Қысқы бет күтімінің ерекшеліктері
Біздің аруларымыз қыстық бет күтімінің ерекшеліктерін жақсы білулері керек. Себебі қыста бет терісі суыққа, желге, жауын-шашынға, үйдегі пештің не батареяның қызуына тап болып, осының бәрі терінің құрғап, қартаюына алып келеді. Сондықтан бикештеріміз бет терісін күтудің қыстық түріне көшулері керек.
* Бұл әрекет бетті дұрыс тазалаудан басталады. Бетті алдымен лосьонмен, косметикалық сүтпен тазалап, сосын тоникпен сергітесіз. Осы аталған құралдардың үшеуін де қолдану керек, әйтпесе тері дұрыс тазармайды.
* Содан соң арнайы сатып алынған қыстық иісмайды жағасыз. Кейбір косметологтар түнгі иісмайды күндіз (нәрлендіру үшін), ал күндізгі иісмайды ылғалдандыру үшін түнде жағуды ұсынады.
* Тағы бір маңызды жайт – иісмай үйден шығудан 1-2 сағат бұрын жағылуы тиіс. Көшеге 5 минутқа шықсаңыз да ерніңізге гигиеналық не косметикалық далап жағыңыз.
* Қыста да күннен қорғайтын көзілдірік кию – көздің айналасына әжім түсуден сақтайды.
* Қыстық масканың ерекшелігі – оларға көбіне өсімдік майлары қосылады. Жылы кезде бетке масканы аптасына 1–2 рет жасау керек болса, қыста жиірек: 2–3 рет жасау ұсынылады.
Банан маскасы
Бананның төрттен бірін езіп, оған 1 шай қасық нәрлендіргіш иісмай қосып, 2–3 тамшы лимон шырыны мен зәйтүн майын тамызып, бетке жағасыз.
Сүзбе маскасы
Екі шай қасық майсыз сүзбені 1 шай қасық қою шаймен және осындай мөлшердегі зығыр майымен араластырасыз.
Лимон маскасы
1 шай қасық лимон шырынын 1 шай қасық майлы иісмаймен және жарты шай қасық қаймақпен араластырасыз.
Ақуыз маскасы
Жұмыртқаның ақуызын көпіршітіп, оған 1 шай қасық лимон шырынын, ұсақ туралған лимон қабығын және 2 шай қасық кебекті қосасыз. Бұл маска майлы теріге арналған.
Алма маскасы
1 шай қасық алма шырынына 2 шай қасық сүзбе қосып, оған жұмыртқаның сары уызының жартысын, 1 шай қасық камфара майын араластырасыз.
* Егер жазда шөлдегеннен суды қажетті мөлшерде ішсеңіз, бұл әдетті қыста да ұмытпау керек: ағзаңыздағы қажетті су мөлшерін сақтау үшін күніне 2 литр су ішіңіз. Ол бетіңізге мезгілсіз әжім түсуден сақтайды.
«Массагет».