыны. Ел сенімінен шығуды мойнына алғандықтан, аумақтағы кез-келген келеңсіздіктен тысқары тұрып, «әр мекеменің өз басшысы бар» деген сілтеменің қисынға келмейтінін ұмытпағаны жөн.
Әкімнің қатаң талапшылдығы сезілмеген жерде, мемқызметкер айылын жимаса, әкімнің орынбасарлары мен аппарат басшысы, бөлім басшыларының әкімге шын жанашырлығы болмай, берекесіздік, ел ішіндегі ырың-жырың, намыссыздық етек алатыны хақ.
Газетімізде өз бауырларымыздың беталдылыққа кеткен сорақы тірліктеріне шынайы жанашырлықпен қарап, бүкпесіз сыни пікірлеріміз жарияланғаннан кейін, аудан басшылығының тиісті нәтиже шығарғандығына дән ризалығымызды білдіреміз. Жетісайдың терісін біз илемейміз, сондағы басшылық қызметте жүрген азаматтар ойлансын.
Газет сынынан кейін, бірінші жеке кәсіпкер Ж.Жұбатовқа атқарған жұмысына төлеуге тиісті 1 млн. 100 мың теңге төленген. Еңбек адамына тиісті ақша, қолма-қол санап берілген.
Екінші, Жетісайдағы «былықтың» ботқасын қайнатқан Т.Рысқұлов атындағы мектептің директоры Д.Ақылбаева 01.04.2019ж бастап атқарып жүрген қызметінен шеттетілген.
Мектеп директорының заңбұзушылыққа жол беру фактісінің тексерілу барысы алдағы уақытта газет редакциясының басты назарында болады.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Т.Мырзалиевтің осы лауазымдық қызметте бір күн де отыруға моральдық, тіпті, заңдық құқығы жоқ екенін аудан әкімі Ж.Бейсенбаевтың есіне тағы да саламыз. Біз жалған ақпар жарияламаймыз және сөзімізге де жауап береміз. Бір қазақтың баласын сотты ету мақсат та емес. Т.Мырзалиев өз өтінішімен кетсе, сонда ғана құтылуы мүмкін екендігін де жасырмаймыз.
Жетісай аудандық ІІБ-нің кейбір қызметкері лауазымдарын асыра пайдаланып, 3 ұстазды негізсіз қорлауға дейін барған болса, оған қатысты жазаны аудандық
ІІБ-ға жаңадан келген басшылары береді деген сенімдеміз. Ауданда заңбұзушылық орын алған соң, оны бұрын болған еді деген сырғытпа жауап болмаса керек.
Жетісайда сең қозғалғандай болды, жақсылық жағына. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың билікке халқымен етене жұмыс істеуге берген тапсырмасы ауданда өміршеңдігін табуы керек-ақ.
Ә.Мұратбеков