ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР, ҚАЖЫРЛЫ ҚАЙРАТКЕР

Қоңыр күздің алғашқы айында  егемен елімізге етене танымал жампоз журналист, жауһар жазушы, дарынды драматург, білікті баспагер, қажырлы қайраткер  Захардин Қыстаубаев мерейлі жетпіс жасқа толды.

Захардин Қыстаубаев 1948 жылы 10 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы ауылда дүниеге келген. Жалпы, сол кездегі «Ленин туы» ұжымшарынан көптеген журналистер шыққан екен.

Шынтуайтында, бұл ауылдан шыққан  Нұрабай, Нармахан (Бегалыұлы), Захардин (Қыстаубаев), Нұриддин (Шәмшиев), Шаһаризада (Дәнеева),  Өмірзақ, Ильичбек (Мұртазаев), Асқар, Ғалым  секілді  тілшілер  көп еді. Захардин Қыстаубаев 1973 жылы Алматыдағы Сергей Миронович Киров  атындағы Қазақ мемле­кет­тік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) журналистика факультетін және  Марксизм-ленинизм университетінің кешкі бөлімін бітірген. Ұзақ жылдар бедерінде баспасөз саласында жемісті қызмет етіп, бірқатар аудандық, қалалық, республикалық басылымдар мен баспалардың бас редакторы, директоры болып қызмет істеген.

Ол 1966 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін еңбек жолын облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында корректорлықтан бастаған. Орта мектепті енді ғана бітірген өзін жұмысқа қабылдаған жауапты хатшы (редактор емес)  Мыңбай Ілесовтің   батыл әрекетіне  әлі күнге дейін қайран  қалады. Сөз орайы келгенде облыстық газеттің тізгінін ұстаған кешегі Кәрім Үкібаев та, бүгінгі Абай Балажан да кезінде   корректор болып жұмыс істегенін  тілге тиек ете кетейік. Жалпы, бұл газетте қызмет еткендердің арасынан Омарбай Малқаров, Жолдас Ақбердиев, Қалмахан Анарбеков, Мейірбек Ақынбеков, Мұхтар Шаханов, Исраил Сапарбай сияқты айтулы ақындар мен Жұмабек Еділбаев, Амантұр Мұсаев, Жұмамұрат Тұяқбаев, Мархабат Байғұт, Захардин Қыстаубаев тәрізді қаламы қарымды  жазушылар шыққанын мақтаныш сезімімен айта аламыз.

1967-1974 жылдары Захардин Қыстаубаев Бөген аудандық «Комму­низм таңы», Сайрам аудандық  газеттерінде әдеби қызметкер, аудармашы, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып істеген.  1974-1977жылдары  облыстың бас басылымында аудармашы, әдеби қыз­меткер, жауапты хатшының орынбасары, 1977-1982 жылдары Леңгір аудандық «Ильич жолы» – «Путь Ильича» (қазіргі «Төлеби туы»), сондай-ақ қалалық «Кентау правдасы»–«Кентауская правда» (қазіргі «Кентау») газеттерінің редакторы қызметін атқарды.

Сол бір кезді жадына түсірген Захаң өзінің бір естелігінде: «…Бір қызығы, қазір ойлап қарасам, мен де бір кездері Пәйіз Кәдеев сияқты жұмыс істеппін. Көрген-естігендерімді қайталаппын. «Ұяда не көрсең, ұш­қанда соны ілесің» дегендей, Бөген аудандық «Коммунизм таңы» («Ор­дабасы оттары») газеті – менің негізгі ұшқан ұям, ал редактор Пәйіз аға шын мәніндегі ұстазым болыпты. Алматыда түрлі қызметте болдым, тіпті министрлікте, Жоғарғы Кеңесте жауапты қызмет атқардым. Ең бастысы – Пәйіз ағадан тәлім-тәрбие алған болатынмын. Менің басты университетім осы еді. Шетелде оқу, Гарвард, Кембрид­ж, Оксфорд,  Ломоносов университеттерін бітіру біздің маңдайымызға жазылмады. Біздің кезімізде Назарбаев университеті де жұмыс істеген жоқ. Бірақ мен өз университетімді солардың ешқайсысына айырбастамас едім…», — деп  жазғаны бар.

