ҚҰРАНШЫЛАР – ҚАУІПТІ АҒЫМ

Құраншылар алғашқы іс-әрекетін ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында бастады. Құраншылар идеологиясының негізі алғаш рет Үндістанның Солтүстік бөлігінде (қазіргі Пәкістан жерінде) қаланды. Құраншылар атауы жөнінде әртүрлі пікірлер білдіреді. Кейбір ғалымдар оларды “Құраншылар” деп атауға болмайды, себебі бұл атау “Құран Кәрімнің үкімдері мен ережелерін толығымен орындайтын топ” деген мағынаны береді деп топшылайды.

Бүгінде пайғамбарымыздың сүннетін, хадистерін мойындамайтын «Құраншылар» деген жаңа ағымның қауіпті екенін қаперде ұстаған жөн. Жалпы олардың өздерін «Құраншылар» деп атауы да қисынсыз. Өйткені «Құраншылар» деген сөз «біз Құранды дұрыс түсініп, әр ісімізде оны басшылыққа аламыз» дегенге саяды.

Біздіңше бұл топтың өздерін бұлай атауларының астарында Құранды өздерінің теріс әрекеттеріне пайдалану әрекеті жатқан сияқты. Сондықтан оларды «Құраншылар» дегеннен гөрі «Сүннетті мойындамайтындар, хадистерді жоққа шығаратындар» дегеніміз дұрысырақ болады. Бұл жайлы Қазандық ғалым Мұса Жаруллаһ (1874-1949) өзінің «Китабус-сунна» атты кітабының кіріспесінде: «Бұлардың өздерін «Құраншылар» деп атауының жалғыз себебі – Құранды бізге жеткізген Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннетін жоққа шығаруы болмақ. Бұлардың кейбіреуі Құранды қорғаған боп Алла елшісінің (с.а.у.) сүннеттерін жоққа шығарғанын байқадым. Бұлардың өздеріне мұндай лақап ат тағулары Құранды келеке етуден басқа ештеңе емес»,-деп, атауына лайық емес топтың көздегені ізгілік емес екенін айқын аңғартады.

Құраншылар Ислам тарихында Құранды рацоналдық жолмен түсіндіруді дәріптеді. Осының негізінде құраншылардың ішкі бөлігінде пайда болған хауариждер, мұхтазила, муржия, шийіттер сияқты ағымдардың пайда болуына алып келді. Бұл ағымдар Ислам үкімдеріне және сенімдеріне қауіп төндіріп отыр.

Құраншылар өздерінің иде­ологиясында Құранды тек ақыл­мен түсіндіруді дәріптей отырып, ақылды Құран нақылдарынан жоғары қойды. Құраншылар идеологиясының негізін қалаушы Мырза Ахмед Хан болды. Оның толық есімі Саид Ахмед Хан ибн Ахмед Мирулмуттақа ибн Имад Әл-Хусайни. Ол Ислам ғұламаларының дәстүрлі ұстанымына қайшы ұстанымды қалыптастырды. Сөйтіп хадисті қабылдауға мүлдем орындалмайтын шарттар қойып, көптеген хадистерді жоққа шығара бастады.

Құранның тәпсірін жасауда көптеген Исламның дәстүрлі қалыптасқан ережелері мен ұстанымдарына қайшы пікір-  лерді алып келді.

Құраншылар бағыты жалпы Исламның дәстүрлі ұстанымдары мен ережелеріне жауап бермейтіндігімен ерекшеленеді. Себебі Ислам тарихында мұсылман қауымы Пайғамбар сүннетін ерекше бағалап, ұстанумен келеді.

Құраншылардың ең негізгі дәстүрлі ұстаным мен идеологияға қайшы келетін пікірі мынау: «Дін мен шариғаттың үкімдерін баяндап, бекіту үшін сүнниттің ешқандай керегі жоқ, Құранның жалғыз өзі жетіп артылады».

Осылайша ислам әлеміндегі дәстүрлі дін ұстанушылары арасында түрлі кереғар ойлар қалыптастырады. Дін ұстануда мұндай ағымдардан сақ болуымыз қажет

 Ұ.Маймақова,

 «МӘҢГІЛІК ЕЛ» қоғамдық бірлестігінің заңгері.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.