Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Министрлікте басшы ауысқан сайын реформа жасайды

Ауылдық жердегі, шалғай елді мекендегі тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасы, жүйелі жұмысы қаншалықты екенін айтылды. Бұл саладағы аталған қызмет түрінің сын көтермейтіні қынжылтады. Ең алдымен, ауылдық жердегі денсаулық сақтау нысандарының тозығы жетіп, құлауға шақ қалуы дабыл қақтыратын мәселе. Статистикалық мәлімет бойынша, еліміздегі медициналық құрал-жабдықтардың 90 пайызға жуығы тозығы жеткен, пайдалану мерзімі әлдеқашан өткен. Ақтөбе, Атырау, Жамбыл облыстарындағы жағдай тіпті сорақы, медициналық құрал-жабдықтардың ескіру көрсеткіші 90 пайыздан да асып түседі. Күлесің бе, жылайсың ба?

Менің ойымша, министрлікте басшы ауысқан сайын реформа жасай беру, жаңа бағдарлама енгізе бергеннен көктеп кетпейді. Одан гөрі бұрыннан кетеуі кетіп, түйіні шешілмей келе жатқан ауқымды мәселелерді кезең-кезеңімен ретіне қарай жүйелі түрде шешу қажет. Екі жыл бұрын күллі әлемді уысында ұстап, бүріп жіберген ковид кезінде бұл саладағы әлеуетіміз қаншалықты екені айқын көрінді. Ауылдық медицинаны көтереміз десек, шалғай елді мекендерге барып жұмыс істейтін мамандарға төленетін үстемеақыны қалалықтарға қарағанда көтермелеп қойса, жас кадрлар жұмыс істеуге ықыласты болады деп ойлаймын. Есіме түсіп отыр, облыс орталықтарында жедел медициналық жәрдем қызметін орталықтандыру мәселесі де өзекті бүгінгі күнде.

jasqazaq.kz

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.