1982 жылы Захардин  Қыстаубаев арман қала – Алматыға қоныс аударып, алдымен республикалық  «Жалын» баспасында, кейіннен «Жазушы» баспасында редактор, аға редактор, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитетінде редактор болып қызмет еткен. Қаһарлы Желтоқсан оқиғасының жанды куәгері болған жағдайы бар. 1987 жылы арнайы шақырумен Қазақ КСР Мәдениет министрлігіне ауысып, жетекші редактор лауазымында қызмет істеген. 1992 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне аға референт қызметіне шақырылған. Ал 1994 жылы  республикада тұңғыш рет заң әдебиеттерін шығаратын арнайы «Жеті жарғы» баспасын ұйымдастырушылардың бірі болған. Сондағы  бас директордың бірінші орынбасары әрі бас редакторы қызметін абыроймен атқарған. Сөйтіп, жаңа саланың қалыптасып-дамуына өзіндік сүбелі үлесін қосқан. Бес жылдан кейін осы ұжымнан бөлініп шыққан «Өркениет» баспасының директоры болған. Алматыда мемлекеттік қызметте жүріп қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, Алматы қаласының Кеңес  ауданындағы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы  ретінде  ана тіліміздің шынайы  жанашыры екенін танытқан. Орыстанып бітуге айналған қалада қазақ мектептері мен бала­бақшаларын ашу, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру жолындағы бүкілхалықтық қозғалыстың басшылық құрамына еніп, қыруар тірлік тындырған.

Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін республикалық «Жас Алаш» газетіне қызметке орналасып, газет бетінде халықтың ой-пікірін ашық та айқын жариялауға, демократияны дамытуға атсалыса жүріп Елбасының сарабдал саясатының дұрыстығына көз жеткізген. Бұдан кейінгі кезеңде қандай басылымда жүрсе де халықты және жоғары билік саясатын қызу қолдаған.

2008 жылдан бері Шымкенттейін шырайлы шаһарда тұрады. Республикалық «Айғақ» газетінде үш жыл бас редактор болған. Кейіннен қалалық «Шымкент келбеті» – «Панорама Шымкента» газеттерінде директор-бас редактор қызметін атқарған. Сөйтіп, ұзаққа созылған айтыс-тартыс, соттасудың салдарынан банкротқа ұшырап, біржолата жабылып, дүние-мүлкі талан-таражға түскен газетті қайта ашып, қысқа мерзімде аяғынан тұрғыза білген.

