ҒАЛАМ ҒАЖАЙЫПТАРЫ: Хрусталь бассүйектердiң құпиясы

(Соңы. Басы өткен санда).

Ғалымдарда бұл хрусталь бассүйектерді ежелгі адамдар емдік мақсатта және әлдебір жоралғыларды өткізу үшін қолданған деген болжам бар. Зерттеушілер хрусталь бассүйектердің адамдарға әсер ететін түсініксіз қасиеті барына сенімді. Бір қызығы, ол әркімге әртүрлі әсер етеді: біреулерінің бойын үрей билесе, екіншілері өздерін қолайсыз сезінеді, ал үшіншілері ғажайып бір ләззатқа бөленген. Бұл артефактқа жақындаған сәтте есін жоғалтып немесе жадынан айырылып қалғандар да болған. Тіпті бассүйекке қол тигізу арқылы ауыр дертінен айыққандар да табылды. Көп адам алғашқы бассүйекті тауып алған жас қыз – Анна сияқты түсініксіз түстерді көрген.

Экстрасенстердің айтуынша, хрусталь бассүйектер адамды гипноздық жағдайға түсіре алады екен. Мұндай кезде адамның көз алдында иісі мен дыбыстары анық сезілетін айқын елестер пайда болатын көрінеді. Бұл елестердің барлығы өткен шаққа да, болашаққа да қатысты болған. Куәгерлердің бәрі бірауыздан сондай елестерді көрер алдында бассүйектің іші жарық шашқан ақшылтым тұманға толғанын айтады.

Көптеген көне қолжаз­баларда бір жоралғы туралы айтылады. Онда 13 абыз бір мезетте «өз» бассүйегіне қарап, оқиғаның болған уақытына қарамастан кез-келген құпияны көре алатын болған. Сонымен бірге бассүйектерден үндістерге киелі білімнің көзін ашып, математиканы, астрономияны және жақсы астық алуды үйреткен Кукулькан құдайдың бейнесін көруге болатын көрінеді.

Зерттеушілердің бірі: «Егер бассүйекке мұқият қараса, күміс қоңыраулардың күмбірін, түсініксіз тілде ән салып отырған адамдардың баяу, бірақ анық дауыстарын, сыбыр-күбір мен әртүрлі тарсылдарды естуге болады. Түнде майялардың қасиетті жануары – ягуардың ақырғаны да естіледі»,- деп жазыпты.

Бұл түсініксіз оқиғалардың бәрі қызықты болжам жасауға алып келді – хрусталь бассүйектер психикалық қуатты пайдалану арқылы жұмыс істейтін қабылдау-тарату құрылғысы болуы мүмкін және бұл аппараттар ойды елеске айналдырып жеткізе алатын болса керек. Бұл құрылғылар тек жер бетіндегі ғана емес, басқа ғаламшарлардағы «ерекше» адамдармен байланысуға да көмектескен болуы ғажап емес. Тіпті хрусталь бассүйектердің бұл қасиеттері бүгінгі күні де жойылмаған деген болжам бар. Экстрасенс Стар Джонсонның сөзіне сенсек, ол бассүйектің көмегімен әлдебір жерден тыс өркениетпен байланысқа түсіп, өзіне мүлдем бейтаныс тілде сөйлей бастаған. Бұл ежелгі атланттардың тілі болуы да мүмкін.

Хрусталь бассүйекті майялардың ежелгі қала қирандыларының арасынан тауып алған бай саяхатшы Хосе Индикез айтты дейтін мынадай да бір әңгіме бар: егер бассүйекті бір қолда қатты қыса ұстап тұрып, тілегін дауыстап айтса, ол міндетті түрде орындалады екен. Бұл рас па, жоқ па, белгісіз, әйтеуір Индикездің өзі өте бақытты да бай өмір сүрген. Бірақ ол дүниеден өткен соң, оның қолындағы бассүйек жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен…

Франциядан табылған тағы бір «олжа» да зерттеушілердің басын қатырып отыр. Бұл «үш текшеден тұратын түсініксіз шыны аппарат» үнемі ну ормандары, әдемі тас қорғандары мен алуан түрлі кемпірқосақтары бар ғажайып көріністі көрсетіп тұрады екен. Ғалымдардың айтуынша, XVII ғасырда табылған бұл заттың ол кезде жасалуы мүмкін емес. Тіпті қазір де. Өйткені, мұндай технология адамзатқа әлі таныс емес.

Әрине, ғалымдар хрусталь бассүйектердің ерекше қасиеттеріне қандай да бір түсінік беруге тырысып бағуда. Бірақ, олардың бәрі әзірге тек болжам ғана. Сондай болжамдардың біріне сүйенсек, хрустальдың сыртқы оқиғаларды сақтап қала алатын өз жадысы бар, ол сол жадының көмегімен бұрынғы оқиғаларды жаңғыртып отырады. Ал бассүйектердің арагідік жарқырауы кристалл бөлшектерінің бір энергетикалық жағдайдан екіншісіне өтуімен түсіндіріледі. Кристалдардың құрылымы өте көптеген ақпараттарды мәңгі сақтауға мүмкіндік береді. Ал хрусталь бассүйектер өте «нәзік» диапазонда есте сақтау қабілетіне ие. Яғни, олар адамның көңіл-күйі мен ментальдық ақпараттарды сақтап қала алады. Сондықтан, хрусталь бассүйектер түс көрген кезде ой-елестерді күшейтіп, сәуегейлік жасауға қолданылған болуы мүмкін.

Әрине, бұл ғажайып артефакттардың жұмбақ қасиеттері әлі де жалғаса береді. Бірақ, оның сыры ашылған жағдайда адамзатты не күтіп тұр, ол жағы беймәлім.

Дайындаған К.ТІЛЕПОВА.

 

«Қазақстан жолы» газеті, №38 (683) 13.10.2018 жыл.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.