Зейнетке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмастан  «Оңтүстік Рабат», «Жебе», «Қазақтар-ХХІ», «Уақыт», «Саясат-ақпарат», «Әділет»  секілді бірқатар басылымдарда  басшылық қызметте  болып, олардың қалыптасып-дамуын қамтамасыз ете білген. Бүгінде республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің директоры-бас редакторы қызметін абыроймен атқаруда.  Шымкентте шығатын «Қазығұрт» журналы редакция алқасының мүшесі. Қарапайым тілмен айтқанда, республикалық жетекші газет-журналдардың қай- қайсысында да Захардин Қыстаубаевтың журналистік қолтаңбасын кезіктіруге болады. Ұзақ жылдардағы елеулі еңбегі ескеріліп, Қазақстанның Құрметті журналисі, Ордабасы ауданының Құрметті азаматы атанған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Оның алғашқы мақалалары, сықақ өлеңдері мен әңгімелері сонау бір оқушы кезінде аудандық, облыстық газеттерде жариялана бастаса тырнақалды туындысы–«Қос рельс» атты әңгімесі 1969 жылы республикалық «Жалын» жастар альманағында жарияланыпты. 1972 жылы «Жазушы» баспасынан «Ақ түн» деп аталатын алғашқы кітабы шыққан. Бірқатар әдеби конкурстардың лауреаты атанған. 1975 жылы жастар мен балаларға арналған әдеби көркем шығармаларға жарияланған бәйгеде Қадыр Мырза Әли мен Күләш Ахметоваға екінші сыйлық, Захардин Қыстаубаев пен Жүсіпбек Алтайбаевқа үшінші сыйлық берілген екен.  Осыдан-ақ жас та болса хас таланттың  орда бұзар отызға жетпестен қазақ әдебиетінің классиктерімен иық теңестіретіндей деңгейде қалам сілтей алатынын аңғарамыз. Әр жылдары  оның «Ережепбай Молдабаев», «Бәйте­рект­ер» (1977),  «Жүректегі жүзік» (1987), «Алматының ақ жауыны» (1991), «Сүйріктің махаббаты» (1998), «Бозінген», «Жазмыш», «Қос мұңлық» (2003) деп аталатын кітаптары жарық көрген. Драматург ретінде «Таң­шолпан», «Аспиранттың ақ шымылдығы», «Егіздің сыңары» пьесалары егемен еліміздің бірнеше театрында сахналанған.

Захардин Қыстаубаев  елімізге  кәсіпқой баспагер ретінде де танымал тұлға. Өзі кітап шығарып қана қоймастан, бірқатар  авторлардың сан түрлі тақырыптағы әдеби көркем туындыларын редакциялап өңдеп, баспа бетін көруіне аянбай атсалысуда.

Кемшілік пен келеңсіздікті, жағымпаздық пен жалпақшешейлікті көргенде төзгісіздік көрсетеді. Үлкен-кіші, лауазымы жоғары-төмен демей ақиқатын айтып салады. Осылайша өзінің қайсар да өжет мінезімен турасын айтып, туғанына жақпай жүрген кезі де аз емес. Оның сондай ізгілікті қасиеттерді өзінің әріптестерінен де күтетіні әбден заңды.

Халқымызда «Алпысқа келгенде алдыңда жүрер алты ағаң болсын, жетпіске жеткенде жетегіңде жүрер жеті інің болсын!» деген тамаша тәмсіл бар. Захардин Қыстаубаев асқаралы алпыс жасқа толғанда оның алдында Еркінбек Тұрысов,  Байдулла Қонысбек, Нармахан Бегалыұлы, Есқара Тоқтасынұлы , Мархабат Байғұт,  Бекет Тұрғараев тәрізді арқасүйер ағалары жүрді. Иншалла, бүгінде олардың бәрі әлі де дін аман. Өкінішке орай, Захардин Қыстаубаев етене жақын араласқан  Ерсінбек Қойбағаров, Жұмабек Мұқанов секілді қаламдас достары бақилық болып кетті. Жетпістің жотасына шыққанда оның  жанында  өнегелі тәлім-тәрбиесін көрген ілтипатшыл інілері жүр. Өзімнен бастап, Момбек Әбдіәкімов,  Нұрхан Сұлтанбай, Тұтқабай Фазылбеков, Дәурен Әбдіраманов, Аман Жайымбетов, Мұрат Рәшевті солардың санатына қосар едік.

Міне, біз білетін, айрықша құрметтеп-сыйлайтын қарымды қаламгер, қажырлы қайраткер Захардин Қыстаубаев  осындай сегіз қырлы, бір сырлы  әмбебап жан. Жөні бөлек, жосығы ерек, орны айрықша  атпал азамат. Әзіз әріптесімізді жетпіс жасқа толған мерейтойымен шынайы құттықтай отырып, оған ұзақ  ғұмыр, зор денсаулық,  шығармашылық шалқар шабыт, толағай табыс  тілейміз!

Әбдісаттар ӘЛІП,

 Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі

 

«Қазақстан жолы» газеті, №35 (680), 22.09.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.